Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәдениет майталмандары құрмет төрінде

Мәдениет майталмандары құрмет төрінде

Өткен аптада Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары кезінде министр Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханада мәдениет және өнер саласы өкілдерімен кездесті.

Кездесу кезінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова облыстағы мәдениет саласының жұмы­сына жақсы баға берді. Аталған іс-шарада Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздік мерекесіне орай бірқатар сала қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында айтулы мереке қарсаңында ауданның «Құрметті азаматы» атағын алған мәдениет майталманы, ардагер Жәнібек Маханбет бар. Өнер иесі өзінің 70 жылдық мерейтойында министрдің қолынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алды.

– Туып өскен ауданымның мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Өмірім қолөнермен байланысты. Ес білгелі ағаштан түйін түйдім. Өңірдің қолөнер саласын дамытуға үлес қостым, шамам келгенше әлде де өнерден қол үзбек емеспін. Еңбегім бағаланып, мерейлі мерекеде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Осы күнге дейін қанша марапат алсам да, бұл құрметтің орны ерекше. 70 жылдық мерейтойымда қошеметке бөлендім. Өнер адамы үшін мұнан асқан бақыт жоқ шығар, сірә, − дейді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Жәнібек Асанұлы.

Қолы алтын қолөнер шебері аудан­ның ғана емес, есімі республикаға белгілі азамат. Мәдениет майталманы ұзақ жыл тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері болып, көптеген туындылары ел көлемінде өткен үлкен көрмелерге қойылды.

Аталған марапаттау рәсімінде сондай-ақ ауданның қос өнер иесі Рүстембек Байділдаев ҚР мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен және Жұмағазы Оразов министрдің Алғыс хатымен марапатталды.

Р.Байділдаев − Тереңөзек клубының басшысы, ал Ж.Оразов − Аманкелді ауыл­дық мәдениет үйінің басшысы. Екі өнер қызметкеріне марапат ұзақ жылғы абыройлы еңбегі мен саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
26 желтоқсан 2020 ж. 682 0