Республикалық кезеңге жолдама алды
Білімді ұрпақ – ел болашағы екені белгілі. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей, білімді де саналы ұрпақ қашанда ел мерейін үстем етеді. Мыңнан озып шығып, білім бәсекесінде бақ сынаған сырдариялық оқушылар да жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Жыл сайын өткізілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші (облыстық) кезеңі Қызылорда қаласында өтті. Жалпы, облыстық кезеңге Қызылорда облысынан 448 оқушы қатысты. Оның ішінде, сырдариялық бірнеше оқушы өз білімдерін ортаға салды. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі дәстүрлі форматта екі кезеңде, 13 пән бойынша жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша ұйымдастырылды. Ашықтық пен академиялық адалдықты сақтау мақсатында олимпиаданың өту процесі онлайн режимде бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.
Облыстық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша ауданның 6 оқушысы жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, №35 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Асылай Бектасқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар №210 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дәулет Асылбеков Қазақстан тарихы пәнінен ІІІ орын, №36 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Рүстем Әбілмансұр химия пәнінен ІІІ орын, №42 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Кәусар Жарылқасын химия пәнінен ІІІ орын, №36 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Айзада Ерланқызы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ІІІ орынды иеленді. Ал №210 орта мектептің 10 сынып оқушысы Сафура Сәрсенбаева Алғыс хатпен марапатталды.
Аудан мерейін асқақтатқан сырдариялық өрендерге толағай табыс тілей отырып, республикалық кезеңге жолдама алған Асылайға сәттілік серік болсын дейміз!
Таңшолпан Шанжарханова