Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарт қаржыгер

Қарт қаржыгер

Мемлекет бюджеті мен қаржы нарығын реттеуде қаржыгерлердің еңбегі ерекше. Әсіресе, осы саланың қыры мен сырын меңгеріп, ұзақ жыл жемісті қызмет еткен сала ардагерлерінің еңбегі ерен екені белгілі. Атаулы күн қарсаңында біз аудан экономикасының өсіп-дамуына елеулі үлес қосқан сала ардагері Кенжегүл Әбдікәрім туралы жазуды жөн көрдік.

Әбдікәрім – қаржы саласының беделді ардагері. Қар­жыгер – 32 жыл бойы аудан эко­номикасының дамуына айтулы үлес қосқан майталман маман. Бүгінде сексен жасқа келген ардақты ана дүние дидарын Тереңөзек ауда­нында ашып, «Қызылдихан» ор­та мектебінде оқыған. Мектеп бі­тірген жылдары алғашқы еңбек жолын бастап кетеді. Қызылорда қаласындағы «Целлюлоза» картон зауытында бес жыл қарапайым жұмысшы болады.

Білімге құштар, есепке жүйрік Кенжегүл апай есепші мамандығын меңгеру үшін Семей қаласындағы экономикалық техникумға оқуға түсіп, экономист мамандығын мең­гереді. Туған жердің экономикасына атсалысу мақсатымен Тереңөзек аудандық қаржы бөліміне қызметке келеді. Бас есепші қызметіне ор­наласқан жас маман осында тапжылмастан 30 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Қызметіне адал бо­лу, іздену, секілді жауапкершілігі мол салада жемісті қызмет еткен білікті қаржыгердің тәжірибесі толысып, көптеген жас мамандарға ақылшы ұстаз бола білді.

– Ауданның қаржы саласы қай­нап жатқан қазан іспеттес. Елі­мізде бірнеше рет болған инфляция, мекемелердің есеп-шотында тиісті қаражаттың болмауы, банк­терде нақты ақша тапшылығы, т.б. қиындықтарды өткіздік. Бюджет тапшылығы орын алғанда ең­бекақы заттай немесе басқа да тү­рімен есеп айырысатынбыз. Зей­неткерлердің зейнетақысы ке­ші­гіп төленетін. Сонда да болса халық­тың ерік-жігері, ертеңгі күнге деген се­німі жоғалған емес. Тұрғындар қиыншылықтан шығу жолында дорба арқалап, сауда-саттық жасады, – дейді қарт қаржыгер.

Қаржы майталманы тәуелсіздік жылдарында да болған қиыншы­лықтарды еңсеруге атсалысты. Ұлт­тық валюта енген уақытта қаржы саласындағы өзгерістер ел экономикасында жаңа кезең басталғанын айтады.

– Ұлттық валюта – егемен­ді­гіміздің төл туындысы. Оны алғаш көргенде қуанбаған жан қалмады. Ескі рубльден арылып, теңгемізді қолымызға ұстадық. Банктерде ақ­ша айырбасталды. Теңгенің құ­ны өзге елдің валютасынан кем түс­пе­ді. Экономиканың тұрақталуы бай­қалды. Қордаланған қарыз, зей­нет­­керлерге берешек ақша бір­те-бірте өтелді. Халқымыздың әл-ау­қаты жақсара бастады. Тәуелсіз­діктің жемісін көргеніме шүкіршілік етемін. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ауданның қаржы саласында абыройлы қызмет еттім, – дейді са­ла ардагері К.Әбдікәрім.

Кенжегүл Әбдікәрім ұзақ жылғы абыройлы қызметінің арқасында көптеген наградалаға ие болып, құрмет-қошеметке бөленді. Атап айтқанда, «Қазақстан қаржы, жос­пар­лау, банк жүйесіне 90 жыл» төсбелгісімен, «Сырдария ауда­ны­ның құрылғанына 90 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Аудан әкімі мен тиісті сала басшыларының «Алғыс хатына» да ие болды. Қазіргі уақытта жасы сексенге келген ардақты ана – Қызылорда қаласының тұрғыны. Ол кісі немере-шөберелерінің қы­зы­ғын көруде.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
15 қараша 2022 ж. 317 0