Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланды

Ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланды

Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің есеп беру, сайлау конференциясы мен пленумы өтіп, кеңес төрағасы жаңадан сайланып, алқа құрамы бекітілді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ардагерлердің алқалы басқосуына аудан әкімі М.Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев және аудан ардагерлері қатысты.

Конференцияны аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Елеусінов ашып, күн тәртібімен таныс­тырды. Конференция­да аудандық ардагерлер кеңесінің өткен есеп беру, сайлау конференциясынан бергі уақытта атқарған жұмысы және тексеру комиссиясының есебі тыңдалды. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесі мен тексеру комиссиясының жаңа құрамын бекіту, облыстық ардагерлер кеңесінің конференция­­сына делегаттар сайлау мәселелері қаралды.

Есепті баяндама тыңдалғаннан кейін Ұ.Жаналиева мен Т.Жұмабекұлы сөз сөйлеп, пікір білдірді. Ал Қаулы жобасын делегат Ш.Нұрсейітов таныстырды. Екінші және үшінші мәселелер бойынша аудандық ардагер кеңесі мен тексеру комиссиясының құрамы бойынша ұсыныстар тыңдалып, бекітілді. Төртінші мәселе бойынша облыстық конференцияға қатысу үшін ауданнан бес делегат сайланды.

Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің пленуымы өтті. Пленумның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесін ұзақ жылдар бойы абыроймен басқарған Хайролла Әбенұлының еңбегі зор екені айтылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев пен аудан әкімі М.Ергешбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар Х.Әбенұлының атқарған жұмыстарын жоғары бағалады. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына Муса Келдібаевтың кандидатурасы ұсынылды. Пленумда талқыланған екінші мәселе бойынша мәдениет саласының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ж.Айсиннің ұсынысы негізінде алқа құрамына 7 ардагер енгізіліп, дауысқа салынып, бекітілді.

Атап өту қажет, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев еңбек жолын инженер гидротехник болып бас­тап, су пайдалану инженері, аудандық ауыл­шаруашылық басқармасында аға инженер, облыстық жер ресурстарын басқару жөнін­­­дегі комитетінің Сырдария аудандық филиалының бастығы, аудандық жер ресурс­­­тарын басқару жөніндегі комитетінің төр­ағасы қызметін атқарған. Ол «Иман-2013» қоғамдық қорының, аудандық билер кеңесі­­нің төрағасы және медиатор ретінде түрлі сала­лалар бойынша жер, еңбек, отбасылық және басқа да дауларда өзінің біліктілігі мен абыройының арқасында тараптарды ымыраға келтіру мен татуластыруға төрелік жасап жүрген беделді азамат. Бүгінге дейін Тереңөзек кенті ардагерлерінің төрағасы ретінде абыройлы қызмет жасап келді.

Ардагерлер жаңа төрағаның жұмы­сына сәттілік пен абырой тіледі. Өз кезе­гінде М.Келдібаев артылған сенімді жауап­кершілікпен сезінетінін айтып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
«Тт-ақпарат»
04 қыркүйек 2021 ж. 655 0