Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сағым жылдар сыр шертеді

Сағым жылдар сыр шертеді

Әр адамның өмір баспалдағында ерекше әсер ететін, кісі болып қалыптасуына әке-шешеңнен, мектебіңнен басқа да ықпал ететін адамдар болады. Өзім Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірсем де, негізгі университетім – бұл менің өскен ортам, негізгі жұмысым деп ойлаймын. Сондықтан төл газетіміздің 85 жылдық мерейтойына орай азды-көпті, дәмдес-тұздас болған аға-апаларым туралы аз-кем сыр бөлісуді жөн көрдім. Арада біраз уақыт өтсе де, менің есею жылдарым санамда қайта жаңғырып, қайтадан қолға қалам алғызды.

Сұлтан әкей

Мен ол кезде университетті бі­тіріп, аудандық «Еңбек туы» газетінде жұмыс істейтін кезім. Үйдегі қызыл телефон безек қақты. Күн жексенбі болатын. Тұтқаны көтердім.

– Дәке, қалайсың, балам?
– Сәлеметсіз бе, әке, өзіңіз қалайсыз?
– Жақсы, балам, сен біздің үйге кел.
– Е, не болды, әке?!
– Бір мақала бар еді, жазып тастайтын.
– Жарайды, барамын.

Содан әкей маған айтады, мен жазамын. Бір емес, бірнеше мақала жазамыз. Ол кісі жалғыз мені емес, кейде Сәулені, кейде хатшы-машинист Ләззат деген қызымызды, әйтеуір кезекпе-кезек шақырып, мақалаларын жаздыратын. Қысқа хабарлар, ақпарат болса ештеңе емес, очерк, суреттеме, фельетон жазғанда ұзаққа созылып кететін. Сондайда:

– Әй, Шолпан (кемпіріне қаратып), балама шай қойдың ба?, – дейтін.

Қайран, Сұлтан әкей. Сол өмірден өткенінше «қолынан қағазы» осылайша түспеді ғой. Тіпті көзі көрмей қалған кезде біздерге «диктовать» етіп, өзі айтпақшы «өкіртіп» мақала жазушы еді, оны қазіргі «Сыр бойына», бұрынғы облыстық «Ленин жолы», республикалық «Егемен Қазақстан» секілді газеттеріне жіберетінбіз.

Сұлтан Қожаниязов аудандық газетте ұзақ жыл еңбек етті. Тілі өткір еді, өзі өмірге құштар, жайдары мінезді, көңілді кісі болатын. Ұлы Отан соғысына қатысқан, қолына оқ тиген. Шолпан апамыз екеуі Әсия, Әлия деген егіз қыз өсіріп, тәрбиеледі. Немересі Бағдат десе ішкен асын жерге қоятын.

Соғыстағы бейнет қойсын ба, оның үстіне газеттің жұмысы да оңай емес, сол бейнет Сұлтан әкейдің көз жанарын алып тынды. Бірақ «көзім көрмейді» деп қарап отырған ол жоқ, қажетті жерден телефонмен-ақ ақпаратты алып, мақаланы үсті-үстіне жаза беретін. Телефон нөмірін өзі саусақтарымен еш қателеспей теретін.

Сұлтан әкей сол үйде отырып-ақ, жан-жақтан қаламақы алып отыратын. Мұны қазір ой елегінен өткізсем, мамандыққа, сүйген кәсібіне деген адалдығы екен ғой. Мақалаларының тақырыбы да айқайлап тұратын. Мысалы «Жарайсың, Жолбарыс!».
Ол кісінің сатирасы да өткір еді. Кезінде сатира сардары, қырғи тілді Асекеңдермен, Асқар Тоқмағамбетовпен бірге жүрген. Жазып отырған объектісін тура найзамен түйрегендей әбден масқаралайтын.


Абызбай аға


Маханбетов Абызбай аға ұзақ жыл біздің аудандық «Еңбек туы» газетін абыроймен басқарды. Ол кісі еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Одан кейінгі өмір жолы партия, кеңес қызметінде жалғасты. Көп жыл аудандық партия комитетінің идеология бөлімін басқарды.

Ағайдың менің журналист болып қалыптасуыма қосқан үлесі зор. Ең алғаш оқу бітіріп келген жылы мені мекемелерге көп жұмсайтын, іссапарға жиі жіберетін, тапсырманы да үйіп-төгіп беретін. Одан мен жаман болмаған сияқтымын. Сондағысы «жұмысқа ысылсын, қаламы төселсін, жақсыны, жаманды көрсін» дегені екен.

Ол кезде газет аптасына үш рет шығады. Көлемі кішкентай газет болғанымен, жауапкершілігі көп еді. Редактордың орынбасары Болатбек Аманбаев, жалпы бөлімде Сұлтан Қожаниязов әке, Мұхтар Сақтапов, Бекнияз Шертаев ағалар, хатшылықта жұмыстары ауысқан сайын Келдібай Уәйісов, Алтынбай Дәуренбеков, Сәуле Ерімбетова кезекпен жауапты хатшы болатын. Мейрамбек Шілдебаевтың, Үрләй Рысбаеваның, Сәрсенкүл Биқожаеваның, менің, Айгүл Уәйісованың оқуды жаңа бітіріп келген кезіміз, кейбіріміз әлі оқып жүрміз. Машбюрода көп жыл жұмыс істеген Кеңескүл Жұмабаева апамыз корректор болды да, оның орнына Ләззат Өскенбаева деген қыз келді. Фототілші Ерғали Әбдіхалықов, бас есепшіміз Айбүбі Алданова апай еді. Қазір бұл кісілердің көбі дүниеден озды. Журналист Серік Әлімбетов пен ақын Балашбек Шағыров та осы газетте еңбек етті.

Абызбай аға әрбір қызметкермен тіл табыса білді. Ұжымдағы Сұлтекең ол кезде жетпістен, ал ең жас қызметкер жиырмадан енді асқан. Шығармашылық адамы – кейде бала, кейде дана. Бәрінің де өзіндік қайталанбас мінезі бар, арқалы адамдар, қазақша айтқанда «сен тұр, мен атайындар!». Ағалардың мінезі қызық, іссапарға бару үшін бір-бірімен «сен бар да, мен бар» деп керісіп қалатын. Сондайда Абызбай аға «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», бәрінің жолын тауып, реттеп отыратын.

Осы ретте редакторлар туралы аз-кем тоқталайын. Абызбай (газетте), Балашбек (радиода) ағаларымнан басқа Тұрғанбай Болғанбаев, Асқар Кіребаевпен бірге редакцияда жұмыс істедім. Тұрғанбай ағай аз ғана уақыт редактор болса да, өте сабырлы, білімді, саяси сауатты кісі еді. Тынышбек Дайрабаев ағаны жақсы білемін. Бірақ, ол кісінің ке­зін­­де мен болған жоқ­пын. Жалпы жұртшылық газет тарихындағы ең жақсы редактор Ізхан Досмағамбетов деп айтады.

Болатбек аға

Мен газетте еңбек еткен жылдары Болатбек Аманбаев деген тау тұлғалы, бурыл шашты, сабырлы, сауатты ағамыз редактордың орынбасары қызметін атқарды. Мен ес білгелі Болатбек ағам газетте сол қызметте болды. Ағаның қатты сөйлегенін көрген емеспін. Өзінің шеткі кабинетінде «Қазақстан» темекісін бұрқыратып, облыстық, республикалық басылымдарды оқып, келген кісілермен арқа-жарқа әңгіме құрып, кейде шахмат ойнап отыратын. Сол кісі жылына оншақты ғана мақала жазатын. Мақала болғанда да, елдің есінде қалатындай өте жақсы мақалалар еді. Ол кісі мақаланы неге аз жазды? Аға саяси сауатты, білімді әрі білікті редактордың орынбасары ғана болған жоқ, сонымен бірге бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде газеттегі жұмысты ұйымдастырушы, үйлестіруші, ұжымдағы жақсы ахуалды қалыптастырушы да болды.

Мұхтар аға


Мұхтар ағаны ауданда танымайтын адам кемде-кем. Ағамыз бүкіл еңбек жолын осы аудандық газетке арнады. Ол кісі – тереңөзектік таланттардың көшін жалғастырушы керемет ақын. Мұхтар ағаның үлкен ерекшелігі сол – тума талант ақындығымен қоса, мықты жорналшылығында. Тілдік қоры бай, сөзге шешен, қаламы жүйрік. Жұмысқа келгенде, машбюрода таң атқаннан-ақ, Ләззатқа алғашқы болып, диктовка жасап жатқан Мұхтар ағаның дауысын еститінбіз. Әп-сәтте-ақ, бір шаруашылықтың зор жетістікке жеткен еңбек адамы туралы бір беттік очерк дайын болды дей беріңіз.

Мұхтар Сақтапов ағамыздың түрлі ұжымдық жиналыстар мен отырыстардағы әдемі әзіл-қалжыңы да есте қалды. Оқуды жаңа бітіріп келген бізге де оң көзімен қарап, әрқашан қолдап жүретін. Рақмет, аға, аман болыңыз!

Келдібай аға

Келдібай Уәйісов аға өте дарынды болатын, жақсы ақын еді. Журналистігі тіпті керемет. Жай ғана мақаласының өзі бір әңгімедей болатын. Қасаң қалыпқа түскен газеттік шаблондардан ада, қолтаңбасы жұрттан өзгеше еді. Өте еңбекқор, өнімді әрі өндіртіп жазатын. Оның мақалалары сол жылдары республикалық газеттерде бірінен кейін бірі шығып жататын, радиодан жиі берілетін. Жалпы ол кісінің шығармашылық ортасы сол кездегі астанамыз Алматыда болуы қажет еді. Бірақ, ауылда жүріп те, ол кісі аудандық газеттің мәртебесін барынша жоғары көтеруге атсалысты.

Соңынан келе жатқан, жазып жүрген іні-қарындастарына әрдайым қамқор болды. Біздің тырнақалды туындыларымызды, новелла, әңгімелерімізді, өлең-жырларымызды «Сәт сапар!» деп ағалық ақ тілегімен, суретімізбен жарыққа шығаратын. Біз баламыз ғой, соған мәз боп қуанатынбыз. Ағаның жақсы сөзі қанат бітіргендей, шабыттанып жүретінбіз.

Балашбек аға

Ауданымыздан көптеген талантты адамдар шыққан. Соның ішінде ақын-жазушылар да баршылық. Әбділдә Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Тоқмағамбетов, Төлепберген Тобағабылов, Сейфолла Оспан, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаева тағы басқалары. Ал «Ақжармадан» шыққан ақкөңіл Балашбек ағамыз – әдеби ортада жүрмеді демесеңіз, нағыз үлкен жүректі ақын еді.

Балашбек Шағыров ағамен үш жылдай аудандық радиохабарларын тарату редакциясында бірге жұмыс істедім. Ағаның мінезі – баланың мінезі сияқты еді, сәл нәрсеге ашуланып, сәл нәрсеге көл көсір қуанып отыратын. Сол кішкентай редакциямызға ауданның небір жақсылары мен жайсаңдары келетін. Аға шабыттанған кезде өлеңдерін оқитын. Үйі жақын, қара домбырасын әкеліп, Құрманғазының «Адай», «Кісен ашқан» күйлерін шертуші еді.

Өзі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса да, көп жыл Тереңөзек аудандық газетінде жауапты хатшы болып жұмыс істеді. Аға өзінің өлеңдеріне ән де шығаратын. Қайсыбір жылдары жергілікті сазгерлермен бірлесіп, мерейтойы қарсаңында бірнеше ән жазды. «Құлыншақ» деген ертеректе шығарған әнін ауданның оқушылары үнемі айтып жүрді.

Ағаның есімі оның батыр Бауыржан Момышұлы тура­лы жазған поэ­­масынан кейін бел­гілі болды десек, қате­лес­­пейміз.

Мейрамбек

Мейрамбек Шілдебаев деген есім бізге оқушы кезімізден таныс болды. Себебі оның жақсы мақалаларымен қатар, қызықты әңгімелері де газет бетінде жарық көрді. Кейіннен ҚазМУ-дің журналистика факультетінде бізден жоғары курс­та оқыды. Мейрамбек қандай тақырыпта мақала жазса да, оны тереңінен зерттеп, әбден қаузап, иін қандырып, тартымды етіп жазатын. Оның проблемалық, сыни мақалаларына көптеген мекеме, шаруашылық басшылары жауап беретін. Бұл оның аудандық газеттің мәртебесін көтеруге қосқан зор үлесі деп білемін.
Кеңес Одағы ыдыраудың алдында біздің ауданнан «Шаған» кеңшарының директоры Қожабек Дәдікбаев, Мейрамбек және мен Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебіне оқуға түстік. Алматыдан келгеннен кейін сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жолдасбек Ердешбаев бізді шақырып, «үшеуіңді бірдей оқытуға қаражат жоқ, Қожабек барады оқуға» деп айтты. Егер сол кезде мүмкіндік болғанда, біз де қазіргі КИМЭП-тің ең алғашқы түлегінің бірі болатын едік.

Апаларым және қыздар

Апаларым туралы да бір-екі ауыз жылы сөз айтқым келеді. Редакцияда апа дегенде үш апам болды, оның бірі – Кеңескүл апай да, екіншісі – Айбүбі апай. Кеңескүл Жұмабаева апамыз ақжарқын, жайдары, ашық, кеңпейіл, дастарханы берекелі кісі болатын. Өзі көпбалалы ана, ері ертеректе қайтыс болған. Ол «Қызметтестер хикая­сы» фильміндегі бір кейіпкер сияқты жұмыстың арасында дүкенге, тойға, асқа т.б. жерлерге барып, өз «шаруасын» әп-сәтте бітіріп келетін.

Ал, Айбүбі Абзалбекқызы Алданова апайдың көп уақыты банкіде, қаржы бөлімінде өтетін. Бас есепші болғандықтан, мекеменің бітпейтін есеп-қисап жұмыстары да оның көп уақытын алды. Ол кісі әдемі, ақылды, сабырлы, білімді әрі ұқыпты еді. Қажет жерінде батыл сөйлейтін, ұжымдағы жастарға қамқор болды. Оразхан аға екеуінің өсіріп, тәрбиелеген екі ұлы мен екі қызы да өмірден өз орнын тапқан жақсы азаматтар, қазір Астана қаласында тұрады.

Алтын апамыз кейіннен бізге корректор болып келді. Оның алдында аудандық партия комитетінде қызмет атқарған. Өзі ажарлы, жұмысқа тиянақты, сауатты кісі болды.

Ал, Сәуле Ерімбетованың жасы сәп-пәл үлкендігі болмаса, құрдасымыздай еді. Оқуды сырттай бітірді, көп жыл аудандық газетті басқарды.
Кейіннен редакцияға жұмысқа келген марқұм сіңлім Гүлсім Әлжанова да газет жұмысын жақсы меңгеріп әкеткен, өз ісіне мығым, көпшіл әрі адамгершілігі мол жан еді.

Мекеменің тазалығына жауапты Орынкүл болса – ширақ, бір тынбайтын, еңбекқор, тапсырылған іске тиянақты пысық жан. Газет редакциясы ұжымында ұзақ жыл қызмет істеп, зейнетке шыққан осы біздің – Орынкүл.

Іссапарлар

«Журналисті аяғы асырайды» деген сөз бар. Ол рас. Жүрмесең, бармасаң, көрмесең қайдан жақсы мақала жазасың?! Аудандық газетпен байланысты он үш жылда мен бармаған елді мекен, ауыл, мекеме жоқ шығар, сірә?! Жиырма төрт жасымда А.Жданов атындағы орыс мектебінің оныншы сынып оқушылары «Кім болам?» деген тақырыптағы кездесуге шақырды. Жас маман мен үшін бұл үлкен құрмет еді.
Сондай-ақ ауданның мәдениеті мен өнеріне зор үлес қосқан Жантемір Айсин және Сансызбай Сәдуақасов ағаларыммен бірге түрлі өнер байқауларына әділқазы болғанымды да мақтан етемін.

Сол кездегі Мемлекеттік әнұран авторларының бірі, жерлес ақын апамыз Жадыра Дәрібаевамен және Тереңөзектің мықты қайраткер қыздарының бірі Ұлмекен Жаналиевамен алыстағы «Іңкәрдария» ауылына барған сапарды қалай ұмытасың?!

Наурыздың басында – Алғыс айту күні. Ардагер ұстаз Алтын Нұртаева апайым маған алғыс айтыпты. Осыдан отыз жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің 1995 жылғы 11 қазандағы санында жарияланған «Адамның бір қызығы бала деген...» та­қыры­бындағы менің ма­қаламды көздің қара­шы­ғы­н­­­­дай сақтап, өзі­нің риза­шы­лығын біл­діріпті. Бұл да менің сүйікті маманды­ғымның арқасы.
Айта берсек, мақтанғандай боламыз. Бірақ, еңбек жолымда көптеген қызықты да қиын жағдайлар кездесті.

Жиырма бірге «көмек»

Сол жылдары Партияның ХХІ съезі атындағы кеңшар ауданда көкөніс, бақша дақылдарын өсіруге қадам жасап, тәп-тәуір өнім ала бас­тады. Күздің бір жып-жылы жақсы демалыс күнінде біздің ұжым сол ауылға қолдау көрсетіп, көмекке баратын болдық. Барғанша, қайтқанша автобуста ән салып, қазан толы тамақ пісіріп, самаурынға шай қойып, табиғат аясындағы бір жақсы демалыс болып еді. Шынын айтқанда, өзіміздің күн ұзағына теріп, жинаған капуста, сәбізімізді, пияз, картопты, өзіміз ауылға алып қайттық. Жолда келе жатып, «мына ауыл адамдарынан ұят болды-ау. Газеттегі аға-апалар келіп, бәрін үйлеріне тасып кетті деп айтатын шығар» деп күліп қоямыз. Сонда жастар жағы волейбол ойнап, аға-апаларымыз бір-бірімен тәрбиелік мәні бар жақсы әңгіме айтып, өлең оқып, домбыра тартып, әдемі қалжыңдасып, бір жақсы демалып қайтып едік. Қазір еске түскенде, күліп әрі мұңайып отырмын...


Соқыр жеребе


Кеңестік кезді еске алғанда, әрине дефицит, сөре астынан берілетін заттар еске түседі. Мен шамалы уақыт профсоюз болдым, менен кейін Ерхан ағамды сайладық. Сол жылдары арасында «итке сүйек тастағандай» кейбір мекемелерге аздап дефицит заттар тарататын. Бір күні екі келі үнді шайын, үш дана ерлер жейдесін және итальян етік пен бір-екі зат берді. Не істейміз? Елдің бәрінің алғысы келіп, қолын ысқылап отыр. Алдыңғы сондай зат бөлісуде үлкендерге жол бердік. Осы жолы улап-шулап, ешкім өкпелемесін, «жеребе тастайық» деп шештік. Қағазға жазып, қалпаққа салдық. Әркім бұйырғанын алды, ең бастысы Италияның әйелдер етігі еден жуушы Мейрамкүл деген қызға түсті. Ал үнді шайын тағы да апайлар мен ағайлар бөлісті. Біз тағы да құр қалдық. Бұл да болса, редакция тарихындағы қызықты күндердің бірі еді...

Баспахана

Біздің жұмысымыз аудандық баспаханамен тығыз байланысты болды. Ұзақ жыл бұл кәсіпорынды Сергей Тоқсанбаев ағамыз басқарды. Сара, Қалдыгүл, Шолпан, Рабиға, Оразкүл, Лиза, Қазына, Жұмакүл, Шынар, Орынкүл, марқұм кішкентай Қалдыгүл, тағы басқа қыз-келіншектер еңбек етті. Бақытбек сол кезде Мәскеудің полиграфия институтын бітірген аудандағы, тіпті облыстағы десе де болады, жалғыз маман еді. Бүкіл линотип машиналардың, станоктардың тоқтаусыз жұмыс істеуі соның епті қолдарына қарап тұратын.

Баспахананың міндеті тек қана газет шығару емес, сонымен бірге түрлі баспа өнімдерін, бланкілер, кітапшалар шығаратын жалғыз өндіріс орны болғандықтан, жұмыс үнемі қайнап жататын. Баспахана директоры Сергей ағайдың бір жақсылығы, өзінің ұжымына бар жағдайды жасады. Қорғасын денсаулыққа зиянды болғасын, ол аудандық май зауытынан баспахана ұжымы үшін үнемі қатық, сүт,айран, сары май тағы басқа да азық-түлік алдыртатын. Жұмысшыларының бар мұқтажын ескеріп, зыр жүгіріп жүретін. Кейде қоймадан шет елдің дефицит киім-кешектерін алып беріп, ұжымдағы қыз-келіншектерді қуан­тып қоятын.

Штаттан тыс тілшілер

Аудандық газеттің есігі қашанда кім-кімге де айқара ашық. Біздің ауыл-аумақтардағы жиі хат жазып, араласып тұратын тілшілеріміз көп болмаса да, жазғандары салмақты, ойлы бірнеше аға-апаларымыз бізге жиі келетін. Олар – ұстаздар Ажар Әзқожаева, Келес Асқаров, А.Тоқмағамбетов ауылынан жергілікті ақын Оразбек Бесбаев, шіркейлілік мұғалім Байназар Сүлейменов, темірден түйін түйген ұста Сәйділдә Садуақасов, ақын Сейтмұрат Ембергенов, С.Сейфуллин ауылынан Ұлмекен Баймағамбетова апамыз, шағандық Нағыман Әйтенов, қараөзектік Қожабек Қоянбаев және басқалары.

Бұлардың әрқайсысы сол ауылдың тыныс-тіршілігін ғана жазып қойған жоқ, елдік мәселелерді де қозғады. Сәйділдә ағамыз атадан балаға мұра болып келе жатқан ұсталықты қалай дамытамыз десе, Сейтмұрат ағамыз аудандық мұражай ашу туралы ойын жазып, сол істі өзі қолға алып, ұйымдастырған адам. Ал ұстаздар Байназар мен Нағыман ағалар елді көркейту, көгалдандыру, білім беру саласына қатысты ой-пікірлерін ашық білдіретін.

Түйін сөз

Қазір сол Аманкелді көшесіндегі газет редакциясы орналасқан қос қабатты ғимарат әуез мектебіне беріліпті. Ауылға барған сайын көзге ыстық көрінетін ғимараттың жанынан өткенде, сол ақжүрек ағалар мен кеңпейіл апалар, қатар жүрген құрбылар еске түседі. Уақыт неткен жүйрік десеңізші?! Одан бері де біраз адам бақилыққа аттаныпты.

Ғимараттың жан-жағына әр көктемде ағаш егетінбіз, оған жаздай суды тасып құятынбыз. Сонау бір жылдары бәрі жоғалып, жарықты сағаттап беретін кезде, аптасына үш рет шығатын газетті тоңып, жаурап, күні-түні жүріп, әупірімдеп шығаратынбыз. Тіпті менің өзім қыста газетті жалғыз шығарған кездерім болды. Сонда газеттің фототілшісі, марқұм Ерхан (Ерғали) Әбдіхалықов бір табақ ет не палау, тәттісі, бауырсағы бар дорба беріп жіберетін. Біз аң-таң боламыз, сөйтсек той-томалақ болып жатқан жерлерден «менің қыздарым тоңып-шаршап сендер үшін газет шығарып жатыр» деп біздің қамымызды ойлап жүреді екен. Қайран еркөңілді Ерхан ағам-ай, ол кісі де өмірден озды. Сол жылдары «буржуйка» пеш орнатып, от жағып күн көрдік. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, айлықтың орнына қымбат бағада макарон, күріш алып, оны арзанға сатып күнелткен кездер де болды. Оны қалай ұмытарсың...

Бірақ, 1939 жылдан бері шығып келе жатқан аудандық газет әлі күнге өзінің өміршеңдігін жойған жоқ, биыл 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ол бүгінде Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті деп аталады. Газетті бұл күні жас та болса, өз ісіне мығым, адамгершілігі мен азаматтығы зор ақын ініміз Ақтөре Ибрагимұлы басқарып отыр. Дені жас мамандар еңбек етуде, олардың қатарында қыздар баршылық екен. Бәлкім олардың мамандық таңдауына менің де, жазған мақалаларымның да ықпалы болған шы­ғар. Газетті әлеуметтік желі арқылы үнемі қадағалап, оқып отырамын. Шығармашылық ізденіс бар, оған әрине, қуанамын, әркез тілекшімін.

...Иә, менің өмірімнің бір белесі саналған, осы аудандық газеттің мерейтойлық жылнамасындағы жарқын жылдарды осылайша еске түсірдім. Маған тілектес болған ағаларым мен апаларыма мың алғыс. Тереңөзектің тарихының тірі куәгері – аудандық газеттің биылғы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Төл басылымның оқырмандары көп болсын! Әр парағы жақсы жаңалықтарға толы болсын!


Дәметкүл Құмақбай,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Астана қаласы


23 наурыз 2024 ж. 678 0