Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АСЫЛДЫ АРДАҚТАЙ БІЛЕЙІК

АСЫЛДЫ АРДАҚТАЙ БІЛЕЙІК



«Сөзді сөз қозғайды» деген тәмсілдің жаны бар екен, қаламнан қажып, күнделікті газет, журнал ақтаратын әдеттен аспай жататын бұйығы қалпымды «жыным» әріптес інім Дүйсенбек Аяшұлының «Сыр бойы» газетінде (30 қаңтар, 2018 ж. №16) жарияланған «Ол – құлагер болғанда, біз – мұрагер» деген танымдық мақаласы қоздырды.
Автор аталған мақаласында қазақтың жыршылық саят-дәстүрінің адамзат бойына рухани нәр де, әр де беретін өнердің екі ғасыр (ХІХ-ХХ ғғ.) кезеңінде дауылпаз өкілі болған, әрі ақын әрі орындаушы жырау болған жерлесіміз Рахмет Мәзхожаұлы туралы, оның өмірі мен өнері туралы қалам тербеген.
Қазақ оқырмандарына ақындық, жыршылық, термешілік өнер туралы пәлсафа айтып, білгірсудің тіпті жөні жоқ.
Өйткені біз тумысынан ақын, жыршы халықпыз. Жыршы, термешілер өткен тарихыңды еске түсіріп, ақындарының шығармаларын, жыр-термелерін мақамға қосып, (көбіне домбырамен сүйемелдеп) құлаққа сіңімді мақам-үнмен жұртқа жеткізіп отырған. Қысқасы – қай ғасырдағы жыршыны алсаңыз да олар өткенді тірілтетін тарихшының, шежірешінің, жаныңды жұбатып, тоят­­та­­­­татын әртістік жаназықпен сусындататын асырау­шының, дәуір көлеңкесінде қалған көмескілерді елестететін суретшінің рөлін бұлжытпай атқарған. Оған әр ғасырдың, әр дәуірдің, әр өңірдің сыпыражырауларының, Қорқыттарының, Асан-қайғыларының шығармалары, қалдырған аманаттары айғақ.
Бұл пікірімізге дәлел – қазіргі әдебиет зерттеу­шілеріміздің дәйектемелеріне жүгінсек халқы­мыздың бұл өнерін әр өңірдің ерекшеліктерін алға тарта отырып талдаған жөн. Мәселен, Арқа жыршыларына тән мектептің өзгелерге ұқсамайтын әншілікке бейім өзіндік ерекшелігі бар. Ал, Сүйінбай бастаған Жетісу аймағы жыршылары бойға сіңімді, жүрекке жағымды баләуенмен жырлайды. Ал, батысқа – екпінді, жігерлі, төкпелік дәстүр тән.
Шындықтың бетіне тура қарап, әділдігін айтсақ осы қазір жыршылық дәстүр оңтүстік өңірде, әсіресе, Сыр бойында дәуірлеп тұр десек бұл пікірімізді ешкім теріске шығара қоймас. Өйткені бұл аймақта Майлықожа, Мәделіқожа, одан төмен түссеңіз Базар жырау, Шораяқтың Омары, Сәрсенбай, Қос Жүсіп, Күдеріқожа, Қарасақал Ерімбет, Жиенбай, Жанқожа, Нартай, Арал аймағындағы Бітімбай бастаған атақты Нұртуғанның шәкірттері Жаңаберген, Жаппарберді секілді жыраулар мақамын үкілеп ұстап отырған жеке-жеке мектептер бар. Олардан қанаттанып, дәстүрді жалғастырып жүрген Әбілаш, Жұмабек, Бекпейісов, Көшеней, Набат, Шәмшат, Мұрат, Айбек, Серік Жақсығұлов, Майра Сәрсенбаева, Күнсұлу т.б. ондаған орта буындағы, жас жеткіншек жыршы, термешілердің өнерлері қазір ел-халықтың аузында жүр. Олардың аталар дәстүрлерін жалғастырудағы мақам-үндерінің тыңдаушыларды «дуалап» алғаны сонша олар радио мен телевидение эфиріне шықса жұрт ішкен асын қоя тұрады.
Міне, киелі жыраулық, термешілік өнердің қазақ арасындағы (әсіресе Сыр бойындағы) әсер-күшінің құдіреті қайда жатыр!
Иә, халқымыздың рухани қазынасын байытып, шежірелік, танымдық жорықтың еліміздегі Ту ұстаушыларының бірі – көне сөздің көлдариясы, жыр-дастанның қоймасы, терме-мақамның хас шебері жоғарыда аталған Рахмет Мәзхожаұлы болатын.
Мені осы тақырыпты жаңғыртып, үстемелеуге итермелеген екі түрлі себеп-салдар бар. Сонау қырқыншы жылдардың соңын ала алпысыншы жылдардың ортасына дейінгі өмірім, жастық шағым мына Сарысу жайылымында өтті. Соғыстан жаралы болып оралған әкем қой бақты. Сонда жазғы жайлауға қоныстанған соң малды ауылды «Қызыл отау» аралайды. Оның құрамында әнші, домбырашылар, көбіне жыршы термешілер болады. Есімде қалғаны – оларды біздің фермаға осы Рахмет жырау бас­тап келуші еді. Олар ауылға үлкен той-думан ала келетін бір үйде кең дастархан жайылып, бір ауылдың үлкен кішісі осы үйге жиылып, қонақтардың өнерін тамашалаушы еді. Алдымен жұрт әнші, күйшілердің, термешілердің сияпатын тамашалайды. Сосын кешкі қонақасы беріліп, ел орынға отыра Рахмет жырау «сахнаға» шығады. Ол әуелі терме төгіп, әртүрлі айтыстар айтып, жұртты желпіндіріп алады да:
Он екі перне, екі шек
Нәубетпенен қағайын.
Жиналып келген, ағайын,
Табылар ма екен жақсы сөз?
Шабытымды байқап қарайын
Он бесімде жыр айтып,
Өткіздім мәжіліс талайын.
Содан қалған жыр болса
Сіздерден несін аяйын.
Сөйлейтін келді жағдайым
Ұстайсыздар қандайын,-
Деп жұртты еліктіріп алады да өзінің репертуарының мазмұнын баяндайды:
Алмаспен жауды тілгізген,
Дұшпандық қылған залымның
Дарға басын ілгізген.
Гаждамбектей батырдың
Көкке төбесін тигізген.
Көрғұлыны айтсам болар ма?
Оған көңілің толар ма?
Оған көңілің толмаса... деп өзінің репертуарындағы қисса-дастандардың мазмұнын бір сағаттай уақыт баяндап шығады. Содан жұрт «мынаны айтыңыз» деп таңдауын сұрайды. Содан жырау жұрт таңдауын айтып, таңды атырады.
Міне, сол кезден бастап мен Рахмет атаның өнеріне үйірсек, құмар болдым. Бүгін бір үйде жырласа, келесі күні көрші фермеде біреу шақырады. Күндіз ұйқымды қандырып алып, кешке тайға мініп, жырауды шақырған үйге барып, оны таң атқанша тыңдаймын. Осылай талай күндерді өткіздім. Сөйтіп жүріп жыраудан Күдері мен Ұлбикенің, Нартай мен Үрмаш қыздың, Бұдабай мен Қарлығаштың, Кеншінбай мен Ақсұлудың айтыстарын, т.б бірнеше термелер жаттап алып едім. Бірақ ол кезде аталған ақындар жөнінде тіпті мағлұматтарым жоқ болатын. Әйтеуір түнде жаттағандарымды ертеңіне үй ішіне, ауыл балаларына айтып беретінмін.
Қысқасы, Рекең өнерінің мені жаулап алуының бірінші сыры осындай. Оқырман қауымының сеніміне кіру үшін тағы бір құпиямның бетін ашайын. Университет бітірген соң көп жыл облыстық радио-телевидение комитетінде қызмет істедім, журналистикадағы шабытты шақтарым сонда өтті. Сол тұстағы, тіпті одан кейінгі қазіргі ел аузында жүрген Шамшат, Әбілаш, Көшеней,Қуандық, Бекұзақ, Набат, Мәдина, Сланбек, Мұрат, Бексұлтан т.б жыршы, әнші, күйшілердің өнерін таспаға түсіріп, ел кәдесіне жаратушылардың бел ортасында болғанмын. Сол сәттерден бір естелік: «Қармақшы ауданындағы оныншы ауылда Аяпұлы Үбісұлтан деген аңыз адам тұрады. Ол ескі жыр-дастанды өте көп біледі. Сол өңірдегі ақын-жыршылар, тіпті Тұрмағамбет пен Шораяқтың Омарының өзі көп нәрсені осы кісіден үйреніпті» дегенді естіп алпыс үшінші жылы сол кісіні іздеп Чапаев колхозына бардым. Үбекең қарттық жеңіп, мүжіліп қалған екен. Домбыраға қосылып жыр айтуға, магнитафонға түсіруге дауысы шықпады.
Жаралады... – Тек «сұрағыңды бере бер, шамам жеткенше жауап берейін» деді де сонау Сыпыражырау, Асанқайғы, одан кейінгі заман жырауларынан үзінділер айтып, Абайды, Жамбылды, Махамбетті тірілтті.
Ол кісі жасында аса зерек болған екен, бір естігенім табанда жаттап алады екен, сауат ашып, хат таныған соң өлең-жырды көп оқыпты. Бір таң қалғаным – қай өңірдің болмасын халық аузында жүрген жыр дастандары (батырлар жырын, айтыстарды) түгел жатқа біледі екен. Сосында замандастары оны «тірі энциклопедия» деп атап, әркез ұстаз тұтатын болған. Сол Үбекең сөз арасында «қазірде жырау көп, бірақ бәрі шәй қайнағанша, ет піскеншеге ғана жетеді. Сонда да «жыраумын» деп төстерін ұрады. Олардың ішінде мына Амангелді ауылындағы Рахмет Мәзхожаұлына жететіні жоқ. Ол өте көп біледі. Бір «Көрғұлының» өзін үш түн, үш күн айтады. Бұдан да басқа таң атқанша айтатын дастандары қанша ма?!»
Айтса айтқандай, Рекең алдымен заманындағы үзеңгілес жыраулардың арасындағы репертуар қоры аса мол дүлдүл болатын. Ол 4465 жолдан тұратын «Көрғұлы» дастанын 31 жасында жаттап алып 60 жыл бойы талмай жырлап өткен. Оның жыр қорында бұдан да басқа Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Қым-Қиғаш, Мұңлық Зарлық, Шазада, Қыз Жібек, Ораз молда, Сұрмерген, Жолбарыс мінген ұры, Шаhнама, Жүсіп-Зылиха, т.б. ұзақ сонар қисса-дастандар, термелер, айтыс өлеңдер болатын.
Шындығында, Рекең сан қырлы талант болатын. Ол заманында саясатты, еңбекті айрықша жырлаған, жақсылықтың насихаттаушысы, дәуірінің үгітшісі де еді. Ұзақ өмірінде талай ақындармен сайысқа түсіп, оза шапқан айтыс ақыны да.
Рекеңнің ғұлама жырау екеніне айғақты дәлелдер жетерлік. Ұлы М.Әуезов бұл жырауды Алматыға алдырып өнерін тыңдаған болатын («Батырлар жыры», 4 том, 396 бет, Алматы, 1989 жыл. «Жазушы баспасы). Осының арқасында Мәзхожаевтың нұсқасы бойынша «Көрғұлы» дастанының төрт саласы басылып шықты. («Көрғұлы», «Батырлар жыры», 4 том, 1973-1989 жыл, Алматы, «Жазушы» баспасы) Сондай-ақ 1965 жылы «Пернедегі термелер» кітабына бірнеше өлеңдері (273-275 беттер) шықты. 1966 жылы жарық көрген («Жазушы» баспасы, 3 том, 380-390 беттер). «Айтыс» кітабында да оның шығармалары жарияланған.
Қорытып айтқанда Рахмет Мәзхожаұлы есімі республика көлеміне алдымен ақын, көлдариядай орындаушы-жыршы, ақтаңгер айтыскер ретінде танымал көне сөздің көмбесі. Тек артында жоқтаушысы болмағандықтан Сыр өңірі оның есімін елеусіз қалдырып, аяулысын ардақтамай отыр.
Осы орайда тағы бір түйткілдің қақпағын аша кетейік. Осы Амангелді ауылындағы орта мектеп 1929 жылы халық ақыны деген атақ алған, өлең-жырлары қазіргі домбыра ұстап, жыр айтып жүрген қауымның бәрінің аузында жүрген Қуаныш Баймағанбетов атында. Алғаш ашылғанда мектеп ішінде ақын атында музей бөлмесі бар еді. Онда әжептәуір жұрт қызықтайтын дүниелер болатын. Қазір сол киелі бөлменің орны да, кәделі қоры да жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын мектепте болып, іздеу салғанымызда көңіл жұбатарлық дәлел-дәйек таппадық. Ауылдың бұрынғы әкімі, елдің ағасы Мырзағали Кенбаевтың қалтасынан әйтеуір ақынның бірер өлеңі шықты.
Басқа...
Міне, рухани азықтың көмбесі, жыр шежіре атанған ақындарға деген аудандағы, ауылдағы көзқарастың сиқы осындай.
Сөз түйіні: Сөз болып отырған Сыр сүлейі Рахмет Мәзхожаұлы 1881 жылы Сырдария ауданындағы қазіргі Амангелді ауылында дүниеге келіп, 95 жасында дүниеден озды. Ол кешегі совет үкіметі кезінде әнші, жыршы болып халыққа мінсіз қызмет еткен. Өнердегі жолын Нартайдың концерт эстрада бригадасында жыршы болып бастап, кейін 50 жылдай Сырдария ауданында автоклуб басқарып, егіншілер мен малшыларды өлең, жырмен сусындатқан.
Ол қазақ ауыз әдебиетінің құнды жауhарларын көп білетін, оларды нақышына келтіріп жырлайтын өнерпаз еді. Әлемдік әдебиеттің «Одиссея», «Илиада» секілді жауhарларымен терезесі тең аңыз-жырды «Көрғұлыны» басынан аяғына дейін әр тарауын әртүрлі мақаммен жырлап шығатын Сыр бойындағы санаулы жыршылардың (ол жырды бұл өңірде тек қана білген Барат жырау, Таспа жырау, Жиенбайдың Рүстембегі ғана білген) бірі және бірегейі болған.
Рахмет жыраудың ауыз әдебиетін, жыраулық өнерді дамытуға сіңірген еңбегін, жарық көрген еңбектерін жоғарыда сөз еттік. Ендігі ұрпақ міндеті осындай шежірелі адамды ардақтай білу, асылды әспеттей түсу шараларын қарастыру.

Өтеген ЖАППАРХАН,
ҚР Құрметті журналисі,
Мәдениет қайраткері
22 мамыр 2018 ж. 667 0