Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиындыққа жігері мұқалмаған

Қиындыққа жігері мұқалмаған

Биыл Чернобыль атом электр станциясындағы ядролық апатқа 38 жыл толып отыр. Осынша уақыт өтсе де оқиғаның жаңғырығы естен кетер емес. Радиациялық апаттың зардабын жоюға көптеген қазақстандық атсалысқан. Оның ішінде, сырдариялық ардагер Шархан Байымбетов те бар.

Менің кейіпкерім 1961 жылы Тереңөзек кентін­де дүниеге келген. Шархан Аппазұлы білімнің қара шаңырағы, сол кездегі №35 М.И.Калинин атындағы орта мектептен білім алады. Мектеп қабырғасын тәмамдағаннан кейін кент орталығындағы сол кездегі СПТУ-да механик мамандығын игереді. Алғашқы еңбек жолын «Қызылдихан» шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс жасаған. Шаруашылық техникаларын шашып-шинап, совхоз жұмысының ілгерілеуіне өзіндік үлес қосты.

– Мен 1987 жылы әскери коммисарияттың ша­қы­руымен Чернобыль апатын жоюға аттанған бола­тынмын. Біз барғанда залалсыздандыру жұмысы үздіксіз жүріп жатқан. АЭС-тен кемі 30 шақырым алыста тұрдық. Талап қатал болды. Ішке кіріп шыққанда үстіміздегі киімдерді қайта-қайта ауыстыратынбыз. Улы аймақта жүрген­діктен киген немесе пайдаланған заттарды қайта қолданбайтынбыз. Біздің рота бұзылған техникаларды жөндейтін, яғни механизатор болып қызмет атқардым. Туған жерге оралғаннан кейін денсаулығым сыр бере бастады. Қанша дегенмен апаттың зардабы болады екен, – дейді Шархан Аппазұлы.


Елге оралғаннан кейін совхоздағы жұмы­сын қайта жалғастырып, уақыт өте келе ден­саулығы сыр беріп зейнеткерлікке шығады. Қай кезде де өзінің адамгершілік қасиетімен дараланатын ел ағасы отбасында аяулы жар, ардақты әке. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, Құдай қосқан жары Айгүл Әлімбаевамен Айнұр, Әлихан, Батырхан есімді ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде жеке кәсіпкер отбасылық бизнеспен айналысады. Ардақты азамат, құр­метті әке көпшілік ықы­ласы­на бөленіп жүр.

– Қазіргі уақытта ауданда радиациялық апат­­тың зардабын жоюға атсалысқан ардагер­лерді арнайы шипажайға жіберіп отырады. Біз­дің ден­саулығымыздың жақсы болуы­на ұдайы бақылау жаса­лады. Ол да бізге деген құрмет. Әрине, радиацияның әсерінен талай жерлес­теріміз қиындық көрді. Қашанда біз бір-бірі­мізге қолдау көрсетіп, әрбір істе жұдырықтай жұмыла білеміз, – дейді ардақты ардагер.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
23 сәуір 2024 ж. 178 0