Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздан шәкірт озар...

Ұстаздан шәкірт озар...

Ел болашағының жарқын болуы білімді, жан-жақты, тәрбиелі, жалынды ұрпақтың қолында. Келешегіміздің келісті келбетін қалыптастыру бүгінгі жасөспірімнің сапалы білім алуымен тікелей байланысты. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Әбілмансұр Рүстемовтің де, 10 сынып оқушысы Айзада Ерланқызының да арманы – адам жанына араша түсер білікті дәрігер болу. Білімді оқушылар болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Әбілмансұр асқақ арманы жолында төменгі сынып­тан бастап өз бағытын таңдап, сол бойын­ша білімін жетілдіріп жүр. 7 сыныпта оқып жүрген кезінен бері болашақта таңдайтын пәнін, мамандығын анықтап, алдына үлкен мақсат қоя білген. Арманы анық, мақсаты айқын бозбала өзінің жарқын болашағы жолында нық қадам жасап келеді. Оған ата-анасы, ұстаздары әркез қолдау білдіреді.

– Әбілмансұр – мектебіміздің бетке ұстар оқушы­ларының бірі. Биология және химия пәндерін сүйіп оқиды. Пән мұғалімі Әбілмансұр­дың талабын аңғарып, оқушыны қолдап, осы бағытқа жан-жақты дайындап келеді. Әбілмансұр мектептің ғана емес, ауданымыздың мақтаны­шы десек болады. Жақында ХҮІ Прези­денттік пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінде топ жарып, жүлделі екінші орынды иеленіп келді. Осылайша ата-анасының ғана емес, мұғалімдерінің, ауданның мәртебесін көтерді. Өзі артық сөзі жоқ, нағыз ер азаматқа тән мінезі бар, салмақты, сабырлы жігіт. Мақса­ты айқын оқушымыздың болашағы зор үміт күттіреді, – дейді Әбілмансұрдың сынып жетекшісі Айгерім Әмзеева.

Бұған дейін де аудандық, облыстық олимпиа­далар мен білім сайыстарында бақ сынап жүр­ген Ә.Рүстемов Президенттік олимпиадаға жараты­лыс­тану-математика циклындағы химия-биология пәні бойынша қатысқан. Еліміз бойын­ша 199 оқушы бақ сынаған олимпиада нәтижесін­де аудан намысын қорғаған оқушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломымен марапат­талған. Сонымен қатар «Химия-биология» білім беру бағдарламасы бойынша Әлихан Бөкейханов атындағы университетте оқудың барлық кезеңіне толық жеңілдік және Тұран университетіне 4 жылдық грант сертифика­тын жеңіп алған. Бірақ Әбілмансұр бұл жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Ол ауданға белгілі әрі ұзақ жыл халық игілігі үшін абыроймен еңбек еткен атасы Рүстем Садықов сияқты дәрігер болғысы келеді. Адал еңбек пен терең білімді талап ететін болашақ мамандығы жолында ерінбей білім алуға дайын. Айта кетейік, республикалық олимпиаданың жеңімпазы атан­ған Әбілмансұрды аудан әкімі ұстазы және ата-анасымен бірге қабылдап, алғыс айтып, сый-құрмет көрсеткен еді.

Ал Айзада Ерланқызы – мектеп-лицейдің үздік оқушыларының бірі. Қазіргі таңда 10 сынып­та оқиды. Оның да асқақ арманы – болашақта дәрігер мамандығын игеру. Осы мақсаты жолында Айзада да қазіргі таңда химия және биология пәндері бойынша дайындалып жүр.

– Айзадамен кез келген тақырыпта сөйлесе аласыз. Ол жан-жақты білімді қыз. Өзінің ерекше, әдемі әлемі бар. Сұлулыққа, әдемілікке жаны құмар. Ой-өрісі кең. Әлем әдебиетінің классиктерін жата-жастанып оқиды. Сондықтан ол кез келген тақырыпты еркін талқылай алады. Сабырлы, артық сөзбен ісі жоқ. «Біздің мектептің оқушылары» дегенде мақтанышпен көрсете алатын білім алушыларымыздың бірі, – дейді сынып жетекшісі Ақманат Серікбайқызы.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп білетін Айзада әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын сүйіп оқиды. Оның ішінде орыс әдебиетінің өкілдері жанына жақын. Таңдаған мамандығына сәйкес тиісті пәннен бөлек орыс тілі мен әдебиеті пәнін жақсы көреді. Жақында дарынды оқушы ауыл мектептерінің балаларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойын­ша олимпиаданың республикалық кезеңінде 1-орынды жеңіп алды. Республикалық додада топ жарған оқушыны осы сайысқа дайындаған ұстазы Роза Есбаеваның еңбегін атап өту орынды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, білікті маманның дайындаған оқушысы ауқымды сайыста республиканың түкпір-түк­пірінен келген оқушыларды басып озып, жүл­делі орынды қанжығалаған. Аудан, облыс намысын қорғаған Айзаданың жеңісті жолы жалғас табатынына ата-анасы да, ұстаздары да нық сенімді.

ХХІ ғасыр – білім мен біліктілік кезеңі. Қашанда білекке емес, білімге сенген ұрпақтың болашағы жарқын болған. Келешекке кедергісіз үміт артқымыз келсе, дарынды, талапты оқушыларға қолдау көрсету орынды. Бұл туралы Президент те өзінің әр жылғы Жолдауында айтып, осы бағыт бойынша нақты тапсырмалар береді. Жастар мен жасөспірімдер мәселесі, олардың білім алып, кәсіп игеруі қоғам мен мемлекет назарынан тыс қалған емес. «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дейді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Ендеше жалынды жастарымыз бен білімді ұрпаққа артылар міндет пен ертеңнен үміт көп.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
02 наурыз 2024 ж. 417 0