Ұлағатты ұстаздың биік белесі
Қалдыгүл Бодыбаева – бастауыш сынып мұғалімі. Ұстаз саналы ғұмырында шәкірттерге білім мен тәрбие беріп келеді. Жалпы еңбек өтілінің 29 жылын педагогикаға арнаған ардақты ұстаз С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектепте қызмет етеді.
Жалпы білім мен тәрбие берудің негізі – бастауыш сыныпта қалыптасады. Әлемі бөлек мектепте бұғанағы қатаймаған балаға алғашқы ұстазы әріп танытып қана қоймай, оның бойындағы қарым-қабілетін ашып, болашағына бағыт беретін нағыз бағбанға айналады. Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған балаға бастауыш сынып мұғалімі тіпті екінші анасына айналатыны рас. Яғни, балаға алғашқы сатыда қалай білім мен тәрбие берілсе, оқушы одан арғы кезеңде өзін тұлға ретінде қалыптастырады.
– Бастауыш сынып мұғалімі ретінде қызмет атқарып, жүздеген шәкіртті тәрбиелеп, өсірдім. Жыл сайын осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметте жүріп, ұстаз болу – үнемі өзіңді жетілдіру, іздену, білім алу деген екенін ұғындым. Себебі қазіргі кезде ұстаздарға қойылатын талап пен жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Оқушыға білім беруде тың әдістерді пайдалану ізденісті, шығармашылық қабілетті талап етеді. Әсіресе, оқытудың жаңа технологияларын тиімді пайдалану маңызға ие. Барлығын білгісі келіп, әрнәрсеге қызығушылық танытатын баланың білімге деген қызығушылығын арттыру мұғалімнің үнемі әдіс-тәсілдерді жаңартып отыруына байланысты. Сонымен қатар жас жеткіншектерді түрлі байқауларға қатыстыру арқылы жұмысыңның нәтижесін көресіз, – дейді ұлағатты ұстаз Қалдыгүл Бодыбаева.
Алдындағы оқушысының жаңаша ойлауына, айналаны танып-білуіне жағдай жасап, ұстаз атты ұлы есімді жоғары қоятын өз ісінің білгірі Қалдыгүл Кеңесбайқызы әрбір сабағын бір біріне ұқсатпай өткізу үшін ізденіп, жеке тұлғаның дамуына жол ашуға бағыт-бағдар беруді мақсат етеді. Жас шәкірттерін ең алдымен туған елін, жерін, Отанын сүюге, адамгершілікке, тазалыққа, адалдыққа баулуды өзіне парыз санап, ата-анасынан, ұстаздарынан алған адами қасиетімен үлгі болып келеді.
– Көпбалалы отбасында туып өстім. Ата-анам қарапайым жандар. Әкем Кеңесбай ауылда жұмысшы болса, анам Ұлжалғас менің институтты бітіргенімді де көрмей 55 жасқа қарағанда дүниеден өтті. Мектепте оқып жүргенімде алғашқы ұстазыма еліктеп ұстаз болуды армандадым. Ұстазым Тұрсынай Мырзағалиева өте керемет жан болатын. Апайға қарап, алдыма мақсат қойдым. Яғни өмірлік ұстанымым бала жанының бағбаны болып, жүрегіне жол салу болды. Өмірдегі өкінішім, егіздің сыңары Рахаттан небәрі 33 жасында айырылып қалғанымыз. Өмір өз ағымымен өте беретіні ақиқат. Мамандық таңдауда еш қателеспедім. Қазір мұғалімдік жолмен абыроймен келемін. Қандай да бір жетістікке жетсем, ол ең алдымен ата-анамның берген батасы, ұстаздарымның берген білімінің жемісі деп білемін. Ал әке орнына әке, ана орнына ана болған аға-жеңгелерім Болат пен Зүбайраның, Марат пен Рабиғаның орны біз үшін бөлек. Оларға айтар алғысым шексіз. Қазір өзім де 3 ұл мен 1 қыздың анасымын. Бір келінім бар. Жалпы ана, ұстаз ретінде айтарым, өмір сүре білген адамға өмірдің өзі керемет тосын сыйға толы деп айтар едім. Сондықтан оқушыларымды үнемі тек алға қарай ұмтылуға тәрбиелеймін, – дейді Қалдыгүл Кеңесбайқызы.
Педагог-зерттеуші санатындағы ұстаз отыз жылға жуық еңбек өтілінде көптеген жетістіктерге жетті. Олардың қатарындағы соңғы бес жылдың ішіндегі жетістерінің өзі бір төбе. Атап айтар болсақ, облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен», Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің «Құрмет грамотасымен», ҚР БҒМ «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының «Құрмет грамотасымен», аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті «Құрмет грамотасымен», «ПОНИ» халықаралық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындағаны үшін диплом, «Шамшырақ» республикалық зияткерлік олимпиадасында жүлдегер шәкірт дайындағаны үшін «Алғыс хатпен», «Рухани жаңғыру – табысты болашақ кепілі» облыстық семинарға белсене қатысқаны үшін «Алғыс хатпен», облыстық семинарда үздік сабақ көрсеткені үшін аудандық білім бөлімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен қатар «Бала дарын» жасөспірімдер байқауы жобасына дарынды шәкірт дайындағаны үшін диплом иеленсе, 2022 жылы мақаласы Қызылорда облысы педагогтарының үздік еңбектері жинағына енді. Екі мәрте «Алтын белгі» иегерінің алғашқы ұстазы атанып, мерей мәртебесі артты.
Ұстаз үшін шәкірттерінің жетістігі бір төбе. Осы орайда соңғы бес жыл ішінде оқушылары талай бәйгеден жеңімпаз атанғанын айту керек. Мәселен, «Зерде» конкурсының облыстық кезеңінде 3 сынып оқушысы Кәусар Кенжебекқызы ІІІ орын, 2-4 сынып оқушылары арасында «Бастау» ХІІ республикалық математикалық турнирінде оқушысы Ернар Сайлау ІІ орын иеленді. Сондай-ақ, 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының аудандық кезеңінде математика секциясы бойынша оқушылары А.Құдайберген мен А.Орысбаева ІІ орын алса, А.Сайлау 2-4 оқушылары арасындағы «Бастау» республикалық математикалық турнирінің І кезеңінде жүлделі І орын алды. Аруназ Сайлау осы турнирдің облыстық кезеңінде алғырлығы мен зеректілігі үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.
– Әріптесім Қалдыгүл Кеңесбайқызының әр сабағы оқушыларға білімді жүйелі жеткізуге, пікірталас жасауға жағдаят туғызудан тұрады. Өзінің жұмысында бала бойындағы ерекшеліктерді ескере отырып, олардың қызығушылығын оятып, өз бетінше жұмыс жасауға машықтандырады. Әріптесімді оқушыларын шығармашылыққа тәрбиелейтін ұшқыр ойлы мұғалім ретінде құрметтеймін. Әр сабағында инновациялық технологияларды тиімді пайдаланып, жаңалыққа толы қызықты, тартымды етіп өткізе білетін, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз. Осындай жұмыстарының нәтижесінде, шәкірттері ғылыми жобаларда, пәндік олимпиадаларда, шығармашылық жарыстарда жоғарғы көрсеткіштерді көрсетіп келеді. Жас ұстаздарға бағыт-бағдар беруге, жаңалықтарды ізденуге жалықпайды, – дейді әріптесі Марина Прмаханова.
«Жас бала жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» дейді дана халқымыз. Қазіргі кезде оқу мен тәрбие саласына қойылатын міндеттің қатарында – талабы таудай дарынды жеке тұлғаны тәрбиелеу тұр. Сондықтан да бастауыш мектепте оқушыға білім беріп қоймай, оны жалпы дамыту, ойын дұрыс әрі ашық жеткізе білуге қалыптастыру болып табылады .
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, ауыл мұғалімі Қалдыгүл Кеңесбайқызы шәкірттеріне өнеге тұтар ақылшысы, жол бастар жанашыры болып келеді. Осынау жауапты жұмыста іскерлік пен жаңа технологиямен жұмыс істеуге дағдыланған ұлағатты ұстаздың алдынан әлі талай білімді шәкірт шығары сөзсіз. Биік белестерді бағындырып келе жатқан ұстазға шығармашылық сәттілік тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ