Еңбегімен еленген есепші
Есепші мамандығы қашанда ескірмейтін, өміршеңдігін жоймайтын мамандықтардың бірі саналады. Өйткені қай кезде де есеп-қисаппен жасалатын жұмыс кенжелеп қалған емес. Қазіргі таңда Сырдария аудандық ауруханасында есепші болып жұмыс жасайтын білікті маман – Мейрамкүл Алдабергенова өз ісінің шебері. Мереке қарсаңында 41 жыл медицина саласында еңбек еткен жанмен дидарласудың сәті түскен болатын.
Кейіпкеріміз Тереңөзек кентінде 1966 жылы дүниеге келген. Жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын Мейрамкүл Сермағанбетқызы сол кездегі А.Жданов атындағы №36 орта мектебінің табалдырығын аттап, ұлағатты ұстаздардан білім алып шығады. Оның алғашқы еңбек жолы аудандық ауруханада хатшы қызметінен басталады. Кейіннен сала маманы Қызылорда қаласындағы совхоз техникумында есеп және аудит мамандығын меңгереді. Білімін одан әрі жетілдіру үшін «Болашақ» университетінің түлегі атанады. Білікті маман хатшылық қызметтен кейін тіркеу бөлімінде, кадр бөлімінің инспекторы, есепші ретінде тәжірибе жинақтайды. Тәжірибелі маманның қызметтік міндеті орасан. Есеп-қисапқа епті маман қателесуге жол бермеуі керектігін еш уақытта естен шығарған емес.
– Әріптесім жайлы сөз қозғағанда оның қызметіне деген адалдығын ерекше атап өткім келеді. Мейрамкүл өзінің сабырлы да салмақты мінезімен көптің көңілінен шыққан маман. «Жүзі игіден түңілме» демекші, әркез жайсаң мінезімен, қажыр-қайратымен дараланып тұрады. Ең басты қасиеті – қарапайымдылығы, – дейді әріптесі Айнұр Сағатбаева.
Мейрамкүл Сермағанбетқызы қызметте абыройлы, тәжірибелі маман болса, берекелі шаңырағында сүйікті жар, аяулы ана. 1994 жылы тереңөзектік азамат Сапиян Оспановпен отау құрып, үш баланың анасы атанды. Бір саланың пұшпағын илеп жүрген ерлі-зайыпты қызмет жолында танысып, үлкен өмірге қадам басады. Өмірлік серігі Сапиян Оспанов та аудандық ауруханада бас есепші қызметін атқарған.
– Әр саланың өз қызығы мен қиыншылығы болады. Біздің мамандық ең бірінші адалдықты, мұқият болуды талап етеді. Және де қателікті кешірмейді. Бүгінде аудандық ауруханада жалақы жөнінен 3 есепші жұмыс жасаймыз. Ертеректе айлықты қолдап есептейтінбіз, қазіргі таңда барлығын арнайы бағдарлама көмегімен істейміз. Кейде айлық аударымдарында түсінбеушіліктер болып тұрады. Сол сәтте әріптестерге сабырлылықпен түсіндіруге тырысамыз. Осы салада жүріп мамандығыммен қатар, өмірлік серігімді адаспай жолықтырдым деп айта аламын, – дейді өз ісінің маманы.
Мейрамкүл Сермағанбетова бүгінде адалдық пен сабырлылықты өмірлік ұстанымына айналдырған.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА