Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Озат оқушылардың жарқын жетістігі

Озат оқушылардың жарқын жетістігі

Мереке қарсаңында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы жарияланып, сырдариялық озат оқушылар жарқын жетістікке жетті. Ақпан айының 26-сы мен нау­рыз айының 1-і аралығында Тараз қаласында ұйымдастырылған ғылыми жобалар конкурсына 19 секция бойынша 679 жобамен 867 оқушы қатысқан.

Қорытынды кезеңде №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің оқушылары аудан ғана емес, Қызылорда облысының абыройын асқақтатты. Республикалық кезеңде Ақнұр Оразбай мен Үміт Қойшыбаева Қазақстанның экономикасына жаңа серпін беретін жобаны сауатты қорғап, таныстыра білді. Комиссияның оң бағасына ие болған қос оқушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І дәрежелі дипломымен және алтын медальмен марапатталды. Сонымен қатар «Алматы менеджмент» университетінің 100% тегін оқу грантын жеңіп алды. Білім мен ғылым бәйгесіне баптап қосқан жүйріктердің олжамен оралуы жоба жетекшісі Ләйлә Сағымбаеваның еселі еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

– Оқушылардың білімі мен белсенділігін бір арнаға тоғыстырып, биікке жетелеу әрі қиын, әрі қызықты жұмыс. Жауапкершілігі жоғары осы жұмыстың нәтижесі бір жылда емес, бірнеше жылда белгілі болады. Ал ұстаз Ләйлә Сағымбаеваның өзі де, оқушылары да соңғы жылдары оқ бойы озып келеді. Білікті мұғалім оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру, нарықтық экономика жағдайында сауатты маркетингтік зерттеу жүргізу, бизнес-жоспар әзірлеу және нарыққа SWOT талдау жүргізу бағытында нақты нәтижеге қол жеткізіп келеді. Бұл жолы да республиканы бағындырып, үлкен жетістікке жетті. Бұл мектеп-лицейіміз үшін айтулы жетістік, – дейді №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің директоры Үміт Жұмабаева.

Айта кету керек, конкурстың республикалық кезеңінде қатысушыларға тарихи ескерткіштер мен мұражайларға мәдени-танымдық экскурсиялар мен ойын-сауық іс-шаралары да ұйымдастырылған.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
07 наурыз 2024 ж. 413 0