«Чернобыль» апатына 35 жыл толды

Іс-шара барысында аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы Ермек Мұратұлы сөз алып, «Чернобыль» апатының адам өміріне қауіп төндірген сәттерін тілге тиек етті.
– Украинадағы «Чернобыль» атом электро станциясының жарылысы кезінде елімізден 32 мың қазақстандық залалсыздандыру жұмыстарына қатысты. Оның ішінде, сырдариялық 43 азамат 1986-1989 жылдары апат болған аумақта әскери борышын өтеді. Радиация қалдықтарын жою барысында сан мыңдаған адамның денсаулығы сыр берді. Қазіргі таңда апат орнында болған ардагерлерді сауықтыру шаралары жүргізіліп келеді, – деді бөлім бастығы.
Өз кезегінде «Чернобыль» апатының ардагерлері бастан өткерген оқиғаларын айтып берді. Қарусыз майдан аталып кеткен апат салдарынан талай адамның қиындық көргенін жеткізді. Жылдар бойы қасірет тартқан көпшілік жағдайын түсіндірді. Ал №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы Әзиза Дайрабай Н.Зененковтың «Память» өлеңің оқып берді. Сонымен бірге «Айнамкөз» күйін шертті.
Айта кету керек, аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы Ермек Мұратұлы «Чернобыль» апатының ардагері Биболат Жантүгеловтің шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Апаттың орын алғанына 35 жыл толуына орай ардагерлерге ілтипат көрсеткен сала мамандарына Биболат Есқалиұлы алғысын айтты.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ