Білім саласының білгірі
Халық даналығында «Мұғалім – мектеп жүрегі» деген тәмсіл бар. Шын мәнінде, ұстаздық қызметтің шыңына жеткен білікті педагогтың шәкірті үшін бар білімін сарп ететіні мәлім. Қашанда білім нәрімен әрбір оқушысын сусындата білген кейіпкерім Күмісқал Қожаріпова нағыз майталман маман ретінде көпшілікке танылған. Жүрек қалауымен ұстаз болуды қалаған жан өз ісінің білгірі саналады.
Қыз күнінен үлкеннің тәрбиесін жадына тоқыған Күмісқал Қожаріпова әке аманатын нақ орындаған жан. Қарапайым отбасында 9 ағайындының үлкені атанған қызына Тыныштықбай әке көркем әдебиетті үнемі оқуды үйретеді. Негізінен, бала бағбаны атана білген ұлағатты ұстаз – Шіркейлі ауылының тумасы. Ол – аталған ауылдағы орта мектептен білім алып, тағылымды ұстаздарының ізгілікті жолын жалғаған.
– Расында, ұстаздық мамандықты таңдауыма әкем себепкер болды. Біздің уақытта жаңадан кітап жарыққа шықса, «Жұлдыз» журналына қысқаша мазмұны жарияланатын еді. Осылайша, әсері мол шығармаларды оқып, көркем әдебиетке деген қызығушылығым оянды. Шығармаларды әкем екеуміз талдап, әрбір кейіпкер өмірін жіктеп айтушы едік. Осындай іс-әрекетімізді анам – Ақшагүл қызыға тамашалайтын. Негізінен, мектеп қабырғасында жүрген кезімізде болашақта ұстаздық қызметке келуіме қажыр-қайратын білім саласына арнаған Машура Акмалова көп көмектесті. Ұлағатты жанның жол нұсқауымен сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтына оқуға түстім. Өз кезегінде ауылдағы білімнің қарашаңырағы саналатын №129 Қызыл ту орта мектебіне қызметке келгенімде ақылман бірнеше аға-апаның қамқорлығын сезіндім. Жас маман ретінде келген мені барынша тәрбиелей білген ұстаздар қатарында Әуесхан Палымбетов, Дайрабай Әлиасқаров, Дүйсенбай Ертаев, Әнуар Әбенов, Байназар Сүлейменов, Жібек Азаматова бар, – дейді К.Қожаріпова.
Жалпы, Шіркейлі ауылының топырағынан талантты жандар көптеп шыққаны мәлім. Сыр салысымен аты шыққан ауыл халқының тең жартысы өнерден кенде емес екендігін жақсы білеміз. Киелі топырақтан түлеп ұшқан Күмісқал Тыныштықбайқызы би өнерімен кәсіби түрде айналысқан. Уақытысында жас ұстаз аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірге үлкен сахнада өнер көрсеткен. Оның биге баулыған ұстазы облысқа белгілі «Нұргүл» ансамблінің белді мүшесі Гаухар Қарғабекова екенін айта кетейік. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шіркейлі ауылына келін болып түскен Гаухар Қарғабекова Күмісқалды шәкірт ретінде тәрбиелеп, облыс көлемінде би байқауларында топ жаруына жағдай жасаған. Қашанда байсалды қалпынан таймайтын майталман маман білім саласы қызметкерлеріне арналған «Наурыз шапағаты» фестиваліне сан мәрте қатысып, жүлделілер қатарынан көрінген.
Өзі ізінен ерген 8 бауырына бас-көз бола жүріп, көпбалалы отбасынан шыққан ауылдасы Бағдат Құдайбергеновпен отау құрады. Бұл ретте, біз ұрпақтар сабақтастығы үйлесім тапқан ерекше мағынасы терең, өнегелі іске қанықтық.
– Менің қайын атам – Әмірғали Құдайберген ауылдағы мектепте 40 жылға жуық басшылық қызмет жасаған. Келін болып түскен отбасымда педагогика саласында қажырлы еңбек еткен ұстаздар легі жеткілікті. Екінші анам – Шырынкүл, жолдасымның бауырлары мен жеңгелері халық баласын оқытуда жан аямай бар қызметін арнаған жандар. Текті әулеттің төртінші келіні болған мен – бақыттымын. Үлкендердің ақ батасын алып, әрбір ісімді ақыл-өнегемен бастадым, – дейді ақ жаулықты ана.
Расында, өмірдің екі тірегі бар. Ол – жақсы дүниені үйренуден жалықпау, өзгеге үйретуден аянбау. Қай кезде де, іздене жүріп, шәкіртіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңнен оқытқан жан кейінгі буынға айтары бар жанға айналды. Тынымсыз еңбегімен ауыл жұртшылығынан алғаусыз алғыс алған Күмісқал Тыныштықбайқызы мұғалімдік қызметтегі 35 жылдан аса еңбек өтілінде орасан жетістіктерге қол жеткізген.
– Мектеп қабырғасында жүргенімізде көркем әдебиетті оқуға машықтандырған ұстазымыз Күмісқал апайды айрықша құрметтейміз. Білім ошағының әр жылдары үздіктер қатарынан көрінуі – білікті ұстаздардың арқасы деп білемін. Ұжымда беделі биік, абыройы асқақ Күмісқал Тыныштықбайқызы білім саласы бойынша көптеген жетістіктен көрінді. Оның шәкірттері аудан, облыс, республика көлемінде Абай оқуларының жеңімпазы атана білді. Білім деңгейі жоғары маманның оқушылары ақын Мұқағали Мақатаев, Махамбет Өтемісұлы өлеңдерін жатқа оқып, еліміздің үздік көркем сөз шеберлерінің қатарынан көрінді. Ал кәсіби ұстаз осыған дейін «Жыл мұғалімі» номинациясын иеленіп, мерейімізді тасытты. Көптеген марапаттары ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», «Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл» мерекелік медалі ұлағатты жанның мәртебесін биіктетіп тұрған жайы бар. Айта кетейік, Күмісқал апайдың шәкірті Жанбота Тәңірберген өткен жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Менің Отаным – менің бастамам» тақырыбындағы байқаудың ІІ орын иегері атанды. Осы жетістігі арқылы талантты оқушы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» номинациясына қол жеткізді. Жаңа оқу жылы қарсаңында әріптесімізді аудан әкімі Берік Сәрменбаев қабылдап, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Өз кезегінде мектебіміздің мақтанышы бола білген ұлағатты жанды жоғарғы марапатымен құттықтаймын, – дейді №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің директоры Жанболат Назаров.
Аяулы жан бізбен әңгімесінде отбасында орын алған қуанышты жаңалықты жеткізді. Жақында Бағдат аға мен Күмісқал апаның шаңырағында той болып, кенжесі Мұхамедәлі келін түсірген. Ал үлкен қызы – Ақеркеден ғибраты мол жандар 5 немере сүйіп отыр. Үйдегі отағасы Бағдат Құдайбергенов құрылыс саласында еңбек етеді. Әрқашан үй мен мектептің ортасын жол қылған ұстаз өзінің мұғалімдік қызметі жөнінде аз-кем әңгімеледі.
– Білім саласы қашанда ұстазға зор жауапкершілік жүктейді. Ұстаздық қызметтегі тәжірибеме сүйеніп, жастарға көптеген ізденіс керектігін айта кетейін. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөздің терең мағынасын сезіне білген жандар нағыз мұғалім атанады. Бұл ретте, мен бастауыштан келген әрбір оқушыны тереңнен зерттеймін. Көзінен от ұшқыны жалындаған баланы іздеймін. Қабілеті бар оқушыны көркем әдебиетке баулимын. Әрине, алдымызда отырған 25 баланың барлығы әдебиетші, филолог болып кетпесі анық. Дегенмен, құндылығымыздың қайнар көзі саналатын әдебиетке жақын болған оқушы білімдар атанары рас, – деді ұлағатты ұстаз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ