Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздарға құрмет көрсетілді

Ұстаздарға құрмет көрсетілді

16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Тәуелсіздік тұғырым» тақырыбында ұстаздарды ұлықтау жиыны өтті. Келелі кездесуге облыстық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Есқалиева, аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Ашықбаев, сала ардагерлері мен мамандары, мектеп және балабақша директорлары, Жастар кеңесінің мүшелері қатысты.

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқан болатын. Жыл бойы еңбек етіп, ерекше ілтипатқа бөленген ұстаздар қауымы барлық құрметке лайық. Ағартушылық мамандықты игеріп, халық баласын оқытуда кәсіби ұстанымынан таймаған мұғалімнің мәртебесі қай кезде де биік. Жиында сөз алған облыстық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Есқалиева ұстаздардың жыл көлемінде атқарған қызметін ерекше бағалап өтті.

– Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Әрқашан оқушының зейінін ашып, қажырлы еңбек ету нағыз көрегенділік. Жылдар бойы баламен жұмыс жасап, зейнетке шыққан ақылшы ұстаздарымызға бас иеміз. Еңбегін бағалаймыз. Мұғалім мәртебесін жоғары қоятын әріптестерімізді назардан тыс қалдырмаймыз. Белсенді жас мамандарды ынталандырып отырамыз. Егемен еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеуде зор үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаздарға лайықты құрмет көрсету – парызымыз, – деді Гүлнар Бабабекқызы.

Басқосуда білім саласының ардагерлері Бақытжан Абдулпаттаев, Дина Омарова, Әбсәлім Ахмедияровқа құрмет көрсетілді. Сонымен бірге аудандық мәслихат депутаты, «Нұрсәби» балабақшасының меңгерушісі Жанат Нәлібаеваны әріптестері зейнет демалысына шығарып салды. Ал жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей ұжымы «Әлеуметтік әріптес», №137 орта мектебі «Ынтымағы жарасқан ұжым» номинациясымен марапатталды. Сонымен бірге бірқатар мектеп және балабақша директорлары мерекелік марапатқа ие болды. Жыл көлемінде жемісті еңбек еткен ұстаздар қауымына «Бір көлік» шипажайына жолдама берілді. Олардың қатарында Жастар кеңесінің белді мүшелері бар.

Жиын соңында сала ардагерлері білім саласы қызметкерлерінің еңбегін елеп жатқан кәсіподақ комитетіне ерекше алғыс айтты. Жақында тағайындалған облыстық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Есқалиеваның қызметіне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
21 желтоқсан 2020 ж. 629 0