Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала жанының білікті бағбаны

Бала жанының білікті бағбаны

Кішкентай кезде мектеп табалдырығын алғаш аттатып, күлімсіреп күтіп алып, қалам ұстатқан мұғалім әркімге ыстық. Бейтаныс әлемнен бейхабар шақта әріп танытып, білім көкжиегінде жаһанды кез­діретін – ұстаз. «Менің атым – Қожа» фильмінде Рахманов ағай: «Оқушы деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ. Тек жаға білу керек» дейді. Оқушылардың шамшырағын жағып жүрген ұстаздың бірі – Құралай Маханәлиева.

Бала бастауышта қалай қалыптасса, болашағы да сонымен тікелей байланысты. Осыны білетін аманкелділік бі­лікті ұстаз ширек ғасырдан аса уақыт балаларды білім нәрімен сусындатып келеді. №42 Қ.Баймағанбетов атын­дағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі оқушы қолына қалам ұс­татып, әріп танытуда тәжірибесі мол. Сондықтан да ұстаз жоғары санатты пе­дагог-зерттеуші.

– Ұстаздық жолды таңдауыма ал­ғашқы ұстазым, Ұлы Отан соғысының ардагері Жаманқұлов Сүлеймен ағай ықпал етті. Сол кісіге қарап бой түзе­дік. Мектеп қабырғасында «Кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жа­за қалсақ, ойланбастан «мұғалім боламын» деп жазатынмын. Мұғалім бо­лу оңай емесін біліп, сол мектепте жүр­генде-ақ көп іздене бастадым. Ау­дан­дық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр­дім. Мектеп бітіргеннен кейін ұстаз бо­луға талпындым, – дейді бастауыш сынып мұғалімі.

Бұрынғы №42 В.И.Ленин атын­дағы орта мектепті тәмамдаған соң Қ.Ма­ханәлиева бір жыл ауылда егін егу саласында еңбек еткен. Облыс орталығындағы Қорқыт ата мемле­кет­тік университетке егемендік алған жылдан кейін оқуға түседі. Бала жаны­ның бағбандарын даярлай­тын жоғары оқу орнында да ауыл бой­жеткені бі­лімімен, белсенділігімен көп­шіліктен дараланған.

Оқу орнын ойдағыдай бітірген соң жас маман ауылдағы мектепте ең­­­бек жолын бастайды. Алғашқыда тео­­­рияны тәжірибемен ұштастырып, ба­­ла оқытуға машықтанса, кейіннен сынып­­қа жетекшілік етіп, білікті ұстаз атан­ған. Өзі білім алған мектепте бі­лім дәрежесінің көтерілуіне сол кезден бас­тап тынымсыз еңбек етіп жүр. Бүгінде оның алдынан өткен шәкірттері алдын кеспей, әріп танытқан ұлағатты ұстазға әркез құрметі мен ілтипатын көрсетіп келеді. Тіпті қалам ұстатқан шәкірттері қазір жоғары білім алып, өзінің ізін қуып, ұстаздық қызметті ат­қаруда. Бұл – мамандық төресін таң­даған ұстаз үшін зор мақтаныш.

– Ұстаз ретінде мектепке қабыл­дан­ғаннан түрлі білім бәсе­келеріне қа­тысып келемін. 2011 жылы «Үздік бастауыш сынып мұғалімі-2011» бай­қауына қатысып, аудандық кезең­де бас жүлде, облыстық кезеңде ІІІ орын иелендім. Ал өткен жылы аудан­дық «Үздік бастауыш сыныптағы жа­ра­тылыстану пәнінің мұғалімі – 2021» байқауына қатысып, І орынды жеңіп алдым. Облыстық кезеңге де қа­тысып, жүлделі І орынға ие болып, аудан мерейі үстем болды. Бұл же­тіс­тіктерімді көп жылғы еңбегімнің жемісі деп білемін, – дейді білікті ұстаз.
Білгір мұғалімнің тәжірибесі мол екенін әріптестері жақсы біледі. Оның сабақ беру тәсіліне, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісіне мектеп ұжымы мен ауыл халқы қанық.

– Құралай апай ұжым мақтанышы саналады. Бастауыш сынып мұғалімінің оқушыларды тәр­­биелеуде өзіндік тә­лімі бар. Мектеп табалдырығын енді ат­­таған бал­ғын­дарды білім көкжиегіне сам­­ға­­тып, білім нәрін себеді. Сол себеп­ті де біз­дің ұжымда ол кісінің ор­ны бөлек. Тәжірибелі ұстаз білік­тілігін арттырып, жетістіктерге жетіп келеді. Сондай-ақ шәкірттері де білім бәсекесінде топ жарып жүр, – дейді мектеп-лицей директоры З.Жаманқұлов.

Е.БЕРКІНБАЕВ


02 сәуір 2022 ж. 562 0