Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас түлекке сәт сапар тіледі

Жас түлекке сәт сапар тіледі

Соңғы қоңырау салтанаты №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектепте «Сыңғырла, соңғы қоңырау» тақырыбын арқау етті. Салтанатты жиынға мектеп директоры Света Мұхтарқызы, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің әдіскері Алуа Бақтыбайқызы, аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы Қайрат Нұрмағанбетұлы, мектепішілік «Қамқоршылық кеңесінің» төрайымы Галина Нұрмаханқызы, мектепішілік ата-аналар комитетінің төрайымы Серікгүл Тұрсынбекқызы, ардагер ұстаздар Әсем Мәлікқызы мен Салтанат Сансызбайқызы құрметті қонақ болды.

Биылғы жас түлекті сынып жетекшілері Құндызай Тәңкібаева мен Жазира Оспанова қимастықпен ақ жол тілеп шығарып салды.Алғашқы ұстаздары Гүлайым Әбдуомарова мен Сәуле Таюпова кеше ғана әріп үйреткен оқушыларының бүгін үлкен өмірге қадам басқанын айтып, тілектестік білдірді. Іс-шара барысында «Білімнің алтын кілтін» «Алтын белгіге» үміткер бітіруші түлек Аружан Жолдасбекқызы 10 сынып оқушысы Жәния Аманбековаға тапсырса, «Аманатты» жас түлек Қарақат Төлепбергенова 10 сынып оқушысы Айсауле Болатоваға тапсырды. Сонымен қатар бітіруші түлектер Өркенбай Әмірұлы мен Зейнеп Жәкебай Оспан Әбілпаттаев ескерткішіне гүл шоғын қойып, құрмет көрсетті.Ал 2021-2022 оқу жылының соңғы қоңырауын соғу салтанаты 11 сынып оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер Шұғыла Балтабаева мен пәндік олимпиадалар жеңімпазы Олжас Батырбекұлына және 1 сыныптың озаты оқушылары Баянсұлу Әбдінағи мен Арсен Бақытбекке тапсырылды.

Шара барысында құрметті қонақтар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, жас түлекке ақ жол тіледі. Оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ ардагерлер жас өркенге ақ батасын беріп, білікті маман болып туған жерге қызмет етуін тіледі.

Айта кетейік, салтанатты іс-шараға 2012 жылы мектеп бітірген түлектер де қатысып, алғаш әріп үйреткен апайлары Сәуле Тоқберішова, Рәзия Әжниязова, Ұлмекен Алдамжарова мен үлкен өмірге қанат қақтырған ұстаздары Бақытжан Тәңкібаевқа, білім ордасына ерекше ілтипат көрсетті. Бүгінде түрлі салада қызмет етіп жүрген онжылдық түлектер «Мектепке сый» акциясы аясында білім ордасына спорттық құрал-жабдықтарды сыйға тартып, барша ұстаздарына алғыс білдірді.




Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ




26 мамыр 2022 ж. 505 0