Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаштан түйін түйген шебер

Ағаштан түйін түйген шебер

«Жұрт менің түрімді қайтсін. Олар менің өнеріме, елге атқарған ісіме қарап баға береді. Сондықтан мен өзімнің қолымнан шыққан дүниелер арқылы үлгі бола білуім керек» дейді асқарлық қолөнер шебері Жәнібек Маханбет. Әр кездескен сайын алтын қолды адамның айтатын әуелгі сөзі осы. Қай кезде де іздеп барсаң, есік алдындағы шағын шеберханасында отырады. Қолында қашауымен «Бір дүниені бастап едім...» деп ағашты ұңғылай түседі. Бір бұйымды бастаса, басқа шаруаға қолы бармайды. Бастаған істі аяқтамай, тыным таппайтыны тағы бар.
Жалпы ағаштан түйін түйіп, ерекше бұйым дайындау шыдамдылықты, төзімділікті талап етеді. Кішкентай дүниенің өзін шеберлікпен дайындауға біраз уақыт кетуі мүмкін. Ал үлкен құндылықты жасап шығаруға қанша уақыт кететіні айтпаса да түсінікті. Оған болаттай берік болу қажет. Міне, осы үдеден шығып келе жатқан ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Ж.Маханбетті бүгінде республика жұрты таниды. Өйткені оның қолынан шыққан туындыларды еліміздің түк­пір-түкпірінен келіп алатындар бар. Тіпті, шебердің қолөнер туындылары осы күні Американың Аризона штатында, Канаданың Кальгари, Англияның Лондон, Ресейдің Мәскеу, Қазан қалаларына дейін жеткен.
Ж.Маханбеттің қолөнермен айналысуы мектеппен тығыз байланыс­ты. Ол 1979 жылы А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектепке мұғалім болып орналасқаннан ке­йін қолөнерге машықтанады. Бұ­ған себеп білім ошағында әріптесі Б.Қай­ран­­баевпен бірге мектептің безенді­рілуіне жауапты болған. Осы істі ұйым­дастыра жүріп, ұстаздың ата кәсіпке ынтасы артады. Содан бас­тап көптеген бұйымдар жасап, нәтижесінде қолөнердің хас шебері атанып отыр.
Ұлттық өнердің тылсым сырларын жетік меңгерген шебер қолөнермен айналыса жүріп тарихты зерттеу­ге де өзіндік үлес қосып келеді. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкер болып қызмет еткен жылдары 40-тан аса зерттеу мақаласы БАҚ бетінде жарияланған. Өлке тарихын зерттей жүріп, діни қайраткер Қалжан ахун Бөлекбайұлы, Тұрым би, Ешмұрат би, Шерімбет би, Шөңірек батыр, Жантүгел болыс секілді 30-дан аса тарихи тұлғалардың өмірдерегін, олардың елге жасаған қызметін жария етті. Осындай еңбекті атқара жүріп ұстаз, тарихшы, қолөнер шебері ерекше құрметке ие болуда.
Асқарлықтар «Шебер Жәнібек» атап кеткен қолөнершіге құрмет көрсетті. Ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, облыстық, республикалық, халықаралық көрмелердің лауреа­ты, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері, өлкетанушы Жәнібек Маханбетпен кездесу ұйымдастырылып, оның үлгілі ісі жастарға дәріптелді. «Сыр талымен сырласқан – шебер Жәні­бек» атты кездесу кешін­де шебердің арнайы көрмесі ұй­ым­­­­­дас­ты­рылған. Онда домбыра, қо­быз­дан басталып, ағаштан жа­сал­­­­ған кәде­сыйлар, жәдігерлік құн­дылық­тар, ыдыс-аяқ түрлері қой­ылған. Қай­та­лан­бас туын­дыларды шараға келген жұртшылық тамашалап, тәнті бол­ды. Мұнан соң кездесу кешінің шымылдығы қолөнерді жастарға үй­ретіп отырған шебер туралы тақы­рып­тық прологпен түрілді.
Өнер иесі құрмет төріне шыққан соң аудандық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев құттықтау сөз сөйледі. Қазақтың төл өнерін дамытып, бабалар ізін жалғаған қолөнер шеберінің еңбегі ерен екенін айтты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп отырған шараның жастарға берері мол екенін жеткізді. Сондай-ақ келер жылғы ауданның қоғамдық-саяси маңызы бар күнтізбелік жоспарына Жәнібек Асанұлының 70 жылдық мерейтойын енгізуді аудан басшысы тапсырғанын атап өтті. Бөлім басшысы аудан әкімінің Құттықтауын табыс етіп, қолөнер шеберінің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Мұнан кейін ауыл әкімі Ғ.Алданазаров, «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС төр­аға­сы М.Есжанов өзде­рінің құт­тықтау­ла­рын жеткізді.
Кездесу кешінде шебердің өмір жолы таныстырылды. Содан соң кез­десуге келгендер шеберге сұрақ­тарын қойды. Оның ішінде жастар шебердің алғашқы туындысы, қол­өнерді кәсіпкерлікке бағыттау, өзі тәрбиелеп жүрген шәкірттері жөнінде сауалдарын жолдап, тұщымды жа­уап алды. Кездесу кешінде ұлағатты ұстаз Тоқтасын қария, мәдениет сала­сының ардагері, «Сырдария ау­данының Құрметті азаматы» А.Бақ­тия­рова, еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» З.Сыз­ды­қова жүрекжарды лебіздерін білдіріп, өлкетанушының өнегелі өмі­рін дәріптеді. Шығармашылық кездесуде алтын қолды Ж.Маханбет ұлттық қолөнерге үңіле білгенге бұл өнердің тылсым сырлары көптігін айтты. Ұлттық қолөнер – ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, ха­лық­­тың өткен тарихы – рухани, мәдени, материалдық өмірінің айнасы еке­нін тілге тиек етіп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын жет­кізді.
Ауылдағы айтулы кеште «Асыл ана» әжелер ансамблі «Туған жерім – Ақболтай», Г.Сералиева Жалды­байдың күйі «Қара жорға», А.Өтеуов жыр-терме, А.Байділдаев «Өнер адамы» әнін орындап, көпшілікке көте­ріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қазақтың дана Абайы «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол...» дейді. Сол айтқандай, жұтамайтын өнерді жас­тарға үйретіп жүрген, қолөнердің хас шебері атанған Жәнібек Маханбетке елдің ықыласы ерекше, құрметі бөлек.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
12 қараша 2019 ж. 1 165 0