Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырағылықты қажет ететін қауіпті мамандық иесі

Қырағылықты қажет ететін қауіпті мамандық иесі

Заман күн санап жаңарып, түрлі техника мен технологиялар қолданысқа еніп жатқаны рас. Бірақ осынау техникалық жетістіктің бірі де электр энергиясы болмаса қауқарсыз қалатынын ойладыңыз ба?! Шындығына келсек, бір сәт жарық қуаты өшсе, жұмысымыз да кейінге қалып, қолымыз жіпсіз байланып қалады. Себебі ғаламды таң қылған небір техниканың өзі электр энергиясының қуатымен ғана жұмыс істей алады.

Демек энергетик мамандардың қоғамдағы орны орасан. Тәуліктің мезгілімен, табиғат­тың тосын мінезімен санаспай жұмыс істейтін мамандардың қызметі қауырт әрі қауіпті. Кез келген адамның бұл саланы таңдауға батылы жете бермесі анық. Біздің кейіпкеріміз Алмат Тұрғанбаев – қызығынан қиындығы мол саланың білікті маманы.

– 2012 жылдан бастап электр маманы болып жұмыс істеймін. Теорияны тәжірибемен жалғастыра білу маңызды. Алған білімімізді жұмыс барысында шыңдап келеміз. Үйрен­геніміз көп, үйренеріміз қаншама?! Жас мамандармен қолдан келгенше білгенімізбен бөлісуге де дайынбыз. Әрине аталған саланың қауіптілігі басым. Неге десеңіз, электр энергия­сы көзге көрінбейді, иісі сезілмейді. Бей-жай қарауды, қателік жіберуді кешірмейді. Бір ғана қателік адам тағдырын шешуі мүмкін. Десе де мен өз мамандығымды мақтан тұтамын. Нағыз ер азаматқа тән сала деп ауыз толтырып айта аламын. Әрі күнделікті сұранысқа ие, – дейді кейіпкеріміз өз мамандығы турасында.

Алмат – Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының электр маманы. Ауданның электр жарығымен қамтамасыз етілу барысына жауапты. Өз ісінің маманы жұмыстың қауырт екенін айтады. Әдетте күндіз болсын, түн болсын уақытпен санаспай жұмыс істейтін маман халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін дауыл мен жаңбырда, ми қуырар ыстықта да қарап қалмайтындықтарын айтады. Әсіресе, қыстың қытымыр аязы мен дауылды күндері ақаудың көп орын алатыны белгілі. Сондайда қай жерден ақау кеткенін анықтап, дер кезінде жөндеу – сала мамандарының негізгі міндеті.

– Заман талабына сәйкес электр жабдық­тарының да жаңаша түрлері нарықта қол­даныс­қа шығуда. Олардың өз кезегінде тиімді тұсымен қатар қауіпті жақтары да болады. Жұмыс барысында қауіппен бетпе бет келетін кезеңдер болатыны жасырын емес. Бастысы, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет және жұмысымыз қырағылықты талап етеді. Бізге жұмыс уақытында кез келген жағдайға дайын отыру керек. Бей-жай қарауға, шатасуға болмайды. Бір ғана қателік бүкіл жүйеге, адамға зақым келтіруі мүмкін. Халықтың ризалығы мен алғысы үшін, жайлы өмір сүруі үшін күндіз-түні жұмыс жасауға дайынмын. Себебі мен өз мамандығыммен мақтанамын, – дейді тәжірибелі маман.

«Энергетика секторын дамытпай, Қазақстанның экономикасын қарқынды өсіру мүм­кін емес» дейді мамандар. Осы ретте маңыздылығы жөнінен алдыңғы қатарда тұра­тын энергетика саласын жандандыру маңыз­ды. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтып өткен еді. Нәтижесінде ауданымызда тозығы жеткен электр бағандарын жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Бұл ретте энергетика саласы мамандарының маңызы зор екені талас тудырмайды. Қай кезде де халық игілігі үшін аянбай еңбек ететін мамандық иелері үлкен сұранысқа ие. Өз кезегінде сала мамандарының жұмысына жеміс, қызметіне сәттілік тілейміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 ақпан 2024 ж. 210 0