Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көп жылғы бейнеттің мерейлі зейнеті бар

Көп жылғы бейнеттің мерейлі зейнеті бар

«Қос тойың қабат болсын» дейді қазақ. Аманкелді ауылындағы білімнің қарашаңырағында қос емес, үш бірдей той, үш бірдей қуаныш. №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейі үш бірдей білікті маманды құр­метті зейнет демалысына шығарып салды. Бұл – мерейтой әрі мәртебе.

Оқу ордасы дирек­торының бас­тауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Роза Смайло­ва, тех­ни­калық қыз­­­мет­кер­лер Әтіркүл Дүйсен­бе­ко­ва мен Райхан Мам­ре­евалардың құр­метіне мерекелік іс-шара ұйым­дас­тырды. Салтанатты жи­ынға ауылдық округ әкімі Мей­рамбек Нұрғалиев, мектеп-лицей директоры, аудан­дық мәслихат депутаты Зейнұр Қайрад­динұлы жә­не мұ­ғалімдер мен оқу­шылар қатысты.

Роза Смайлова 1961 жылы Қызыл­орда облысы, Сырдария ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келген. М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеде білім алып, 1982-1985 жылдары №174 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарған. Кейін Қызылорда пе­даго­гикалық институтының (КОПИ) Пим­но факультетінде білімін жалғастырады. Жо­ғары санатты ұстаздың жалпы ең­бек өтілі 39 жылды құраса, оның 36 жылы №42 мектепте өткен. Роза апай осы жылдар аралығында өзін жоғары білікті педагог, жаңашыл да талапшыл, өзіндік стилі бар тәжірибелі ұстаз ретінде таныта отырып, өскелең ұрпаққа са­палы білім мен саналы тәр­бие бере білді. Еңбегі еленген мұғалім мәртебе төрінен көрініп, талай марапатқа ие болған. Атап айтар болсақ, 2016 жылы Қазақстан Респуб­ликасының «Мәртебелі маман» медалімен, 2011 жы­лы аудандық білім бө­лімінің «Құрмет грамотасымен», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универ­си­теті рек­торының «Алғыс хаты­мен», 2014 жылы Облыстық білім басқармасының «Құрмет грамота­сымен», 2019 жылы Қор­қыт ата атындағы ҚМУ ректорының төсбел­гісімен, 2019 жылы аудан әкімінің «Ал­ғыс хатымен» марапатталды. Бұл – білікті ұстаз жетістіктерінің бір парасы ғана. Бұдан бөлек, түрлі олимпиадалар мен байқауларда үздік шығып, арнайы жинақтарда баяндама, мақалалары жарық көрген Роза Әбдірейқызы заманына сай білімді шәкірттер тәрбиелеуді өзінің парызы деп біледі.

Ал Әтіркүл Жаппасбайқызы 1961 жылы Аман­келді ауылында көпба­лалы отбасында дүниеге келген. Әтіркүл апай алғашқыда «Ауылдық тұты­нушылар мекемесінде» жұмыс істеген. 1987 жылы №42 Қ.Байма­ған­бетов атындағы мектепке жұ­мысқа қа­былданған ол осы күнге дейін білім ордасында абыройлы қызмет етті. 4 қыз, 2 ұл дүниеге әкел­ген аяулы ана, 23 немеренің ардақты әжесі. Балалары ұстаздық жолды таңдап, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға өз үлес­терін қосуда.

Мамреева Райхан апай 1961 жы­лы Шиелі ауданы Тартоғай елді ме­­ке­­нінде дүниеге келген. 1980-1981 жыл­дары Жамбыл облысында есепші мамандығы бойынша білім алып, 1981 жылдан бастап Тартоғай елді мекенінде есепші болып еңбек жолын бастаған. Кейін тұрмыс құрып Аман­келді ауылына табан тіреген. 1985 жылы Тасбөгет кентінде «Ауыл шаруашылығы бөлімінде» есепші болып, 1986-1987 жылдары «АХАЖ» бөлімінде іс жүргізуші болып қызмет атқарған Райхан Әбдімәлікқызы 2007 жылдан бастап №42 мектеп-лицей жұ­мыс істеп келеді.

Салтанатты іс-шараға қат­ысып, ұс­таз­дардың қуа­нышына куә бол­ған ауыл әкімі Мейрамбек Қылышбекұлы:

– Бүгін еңбекті ба­ғалау күні болды. Бұл – ұзақ жылдар бойы бейнет көріп, құрметті зейнет демалысына шыққан ұстаздарымыздың мерей­тойы. Білім саласында абыроймен атқарған еңбектеріңізге алғыс біл­діреміз. Жас ұрпақты тәр­биелеу жолында келешек ұрпаққа үлгі бола біл­діңіздер. Ендігі жерде бейнеттің зейнетін көріп, немере-шөберелердің ортасында ұзақ жасаңыздар, – деп тілектестігін білдірді.

Бұл кеште білім ордасында ұзақ жыл қызмет етіп, бала тәрбиелеу ісінде ерен еңбек сіңірген ұстаздарға құрмет көрсетілді. Қазақы дәстүрге сай, сый-сияпат та табысталды. Оқу­шылар ұстаздарына арнап ән айтып, өлең оқыды. Білім саласының майталмандары ұйымдастырушылар мен ұжымдастарына ерекше алғыс білдірді.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

30 қазан 2021 ж. 347 0