Ұлағатты ұстаздардың лайықты ізбасары
Шығармашыл ұстаздың шығар шыңы қашанда биік. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген жан алғашқы ұстаздың тәлім-тәрбиесін ешқашан ұмытпайды. Мектеп партасына отырған сәттен балаға 42 әріпті үйрететін мұғалімнің көргені мол болуы тиіс. Жас кезінен ұстаздық кызметтің барлық қасиетін жадына тоқыған Айжан Әлиева ағартушылық саланы тереңнен меңгере түсуде. Қазіргі уақытта бастауыш сынып мұғалімі ретінде ол әрбір шәкіртінің үлкен өмірге қадам басуына аянбай қызмет етуде.
Талай мәрте еңбек адамын тудырған, олардың даңқын асқақтатқан Нағи Ілиясов ауылында Әлиевтер отбасының қалыптасқан өнегелі жолы бар. Білім саласының майталман мамандары Әбілда Әлиев пен Қатира Байманова №132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектепте қажырлы еңбектерімен танылған жандар. Мәуелі бәйтеректей жайқалған отбасының 4 қызы ата-анасының жолын қуған. Ұстаздар әулетінің туын жықпаған Айжан Әлиева «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсілді ақиқатқа айналдырған. Алғашқы қызметтік баспалдағын өзі оқыған мектепте бастаған ұстаз 2009 жылы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейге бастауыш сынып мұғалімі ретінде қызметке орналасады.
– Ата-анам шәкірттеріне ұстаз бола жүріп, адалдық қасиетті берік ұстанды. Әкеміз ағылшын тілі, әскери дайындық пәндерінен оқушыға дәріс берді. Өмірінің соңына дейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін өз деңгейінде үйлестіре білді. Өкініштісі, арқасүйеріміз 5 перзентінің қызығын көрмей өмірден ерте өтті. Ал анамыз зейнет демалысына шығам дегенше ағылшын пәнінің мұғалімі, оқу ісіне жауапты орынбасарлық лауазымын лайықты түрде атқара білді. Үйдегі жалғыз ұлдан басқамыз болашақ жейтін нанымызды ағартушылық саладан таптық. Қашанда кісі алдында байсалды қалпынан таймайтын дара қасиетімен ерекшеленетін анамыз педагогика саласындағы тәжірибесін бізбен ұдайы бөлісіп отырады. Білмегенімізді үйретіп, жол нұсқай біледі, – дейді ұлағатты ұстаздардың ізбасары.
Ғасырлық тарихы бар білім ұясында халық баласының сауатын ашқан Айжан Әлиева осы кезге дейін үш сыныпқа бастауышты бітірткен. Өткен жылы алдыңғы сыныбынан түлеп ұшқан шәкірттері арасынан 4 оқушы «Алтын белгі» иесі атанса, 3 оқушы «Қызыл аттестатқа» қол жеткізді. Бұл ретте, үздіктер қатарынан көрінген бітіруші түлектердің алғашқы ұстазына «Біркөлік» шипажайына демалуға жолдама берілді. Сонымен қатар білікті ұстаздың дарынды оқушылары «Зерде» ғылыми жобасына қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Республикалық «Ақберен» байқауында бірнеше оқушысы бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді. «Дарын» мен «Кенгуру» байқауынан, «1000 бала» зияткерлік орталығының ұйымдастыруымен Абай оқулары, «Бала дарын» атты республикалық М.Мақатаев оқулары байқауынан білім алушылары даралануда. Өткен жылы облыстық семинарда білікті маман өзі секілді әріптестеріне тәжірибесін бөлісіп, сабақ өткізді. Әркез жан-жақтылығымен танылған ардақты ұстаз ата-аналармен берік байланыс орнатады.
– Баланың алғыр, зерек болуы – бастауышта берілген терең білімнің арқасы деп білемін. Бүгінде білім саласы цифрландыру бағдарламасына көшкен. Осы күні 1 сынып оқушыларына сабақ беремін. Өзімнің қызметімді қиындығымен, сан алуан күрделілігімен байланыстырамын. Алдағы уақытта электронды кітап жарық көріп, бала сауатын жаңа әдіс-тәсілмен арттыруға мүдделі боламыз, – дейді тәжірибелі маман.
Айжан Әлиеваның жолдасы Талғат Сәдуақасов та – ұлағатты ұстаз. Үйдегі отағасы аудандық өнер мектебінде домбыра сыныбына жетекшілік етеді. Жалпы Айжан Әбілдақызы республикаға танымал өнерлі отбасының келіні. Есімдері белгілі Сансызбай аға мен Ханшайым апаның инабатты қызындай болған Айжан Әлиева – 4 перзенттің анасы. Білім саласындағы елеулі реформаларға қарым-қабілеті арқылы төтеп беретін Айжан сияқты кадрлар іргелі білім ошағына қай кезде де керек.
Балтабай ОРДАБЕКОВ