Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СҮЙІКТІ МҰҒАЛІМ

СҮЙІКТІ МҰҒАЛІМ


Менің сүйікті ұстаздарым өте көп. Алайда, көңілі пәк, ойы нәзік шәкірттерінің жүрек нұрынан өз жемісінің өнімін көруге асыққан бағбан, білім деңгейімен ерекшеленген ұстаз қазақ тіл білімі саласының ерен жүйрігі, сырлы сөз зергері, мектебіміздің мақтанышына айналып отыр. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу – Айман мұғалімнің айрықша қасиеті. «Тас қияға өрлеген» ұстаздың сол қасиетінің арқасында талай шәкірттері небір республикалық, халықаралық білім додаларында таудың ұшар басындай биіктерден көрінді. Бұл – Айман ұстаздың көп жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі, жемісі әрі жеңісі.
Айман Асарбекқызы – тәжірибесі мол ұстаз, сонымен қатар қазақ тілінің жанашыры. Елбасымыз айтпақшы, «Қазақ тілі – тәуелсіздігіміздің төртінші белгісі». Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында өткір ойлы ұстазым талай істерді атқарды. Мен апайға сенім артатын оқушыларының бірімін. Осыдан байқағаным, менің жанымда ол кісідей үлгі тұтар адамым бар. Мен жоғарыда айтылып кеткен ұстазымның асыл қасиеттерін өзімнің де бойымнан табылғанын қалаймын. Мен ұстазым сияқты алға қойған мақсатыма жеткім келеді. Ал менің мақсатым – туған елімнің шарықтап-көріктеуіне өзімнің бір тамшыдай болсын үлесімді қосу, Абай айтпақшы, осы дүниеге кірпіш болып қалану. Сондықтан да «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мен біздің алтын ұямызда Айман ұстаздай ұлы мұғалімдердің болғанын мақтан тұтамын.

Айша АМАНГЕЛДИЕВА,
№37 мектеп-лицейінің
10-сынып оқушысы
09 сәуір 2019 ж. 2 482 0