Бәйшешек – көктем жаршысы
Шұғылалы көктемнің алғашқы белгісі – бәйшешектің гүлдеуі. Сондықтан көктем мен бәйшешек – егіз ұғым. Бәйшешектің гүлдеуін қазақ даласы жақсылықтың, қуаныштың жаршысы деп қабылдаса, табиғат ананы қуанышқа бөлейтін бұл гүлді «көктем хабаршысы» деп те атайды. Бәйшешек көктемнің басында, қыстың қары кетер-кетпестен қара жердің бауырын жарып шығатын, тау бөктерінде, таулы ормандарда, дала алқаптарында қаулап өсетін күй талғамайтын гүл. Бәйшешек – көктем гүлі, үміт гүлі.
Бүгінде әлемде бәйшешектің 100-ге жуық түрі бар. Әлемнің көптеген елінде жыл сайын 19 сәуір дәстүрге айналған көктемнің мерекесі – Бәйшешек күні аталып өтіледі. Көктем гүлінің латынша атауы – галантус. Қазақшалағанда «сүт» және «гүл» деген сөздерден шыққан. Яғни қазақша атауы «сүт тамшысы» деген мағына білдіреді. Шын мәнінде бәйшешектің аппақ қауызы қатып қалған сүт тамшысына ұқсайды. Бәйшешек ерте көктемде шығатынына қарамастан, ол 10 градус аязға да төзе алады. Мұндай суыққа төтеп беруінің себебі сабағындағы жұқа түктерден тұратын өзіне тән қабығының болуы.
Сіз білесіз бе, бәйшешек гүлі қанша мекенде өссе, сонша түрлі түсте болады екен. Мәселен, Алтай өңірлерінде сары түсті және ұсақ болып келсе, Кавказ өңірлерінде ақ түсті, ортасында кішкентай жасыл түсті тұқымшасы болатын көрінеді. Сонымен қатар көгілдір-күлгін, енді бір жерде көк, тағы бір аймақтарда сары болып келеді. Біздің елімізде ақ түсті бәйшешек көп кездеседі. Бәйшешек коллекцияларын жинайтын жандарды «галантафолик» деп атайды екен.
Бәйшешектің сиреп кетуіне байланысты 2006 жылдан бастап бұл гүл «Қызыл кітапқа» енгізілген. Қазақстанның «Қызыл кітабынан» ерекше гүлдің екі түрін кездестіруге болады. Бүгінгі таңда көктем жаршысына айналған осынау нәзік гүл еліміздің Іле, Жетісу, Күнгей Алатауында, Кетпен жотасында, Қаратауда өседі. «Қызыл кітапқа» енген өсімдікті жұлғандар айыппұл төлейді, тіпті үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Қызыл кітапқа» енген кішкентай гүлдің күлтелерінің көптеген ауруға емдік қасиеті бар. Бронхит, өкпе туберкулезі және құрыспа ауруларында бәйшешектің тамырын сүтке пісіріп берсе ем болады. Сонымен қатар гүл буын ауруларына, қақырық түсіретін, несеп айдайтын, аздап іш жүргізетін, қан құрамын жақсартатын қасиеттерге ие. Көктем гүліне байланысты көптеген аңыз да кездеседі. Сол аңыздардың желісімен ерте көктемде бүр жаратын бәйшешекті «үміт гүлі» деп те атайды.
Ерте көктемнің ызғарына қарамастан қар астында бүр жаратын бәйшешек гүлі жаңа өмірге деген үміт пен батылдықтың символы ретінде қала бермек. Әрқашан көктем жаршысына айналған бәйшешек гүлінің жер бетінен жоғалып кетпеуіне адамзат өз үлесін қосып, зиянын тигізбегені абзал.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Фото: Мassaget.kz