Оқушының жетістігі – мұғалімнің нәтижелі жұмысының көрінісі
Білімнің қайнар бұлағы мектепте қалыптасады. Бүгінде мұғалімнің мәртебесі биіктеп, кәсіби біліктілігі жоғарылай түскені мәлім. Ғасырдан астам тарихы бар №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде ағартушылық саланың бүге-шүгесіне қаныққан талай марқасқа ұстаз өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде шәкірттеріне сапалы білім мен мағыналы тәрбие беруге ұмтылған білім ошағының ұжымы ұстанған бағыт айқын. Өз кезегінде жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды саралау мақсатында мектеп-лицей директоры Үміткүл Жұмабаевамен сұхбаттасқан едік.
– Үміткүл Қонысбайқызы, өзіңіз жетекшілік ететін білім ұясының тарихы тереңде жатқанын жақсы білеміз. Өз кезегінде мектеп-лицей жөнінде кеңінен ақпарат берсеңіз.
– Қоғам қайреткері Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында ұстаздар қауымы халық баласын білім нәрімен сусындатуда. Өткен ғасырдан бері білімнің қарашаңырағы қаншама қарлығашын қияға ұшырды. Елімізге танымал тұлғалар мектеп партасында отырып, ұлағатты ұстаздан білім алды. Негізінен мектеп ғимараты 1967 жылы пайдалануға берілген. Жыл сайын оқу жылы басталмас бұрын мектеп-лицей ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіледі. Бүгінде білім ошағында 31 сынып комплектісі қалыптасқан. 630 орынға лайықтандырылған мектеп-лицейде 588 оқушы білім алуда. Сонымен қатар мектепалды даярлық тобында 49 тәрбиеленуші бар. Сыныптар бойынша оқушылар құрамы анықталып, алфавиттік кітапқа енгізілген. ҰБДҚ ақпараттық жүйесі жұмыс жасайды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалар үшін сыныптардың нақты әлеуметтік картасы жасалған. Бұл ретте бастауыш сыныптың 201 оқушысы, аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан 80 бала ыстық тамақпен қамтылуда.
– Мектеп-лицейдің негізгі бағыты – білім алушыға сапалы білімді қамтамасыз ету екені рас. Бұл ретте ұстаздарға қандай талап қойылады? Мұғалімдер біліктілігін қалай арттырады?
– Қазіргі уақытта мектеп-лицейде 84 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде, педагог-модератор – 23, педагог-сарапшы – 22, педагог-зерттеуші – 18 болып табылады. Мектеп-лицейде 10 пән бірлестігі құрылған. Осы күні ұжымның құрамы тәжірибесі толысқан мұғалімдермен қатар, жас ұстаздармен толығып келеді. Тарификациялық жүктеме оқу жылы басында және екінші жартыжылдықта қайта дайындалды. Үйде оқитын 5 оқушының іс-қағаздары жасалып, пән мұғалімдері кестеге сәйкес сабақ беруде. Апталық, семинар жиі өткізіліп, ұстаздардың тәжірибе алмасуына жағдай жасалып келеді. Сондай-ақ мұғалімдеріміз кезең-кезең бойынша уақыты келгенде аттестаттаудан өтуде. Ұстаздарды қызметке қабылдау барысында арнайы конкурс жарияланып, комиссия шешімі шығарылады. Менің негізгі талабым – ұстаздың жұмыс көрсеткіші оқушының жетістігімен саралау екені анық. Біліктілікті жан-жақты арттыра отырып, оқушының білім деңгейін, шығармашылық қабілетін ұдайы шыңдауымыз керек. №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей тірек білім ошағы ретінде 2 магниттік №131 Талғат Қозыбаев атындағы және №135 Асқар Тоқмағанбетов атындағы орта мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Биыл №35 мектеп-лицей базасында «Табысты мұғалім – табысты оқушы» тақырыбында аудандық ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің қатысуымен коучинг өткізілді. Ал аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес «Информатиканы оқытудағы жаңа тәсілдер – мұғалімнің ІТ құзіреттілігін қалыптастыру негізі» тақырыбында аудандық семинар жүзеге асты. Педагогтардың тәжірибесін жақсарту мақсатында «Lesson study» ұйымдастыру және өткізу тиімділігі қарастырылған. Білім сапасын көтеру және оқушылардың оқуға деген ынтасын жоғарылату негізінде арнайы топтар құрылып, жұмыс жасауда. Анығын айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті және тарих бірлестігі мүшелерінен құрылған «Ізгілік» тобы құрылып, зерттеу бағытына «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер аясында оқушылардың сөйлеу тілін дамыту енгізілді. Математика бірлестігі мүшелерінен құрылған «Өркен» тобы да жасақталған. Олардың зерттеу бағытына «Мәтін есептерді шығару дағдыларын жақсарту» мәселесі қарастырылды. Ал Жаратылыстану бірлестігінің «Кемел» тобының зерттеу бағытына «Оқушылардың функционалды сауаттылығын арттыру» мәселесі көзделген. Бастауыш сыныптарда «Зерде» және «Бірлік» тобы құрылған. Қос топтың негізгі бағыты – «Оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастырудың тиімді жолдары» және «Оқушылардың функционалдық сауаттылық дағдыларын қалыптастыру» ретінде құрылды.
– Оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада мен жекелеген олимпиада және ғылыми жобаларда қол жеткізген жетістігі туралы тарқатып айтып бересіз бе?
– 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар кезеңін өткізу ережесіне сәйкес, дарынды балаларды анықтау үшін қажетті жағдай тудыру, пән олимпиадасына қатысатын оқушыларды іріктеу және даярлау мақсатында №35 мектеп-лицейде олимпиада резервін дайындау орталығы құрылды. Орталық жетекшісі ретінде оқушылары аудандық, облыстық пән олимпиадаларының, республикалық, халықаралық қашықтық олимпиадаларының жүлдегерлері болып табылатын педагог-зерттеуші, мектеп-лицей тренері, география пәні мұғалімі Ажар Әбдреева бекітілді. Орталыққа 2-4 сынып бойынша 27 оқушы, 6-9 сынып бойынша 44 оқушы 10-11 сынып бойынша 32 оқушы тіркелген. Осы күні 11 пән бойынша дайындық жұмысы жүргізілуде. Пән мұғалімдері арнайы жоспар құрып, дайындықты әрқашан пысықтап отырады. Осы оқу жылында 9-11 сыныптар бойынша аудандық кезеңге 17 оқушы қатысып, оның 9-ы жүлделі орын алды. 2 оқушы облыстық кезеңде бақ сынап, 1 оқушымыз І орын жеңіп алды. Білім бәсекесінен дараланған Асылай Бектасқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Қалқоразованың жетекшілігімен республикалық кезеңге наурыз айының соңында қатысып, аудан мерейін асқақтататын болады. Осы оқу жылында алғаш рет ауыл олимпиадасы өткізіліп, мектеп-лицей бойынша 9-11 сыныптардан 25 оқушы қатысып, 9 оқушы облыстық кезеңінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Өз кезегінде 2-4 сыныптар бойынша «Бастау» математика олимпиадасының аудандық кезеңіне 3 оқушы қатысып, барлығы жүлдегер атанды. Оның ішінде 1 оқушы облысқа жолдама ұтты. Ал 5-6 сыныптар бойынша аудандық олимпиадаға 11 оқушы қатысып, 3 оқушы жүлдегер атанды, 7-8 сыныптар бойынша 18 оқушы қатысып, 14 оқушы жүлдегер атанып, облыстық кезеңге 2 оқушы жолдама алды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде оқушыларымыз үздік нәтиже көрсеткені үшін «Ең үздік олимпиадалық команда – 2023» номинациясымен ІІІ орын иеленген едік. 2023-2024 оқу жылында ғылыми жобаның аудандық кезеңінен 8 оқушы орын алған болатын. Облыстық кезеңге қатысқан 5 оқушының 3-еуі алғыс хатпен марапатталса, 2-еуі І және ІІ орын иеленді. Республикалық кезеңге қатысқан топтық жоба І орынға қол жеткізді. Бұдан бөлек, шығармашылыққа бейім оқушыларымыз республикалық деңгейдегі эссе байқауларында топ жарып жүр.
– Биыл мектеп-лицейден қанша оқушы бітіріп шығады? Олардың ҰБТ-ға дайындығы қалай жүзеге асырылуда?
– Мектеп-лицей бойынша 2023-2024 оқу жылында 11 сыныпты 28 оқушы бітіреді. 11 «а» сыныбында 16 оқушы, 11 «б» сыныбында 12 оқушы білім алуда. Қыркүйек айынан бастап ҰБТ-ға дайындау мақсатында арнайы бұйрықпен пән мұғалімдері бекітілді. Дайындық сабағының кестесі бекітіліп, таңдау пәндері нақтыланды. Мектеп-лицей бітірушілерінің арасынан 6 оқушы – «Алтын белгіге», 2 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер ретінде ұсынылды. Оқушылардың білімін жан-жақты толықтырып, ізденуге бейімдеу үшін «Юстади», «Тест центр», «Қазбілім» секілді орталықтармен байланыс орнатылып, сынама тесттер алынып келеді.
– Бүгінде бала тәрбиесіне қатысты сан түрлі мәселе қоғам өмірінде қозғалып жүр. Білім ошағында тәрбие бағытында нендей жұмыстар жасалуда?
– Біздің оқушыларымыз шығармашылық байқауларда бақ сынап, жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ата-анамен тығыз байланыс орнатып, тәрбие мәселесін алдыңғы орынға қоюға мүдделіміз. Сынып сағаттары өткізіліп, тәрбие бағытында пысықталуға тиісті жұмыстар жүзеге асырылады. Әрине оқушының тәрбиесімен қатар, шығармашылық әлеуетін арттыру жолға қойылған. Оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындар алып келеді. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Ләйла Сағымбаева «Үздік тәрбие ісі жөніндегі орынбасар – 2023» байқауының аудандық кезеңінде өзінің жоғары кәсіби деңгейін және озық іс тәжірибесін көрсеткені үшін І дәрежелі диплом иегері атанды. «Үздік сынып сағаты – 2023» облыстық сырттай байқауында жас ұстаз Жансая Қорғанбай жүлделі І дәрежелі диплом иеленді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлнұр Кенбаеваның жетекшілігімен оқушыларымыз елорданың 25 жылдығына орай өткізілген «Мен сенемін жастарға» ҚР үздік дарынды жастардың форумына қатысып, І дәрежелі дипломға қол жеткізді. Мұндай жоғарғы жетістіктер шығармашылық және спорт бағытында жеткілікті. Биылғы оқу жылынан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына сәйкес, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» жұмыс жасауда. Арнайы орталықтың жұмыс жоспары бойынша ата-аналардың қатысуымен танымдық, тағылымдық іс-шаралар, кездесулер, арнайы сабақтар өткізілуде. Айта кетейік, сәуір айының екінші он күндігінде ата-аналарға ашық есік күні өткізіледі.
– Бастауыш сыныптар бойынша ұстаздар қауымы осы оқу жылында қандай жетістіктерге қол жеткізді?
– Бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысы қашанда күрделі. Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушылардың сауатын арттыруға негізделген сабақ жоспары бекітілген. Біздің мұғалімдеріміз оқушыларға сабақ берумен қатар, сан түрлі шығармашылық байқауларға қатысуда. Атап айтқанда, «Бастауыш сыныптағы дүниетану пәнінің Үздік мұғалімі – 2023» аудандық байқауында Айжан Ермағанбетова ІІІ орын еншіледі. «Алтын тұғыр» бастауыш сынып педагогтерінің математикалық олимпиадасында «Зерде» ғылыми жоба қорғау байқауында «Бастау» математикалық олимпиадасында «Кенгуру» математикалық олимпиадасында, «Бала дарын» балалар шығармашылығын дамыту орталығының ұйымдастырумен Мұқағали Мақатаев өлеңдерін мәнерлеп оқудан республикалық байқауында мектеп оқушылары дараланып, үздіктер қатарынан көрінді. «Бастауыш сынып сабақтарында оқушыларды табысқа жетелейтін тиімді тәсілдер» тақырыбында өткізілген облыстық семинарда үздік сабақ, іс-тәжірибесімен бөліскен мұғалімдер Шолпан Абенова, Айжан Әлиева, Перизат Омарова, Жұлдыз Есназарова, Айжан Жұмабекқызы сертификатталды. ҚР оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы математикадан бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Педстарт» олимпиадасында Жұлдыз Есназарова ІІІ дәрежелі дипломға қол жеткізді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Балтабай ОРДАБЕКОВ