Білім саласының майталман маманы
Халық баласын оқытуда қажыр-қайратын жұмсай білген Мейрамкүл Серікбаева – білім саласының майталманы. Ұстаздық қызметтің ұлағатын сезініп, аға буыннан тәлім алған білімді педагогтың өмір жолы өнегеге толы. Қаншама жыл ағартушылық қызметтің қыр-сырына қаныққан шәкірттерінің ардақтысы өзінің ұстаздарын жол бастаушы ретінде көреді. Талай уақыт мектеп оқушыларына тәлім-тәрбие берген аяулы жанның педагогика саласындағы еңбегі ұшан-теңіз.
Мейрамкүл Серікбайқызы қарапайым отбасында дүниеге келген. Қыз күнінен білімге құштар жан ұстаз болуды армандайды. Адал еңбекке негізделген мұғалімдік қызметтің жүгін айқын сезінеді. Әрине, кеңпейілді, жүрегі таза ауыл қызының ойлаған барлық мақсаты ағартушылықпен байланысты болғаны көпшілікке аян. Қазіргі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейден білім алған кейіпкеріміз сүйікті мамандығына қызығушылықты ұстаздарынан көрген тәлім-тәрбиесі арқылы оятады.
– Отбасымызда біз әкенің ұлағатын, ананың шапағатын көріп өстік. Ата-анамыз түзу жолмен жүруді, үнемі оқуды, тынбай ізденуді талап ететін. Сонда біздің болашағымыз үшін алаңдаушылық білдіретіні жасырын емес еді. Мектеп қабырғасында жүргенде Сақыбек Алданазаров, Ұлтай Болғанбаева, Дәмеш Мамытбаева, Жоламан Ерманов сынды білімді ұстаздар педагогика мамандығының иесі атануыма ерекше септігін тигізді. Әрине, өмірлік жолымда ағай-апайлардың болмысы, өздерінің ұстауы, тектілігі, сабақ берудегі методикасы мамандығымыздың нағыз майталманы болуға ұмтылдырды. Көркем әдебиетке біздің буын өте жақын болды. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атандым. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін ұстаздық қызметім бастау алды, – дейді ардақты ана.
Жалпы Мейрамкүл Серікбайқызы В.Гоголь атындағы пединститутты бітіргеннен кейін тереңөзектік Аманкелді Есқалиевпен отбасын құрады. Ал алғашқы еңбек кітапшасы осыдан 44 жыл бұрын ашылған ұлағатты ұстаз «Жалын» тынығу лагерінде тәрбиеші болып жұмыс жасайды. Содан кейін өз мамандығы бойынша «Қызылдихан» орта мектебінде оқушыларға сабақ береді. Іргелі білім ордасында мол тәжірибе жинақтап, шығармашылықпен айналысуға машықтана білді. Өз кезегінде басшылықтың ұйғарымымен білікті ұстаз тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметін жоғарғы деңгейде жүзеге асырады.
– Ауыл балаларының тәрбиесіне жауапты болу – үлкен міндетті жүктеді. Еңбеккеш балаларға Ресей федерациясына саяхат демалысын ұйымдастырып, тәрбие жұмысын жандандыра алдық. Мүмкін басшылық қарым-қабілетімді басқаша сынағысы келген болар. Маған аудандық білім бөлімінің бас инспекторы қызметін жүктеді. Сондай-ақ әдістемелік кабинетінің меңгерушісі лауазымын сеніп тапсырды. Мұнда аға буын өкілдерінен білмегенімізді үйреніп, білім саласының бүге-шүгесіне қанықтық. Жастық жігермен әрбір қызметте белсенділік таныттық. Атаулы мектеп ашуға жұмыс жасадық, – дейді өз ісінің білгірі.
Ұлағатты ұстаз зейнет демалысына шығам дегенше №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде қажырлы еңбек етті. Орыс сыныбындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Мейрамкүл Серікбайқызы өзге ұлт өкілдерінің балаларын шығармашылыққа баулыды. Оның шәкірті Мария Лаврова өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген республикалық байқауда ІІІ орын иегері атанды. Айта кетейік, білім саласының ардагері әлі күнге білім ордасымен байланысып отырады. Оның ұлы Нұрлан Есқалиев «Сырдария» мұнай компаниясында тау-кен инженері болып қызмет етеді. Келіні Майра Есқалиева – ағылшын пәнінің мұғалімі. Қазіргі уақытта ақ жаулықты ананың немерелері ата-ана үмітін ақтап, өз саласының мықты маманы атануға талпынуда.
Балтабай ОРДАБЕКОВ