Мектеп – білім тірегі
«Білім» бетінің кезекті шығарылымы аудан орталығындағы білімнің қара шаңырағы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектебіне арналады. Әдеттегідей білім ордасы туралы толық ақпаратты мектеп директорымен құрған сұхбаттан біле алдық.
– Света Мұхтарқызы, қайырлы күн! Аудан орталығындағы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектептің жетістіктері мен талантты оқушылары туралы күнделікті жаңалықтардан оқып, біліп жүрміз. Мектептен небір талантты, білімді оқушылар тәрбиеленіп, бүгінде тіпті облыстың атын республикалық дәрежеде шығарып жүрген оқушылар да бар. Дәстүрлі сұрақ, сұхбатымызды мектеп тарихынан бастасақ.
– Рахмет, тарихы терең білім ордасының бетке ұстар, мақтан тұтар шәкірттері баршылық. Бүгінде ауданда абыройлы еңбек етіп жүрген жас мамандарымызбен мақтанамыз. Одан бөлек, үлкен қалаларда ел дамуы жолында аянбай қызмет етіп жүрген түлектеріміз өз алдына. Иә, тарихы терең аудандық басылым әркез мектептің қоғамдық өміріне ақпараттық қолдау көрсетіп, әркез газет бетіне жариялап келеді. Осы сәтті пайдаланып 85 жылдық тарихы бар «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымын мерейлі тойымен құттықтап, алғыс білдіргім келеді.
Ал мектеп тарихына келетін болсақ, алғашында орыс орталау мектебі болып іргетасы қаланған. Ол 1968 жыл еді. Одан кейін 1990 жылы аралас мектеп болып, 1998 жылдан бастап қазақ орта мектебі болып жасақталған. Сол жылдан бастап білім ордасына Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім, еңбек және соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Оспан Әбілпаттаевтың есімі берілді. Қазірге дейін осы кісінің рухы қолдап, мектебіміздің аты, шүкір, әуелеп келеді. 2002 жылдан бастап мектеп жаңа, яғни қазіргі ғимаратқа көшті. Әрине құтты орда екені рас, десек те белгілі себептерге орай жаңа ғимараттың қажеттілігі туындады. Өздеріңіз де хабардарсыздар, алдағы уақытта «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектебімізге жаңа ғимарат беріледі. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– «Білікті басшы – білікті маман» деп жатамыз. Мектеп тарихында есімі алтын әріппен қалған директорлар туралы айтып өтсеңіз.
– Сөзіңіздің жаны бар. Әр кезеңдегі басшылық еткен директорлар мектепке өзіндік қолтаңбасын қалдырып, бүгінгі деңгейге жетуіне үлесін қосқан. Тарихты сөйлетсек, ең алғашқы директор – Надежда Николаевна, одан кейін Николай Константинович, Александра Венециевна, Гүлнара Ақайдарқызының есімдерін айта аламыз. Бақытбек Әбдуов ағайдың 1995 жылдан бастап 12 жыл мектепті басқарған кезеңін ерекше айтып өтуге болады. Ол кісі нағыз тәртіп пен талаптың адамы еді. Сол кезде мектеп оқыған түлектер ағайдың қаталдығын, есесіне нағыз тәрбиені алып шыққанын әлі күнге дейін айтып жүреді. Одан кейін Гүлмира Байдушева білікті басшылық етті. 2012 жылы Қалихан Омаров мектеп директоры қызметін атқарды. 2013 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін басшылық еткен Әсем Мәлікқызының елеулі еңбегін ерекше айтып өту орынды. 2021 жылдан бастап мектеп директоры қызметін атқарып келемін. Қазіргі кезең – білімдінің заманы. Жаңалықтан, жаңашылдықтан бір күн де қалыс қалуға болмайды. Тәрбие мәселесі де күн тәртібінде. Әркез мектеп беделін биік ету жолында еңбегімізді аямаймыз, білім ордасының қасиетті шаңырағын биіктен түсірмейміз.
– Өзіңізді қандай басшымын деп ойлайсыз?
– Талапшылмын. Әр істің жауапкершілікпен атқарылуын басты орынға қоямын. Қаталдық керек жерде қаталмын, әріптестермен дос ретінде сырласу керек болса, оны да жасай аламын. Өзімді тек мектеп ұжымы мен 400-ден аса оқушыға басшы ретінде емес, түгел еліміздің ертеңі алдында жауапты сезінемін.
– Нақты қанша оқушы бар қазір?
– Мектепте қазіргі таңда 411 оқушы білім алуда. 71 дәріс беруші мұғалім бар, оның ішінде 6 зерттеуші, 36 сарапшы, 14 модератор бар. Сондай-ақ 22 сынып бөлмесі, 15 оқу кабинеті, компьютер сыныптары, мультимедиялық, мобильді сынып, электронды кітапхана, кеңсе, спорт зал, асхана, медициналық кабинет жұмысы да жандандырылғанын айта кету орынды.
– Оқушыларға білім алу үшін жан-жақты жағдай жасалған дейсіз ғой?
– Иә, мектепте білікті, білімді, тәжірибелі ұстаздар еңбек етеді. Жас мамандармен де қатарымыз толығуда. Алдыңғы буын әркез жас мамандарға үйретіп, көрсетіп, тәжірибе алмасып отырады. Мұғалімдер біліктілігін арттырып, түрлі курсқа қатысып, байқаулардан да жүлдегер атанып жүр. Республикалық деңгейде бақ сынап, жетістікке жетіп жүрген оқушыларымыз да жетерлік. Дарынды жас, ІТ саласында жаңашыл жоба жасап, бағы мен бабы қатар шауып келе жатқан Асылжан Абдуллаевты өздеріңіз білесіздер. Енді ғана түрлі жобаларға қатысып жүрген кезде-ақ алғашқылардың бірі болып аудандық газет Асылжан туралы мақала жазып жариялады. Асылжан – мектептің ғана емес, бүгінде облыстың мақтанышына айналып, көпке үлгі болып келеді. Сондай-ақ биыл ауыл балаларына арналған олимпиада өтіп, республикалық кезеңге Дәулет Асылбеков пен Гүлімай Мергенбай есімді екі оқушымыз қатысты. Талабы мол оқушыларды білікті мұғалімдер Айгүл Тәжібаева мен Мақпал Қалымбетовалар дайындады. Дәулет осы олимпиададан 2-орын иеленіп, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ішкі грантын иеленді. Ал Асылжан бұл күнде бірнеше беделді жоғарғы оқу орнына грант жеңіп алған.
– Тәрбие мен білім – егіз. Бұл мәселе төңірегінде қандай жұмыстар атқарылуда?
– «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Білім мен тәрбиені қатар ұстау жағы әркез ескеріледі. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ мектеп оқушыларынан «Жайдарман» командасы жасақталған. Жетекшісі – Өркен Арықов. Жуырда команда республикалық фестивальге қатысып, Алматы қаласында өтетін балалар лигасына жолдама ұтып қайтты. Сондай-ақ «Мектеп театры» жобасы жақсы жолға қойылып келеді. «Жас толқын» мектеп театрының қатысушылары білікті әртістерден кем түспейді. Оқушылар облыстық театр өнері фестивалінен жүлделі орын иеленіп келді. Ғылыми, әлеуметтік жобаларға, спорттық үйірмелерге қатысып, түрлі білім мен тәрбиелік мәні зор іс-шаралар бойынша жақсы жетістіктерге жетіп келеміз. Бұл мектептің жаны болған ұстаздар мен оқушылардың бірлескен еңбегінің арқасы екені даусыз.
– Беделді білім ордасының бірі №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектеп әркез биіктен көрінсін дейміз. Ел ертеңін тәрбиелеп жүрген ұстаздарға шығармашылық шабыт, ел ертеңінің өзі – бүгінгі оқушыларға кемел білім тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ