Кент ардагерлері кеңесіп, қаулы қабылдады
Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің есеп беру – сайлау жиыны өтті. Карантин талаптары қатаң сақтала отырып ұйымдастырылған іс-шараға бетперде кию және арақашықтық сақтау арқылы бастауыш ұйым төрағалары қатысты.
Жиналыстың күн тәртібінде Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары қаралды. Сондай-ақ ардагерлер кеңес төрағасы мен құрамына қатысты ұсыныстарды талқылап, аудандық ардагерлер кеңесінің конференциясына қатысушы делегаттарды нақтылады. Жиналыс төрағалығына ашық дауыс беру жолымен З.Жүсіпбайұлы, хатшылыққа Ж.Жансейітова сайланып, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев баяндама жасады.
– Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің есебінде 1230 ардагер бар. Олар түрлі деңгейдегі 26 бастауыш ұйымға біріктірілген. Өз қызметімізде республикалық, облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің шешімдерін басшылыққа алып, ұйым жарғысын негізге аламыз. Ардагерлерге моральдық, әлеуметтік-құқықтық және тұрмыстық мәселелері бойынша қолдау көрсетуге мемлекеттік органдар көмектесіп келеді. Бастауыш ұйымдар ардагерлерді мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларға қатыстыруға басымдық беруде. Бірақ карантин талаптарына сәйкес іс-шараларды ұйымдастыруға шектеу қойылды. Сондықтан ардагерлер елдегі эпидемиологиялық ахуалға түсіністікпен қарап, қауіпті індеттен сақтануда. Жергілікті баспасөзде пікірлер жариялап, талапқа бағыну қажеттігін насихаттауда, – деп бастады өз баяндамасын Муса Алпысбайұлы. Төраға сондай-ақ мерейлі жасқа толған ардагерлерге карантин талаптары сақталып құрмет көрсету іс-шаралары мен тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылғанын атап өтті. Бильярд, шахмат, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен жарыстар өткізу жолға қойылғанын жеткізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ардагерлерге қолдау мен қамқорлықты ең алдымен мекеме басшылары назарда ұстау қажеттігін айтып, олардың қоғамнан тыс қалуына жол беру ұят іс екенін атап өтті. Кент ардагерлер кеңесінің атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Мұнан бөлек бастауыш ардагерлер ұйымының жетекшілері А.Ізбасарова, Ә.Мәсилова, А.Тойбазарова, И.Әкімжанов, Б.Абдулпаттаев, С.Сәдуақасов, Ж.Айсин, С.Ерімбет сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді.
Жиналыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша З.Жүсіпбайұлы кент ардагерлер кеңесінің төрағалығына М.Келдібаевты ұсынып, бірауыздан мақұлданды. Ал кеңес құрамына Б.Абдулпаттаев, Б.Әмірбеков, Ә.Масилова, С.Тобағұлов, Ж.Жансейітова, З.Жүсіпбайұлы сайланды. Соңғы мәселе бойынша ардагерлер аудандық ардагерлер кеңесінің конференциясына қатысушы 13 делегатты нақтылап, қаулы қабылдады. Осылайша, ардагерлердің есеп беру – сайлау жиналысы қорытындыланды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ