Шаруашылық тарапынан құрмет көрсетті

Асқар Тоқмағанбетов ауылдық клубында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, қолөнер шебері Жәнібек Маханбеттің «Ұрпағым өнерлі болсын десең – өнегеңді көрсет» атты көрмесі өтті.
Санитарлық талаптар сақтала отырып өткізілген іс-шараға мекеме басшылары, музей қызметкерлері, қолөнер шеберлері және ауыл жастары қатысты. Іс-шарада Ж.Маханбет өзінің шығармашылығы жөнінде ақпараттармен бөлісіп, туындыларының жасалу жолдарын түсіндірді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Іс-шара барысында «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС директоры Б.Жақып қолөнер шеберіне қазақы дәстүрге сай шапан жауып, қаржылай сый-сияпат жасады.
– Жәнібек Асанұлы – ауданымызға ғана емес облысымызға белгілі талантты тұлға. Егемендік мерекесі қарсаңында ауылымыздың, ауданымыздың абыройын асқақтатып, өнер әлемінде биік белестерді бағындырған талантты азаматқа құрмет көрсету, көрмесін ұйымдастыру – өте орынды іс. Іс-шараға қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Ауылымыз өркендеп, дами берсін!, – деді шаруашылық директоры құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, қолөнер шебері Жәнібек Маханбет арнайы іс-шара ұйымдастырған ауылдық клуб ұжымына, іс-шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ шаруашылықтың жұмысына жеміс пен сәттілік тіледі.