Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардақты азаматқа құрмет көрсетілді

Ардақты азаматқа құрмет көрсетілді

Таңсәріден жүйткіген көлік Қара­өзек ауылына қарай бағыт алды. Жол үстінде ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, қолөнер шебері Жәнібек Махамбет өткен мен бүгінді байланыстырып, ғибратты әңгімесін айтып келеді. Өлке тарихын тереңнен қаузайтын ардақты азамат туған жерге 24 жылдан кейін табан тіремек.

Оған себеп те жоқ емес. Қараөзек ауылындағы №39 «Қызылөзек» орта мектебінде «Ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беруді жаңа идеялармен ұштастыра отырып, шығармашылыққа баулу» тақы­ры­бындағы семинар аясында «Өткен­нің іс-тәжірибесімен бола­шақ­қа көз­қарас» атты Жәнібек Махамбетпен кездесу кеші өткізілді.


Тағылымы терең кездесуде сөз алған №39 «Қызылөзек» орта мектебі­нің директоры Жасұлан Байжанов кештің мән-мағынасына тоқталып, құрметті мейманға ілтипат көрсетті.


– Бүгін біздің ортамызға өлке­танушы, қолөнер шебері Жәнібек ағайымыз келіп отыр. Өткен ғасырдың соңғы жылдарында алтын ұя мек­тепте қызмет атқарып, шәкірт тәр­биелей білген еді. Оның қолынан шыққан әрбір құнды туындысы мектеп қорындағы жәдігерге айналғаны мәлім. Өз кезегінде біз қашанда өлке тарихына барынша үңіліп, оқушыларға білім нәрімен сусындата білген ел ағасын құрмет тұтамыз. Оның еңбектерін жас ұрпаққа кеңінен насихаттай береміз, – деді мектеп директоры.

Кездесу барысында қолөнер шебе­рінің еңбектері негізінде арнайы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар сыр-сұхбат форматта жүзеге асқан кездесу кешінде мәдениет майталманына ұстаздар сұрақ қойып, білім саласына қатысты толғандырған мәсе­лелер бойынша ой бөлісті. Айта кетейік, Жәнібек Асанұлының шәкірті Бану Ахметова арнайы келіп, өлең жолдарын арнады.


– Мен білім және мәдениет саласында қатар еңбек ете білдім. Қараөзектегі мектебімде қызмет еткен жылдарды әлі күнге сағынамын. Ұстаздар қауымы мені жылы қарсы алып, айрықша құрмет көрсетіп жат­қанына дән ризамын. Осыған дейін әріптестерім кездесу ұйымдастыру жөнінде ойларын ортаға салған еді. Міне, сәті бүгінге түсіп тұр екен. Ауыл өмірімен біте қайнасқан жергілікті халықты әлі күнге іздеймін. Осында үй көтеріп, қоныс тойын жасаған едік. Осы мектептегі миссиям аяқталған сәтте мұражайды жасақтап берген едім. Әлі күнге сақталған еңбегімді көріп, қуанып қалдым. Барша әріп­тестеріме алғыс айтамын, – деді ардақты азамат.


Кеш соңында ұстаздар қауымы ардақты азаматпен қызмет еткен жылдардағы естеліктерді көпшілікке айтып берді. Ән айтылып, күй төгілді. Ал Жәнібек Асанұлы өз қолымен жасаған жаңа туындысын мектеп ұжымына табыстады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
16 сәуір 2024 ж. 241 0