Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ардагер тағдырындағы Чернобыль

Ардагер тағдырындағы Чернобыль

Осыдан тура 38 жыл бұрын, нақты айтқанда 1986 жылдың 26 сәуірінде Украинаның шағын қаласының бірі Чернобыль атом электр станциясында адамзат тарихындағы ең ірі әрі қауіпті техногендік апат болды. Алапат апат салдары қаншама адамның денсаулығына зардабын тигізіп, оның ішінде 7 миллионға жуық адам радиациямен уланып, тіпті қазірге дейін бірқатар елді мекендерде апаттың әсері әлі сейіліп бітпеген деседі. Қаралы күн болып саналатын апат қаншама адамның тағдырын өзгертіп, ешқашан ұмытылмастай із қалдырды.

Адам айтқысыз апат зардабын жоюға бар­лығы 650 мыңнан аса адам қатысқан болатын. Апат зардабын жоюға нақты қанша қазақстандық аттанғаны әлі де белгісіз. Бір деректерде сол 650 мың адамның 32 мы­ңы қазақстандықтар делінген. Чернобыль апаты­ның салдарын жоюға аттанғандардың еңбегі мен ерлігінің арқасында апат ауқымы біршама қысқарған еді. Сырдария ауданы Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Бақыт Алматов – 1986 жылы Чернобыль апатының салдарын жоюға аттанған қазақстандық азаматтың бірі.


Алапат апат салдарын жоюда жанкештілік көрсеткен ардагер Бақыт Алматов – Арал қаласының тумасы. 60 жасты еңсерген ардақты ардагер бала кезінде отбасылық жағдайға байланысты Арал қаласынан Сырдария ауданының С.Сейфуллин ауылына қоныс аударған. Тоғыз жылдық мектепті бітіріп, қазіргі Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде білім алады. Оқуды тәмамдап, Отан алдындағы борышын өтеу үшін 1981 жылы әскерге аттанған азамат 1983 жылы абыроймен оралады. Алғашқы еңбек жолын тракторшы болып бастаған ардагер 1986 жылдың маусым айында Чернобыль қаласын апаттан соң қалпына келтіруге аттанады. Апат зардабын жоюға аттанған ардагер апат салдарын жоюға өз үлесін қосып, азаматтық ерлік көрсете білді. Ерен ерлік көрсеткен азамат елге оралған соң қайта тракторшы жұмысын жалғастырып, кейіннен қарауыл болып жұмыс жасаған. Ардақты ардагер Құдай қосқан қосағы Жұмакүлмен екі қамшыұстар ұлдың ата-анасы атанған. Балаларын өсіріп, тәрбиелеп, сол ұлдарынан тараған тәп-тәтті немерелерінің қызығын көріп отырған жандар бүгінгі күні бейнетінің зейнетін көруде.


– Бірнеше ай бойы Чернобыль айма­ғында жойқын апат салдарын жою жұмыс­тарын атқардық. Апат салдарын жоюға аттан­ғандардың көбісі қайда бара жатқанын, не үшін бара жатқанын білмеді. Дегенмен барлығы еріксіз барды деп те айтуға болмайды. Себебі өз еркімен сұранып барғандар да болды. Аттанар алдында қандай қауіп немесе зардабы бола­тынын ешкім білмеді. Бұл апат қаншама адамның өмірін жалмап қара жамылдырғаны рас.


Түсінгеннің алып біткен мазасын 
Айтшы мұның кімге қиям жазасын?
Радиация үнсіз қырғын жасаған
Шертіп тұрмын Чернобыльдің азасын, – деген өлең жолдары апат салдарын жоюға қатысқандардың жан айқайын жеткізгендей. Қасірет­ке айналған апаттың зардабын жоюға аттанғандардың еңбегі өлшеусіз. Барлығы құрметке лайық деп есептеймін. Себебі барғандардың барлығы қауіп-қатерге қарамас­тан өз өмірі мен денсаулығын құр­бан етті, – дейді Бақыт Алматов.

Қазіргі таңда ядролық апаттың зардабын жоюға аттанған ардагерлердің көбісі түрлі дәрежедегі мүгедектер. Алапат қатерінен басым көпшілігі өмірден ерте озды. Апат зардаптарын жоюға қатысқандардың саны жыл өткен сайын азайып барады. Апат салдары Бақыт Алматовты да айналып өтпеді. Ірі апат зардабы ардагердің денсаулығына кері әсерін тигізіп, өкінішке орай қазіргі кезде 3-топ мүгедегі. Өз кезегінде Чернобыль ардагерлеріне мемлекет тарапынан әркез қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен қоса әр жыл сайын 26 сәуір – Чернобыль құрбандарын еске алу күніне орай, ардагерлерге құрмет көрсетіліп, көптеген іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылады. Одан бөлек мемлекет тарапынан Чернобыль ардагерлеріне қаражат бөлініп, жәрдемақы мен бірқатар жеңілдік қарастырылған. Редакцияға арнайы келген ардақты ардагер Бақыт Алматовтың кеудесі медаль мен наградаларға толы екенін байқадық. Бұл дегеніміз – еңбектің, ерен ерліктің бағаланғаны. Тағы бір айта кететіні көптеген ұсыныстардың нәтижесінде Чернобыль ардагерлері «Ұлы Отан соғысы ардагерлері» мәртебесімен теңестірілген болатын. Бұл Чернобыль ардагерлері үшін қуанышты жаңалық болды. Ерен ерлік көрсетіп, азаматтық борышын өзінің денсаулығынан жоғары қойған ардагерлер бұл мәртебеге әбден лайық.


Алтынай Қайратқызы
23 сәуір 2024 ж. 199 0