Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз саласының білгірі

Өз саласының білгірі

Тілшілік қызметті кәсіп қылған соң түрлі сала мамандарымен сөйлесіп, әр түрлі бағыттарды зерттеп жүреміз. Қай мамандық иесімен тілдессек те, сол саланы түсінуге тырысып, ізденеміз. Есесіне, журналист тек қаламмен жұмыс жасайды деген қағиданың қателігін дәлелдейміз. Яғни қандай сала маманы ту­ралы мақала жазсақ, сол саланың қызығы мен қиындығынан қатар ақпарат алып, жан-жақты білімімізді жетілдіріп отырамыз.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – электрлық энергия сала­сының маманы. Қараңғы көшелерге жарық беріп, тоқ жүр­гізіп, халыққа қуаныш сыйлайтын мамандық иесі­мен арнайы байланыс орнаттық. Электр энергиясымен жұмыс жасау қаншалықты қауіпті болса, ауа райының қолай­сыздығына қарамастан тұрғындардың жайлылығы үшін қызмет етіп жүрген сала мамандарының еңбегі де соншалықты елеу­лі.

Ербол Ілиясовтың негізгі мамандығы қаржы саласымен тікелей байланысты. Ауданмен іргелес қоныс тепкен О.Мәлібаев ауылында туып, сонда білім алып, қызметті де осы жерден бастаған азамат бүгінде «Қымбат және К» ЖШС-нің директоры қызметінде. Өз еңбегі мен алға қойған мақсатқа деген талпыныстың нәтижесінде сатылап көтеріліп, еңбегі еленіп келе жатқан азамат бірнеше мекемеде жұмыс жасап, тәжірибе жинақтаған.

1981 жылы дүние дидарын ашқан Ербол кішкентай күнінен еңбекке жақын, тапсырылған іске тиянақты болып өскен. Қатарластарының арасында өзінің жауапкер­шілігінің жоғарылығымен, алғырлығымен ерекшеленіп, ұстаздардың, мектептің мақтанышына айналған. Кейін мектеп қабырғасын тәмамдаған соң, Қызылорда қала­сын­дағы жоғарғы оқу орнына табан тірейді. Онда экономика саласы, нақтырақ айтсақ, қаржы және несие маман­дығын игеріп шығады.


– 2002 жылы жоғарғы оқу орнын аяқтадым. Сол кезде кәсіпкерлік қарқын алып, салық саласы біршама жанданып тұрған кезі еді. Осы бағытқа, өзім оқып тәмамдаған мамандыққа деген қызығушылығым одан әрі арта түсті. Бірақ оқу бітіре салысымен әскерге шақыртылдым, – деп жалғады әңгімесін кейіпкеріміз.

«Болат қайнауда, батыр майданда шынығады» дегендей, бір жылдық әскери борышын өтеу барысында кейіпкеріміз көп нәрсені үйреніп, көп нәрсенің қадіріне жете алғанын айтады. Отан алдындағы борышын өтеу ер азаматтың парызы десек, асыл міндетті абыроймен өтеп шыққан Ербол кейінгі буынға әскерден жалтарудың қажеті жоқ екенін айтады. Бір жылдың алғашқы алты айын Отар қаласында өткізген ол кейінгі жартыжылдықта Алматы қаласында әскери борышын өтеген. Қиындығы мен қызығы мол бір жыл уақыттың қалай өткенін аңдамай қалған кейіпкеріміз өміріндегі ұмытылмас кезеңдердің бі­рі болған жылдарды тебіреніспен әңгімеледі.

Сарбаз атанып, форма киіп туған жерге оралғаннан кейін нағыз қарбалас өмір басталған. 2005 жылы жылжымалы мүліктерді тіркеу бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз кейін өзі білім алған білімнің қара шаңырағы атанған ауыл мектебіне бағдарламашы болып қызметке орналасқан. Осы жылдары аудандық «Мирас» жас­тар қоғамдық бірлестігі жұмысына белсене атсалы­сып, үйлестіруші қызметін қоса атқарған Ербол жан-жақты дамып, өз болашағының іргетасын мықтылап қалаған. Кейін 2010 жылдан бастап екі жыл көлемінде Тереңөзек ауданындағы электр торабы мекемесінде техник-есепші болып жұмыс жасаған. Ал 2012 жылдан бастап «Қымбат және К» ЖШС-де экономист болып қызметке орналасқан азамат бүгінде аталған серіктестіктің директоры қызметін алты жылдан бері абыроймен атқарып келеді.


Айта ке­тейік, «Қымбат және К» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі 2005 жылы құрылған. Осы салаға бағыт беріп, мекемені құруда үлкен еңбек сіңірген жандар туралы айтқанда Қаржау Жұмахметовтің есімін ерекше атап өткеніміз жөн. Аталған орталық Арал-Жаңақорған аудандары арасында электр жарығына қатысты сапалы қызмет көрсетеді. Тіпті, алыс аудандардағы шалғай ауылдарға электр жарығын орнату жұмыстарын да үйлестіреді. Ауа райы мен жолдың қиындығына қарамастан өз жұмыс­тарын сапалы әрі жауапкершілікпен орындайтын азамат­тарға халықтың алғысы да шынайы.

– Арнайы тендер арқылы жұмыс жасаймыз. Аудан­дарда, оның ішінде Арал, Қазалы, Жаңақорған, Қармақ­шы сияқты елді мекендерде жұмыс жасадық. Көшелерге жарық шамдарын орнаттық. Ауа райы, жол сияқты кедер­гілер қиындық келтіреді. Бірақ біздің білікті мамандардың өз жұмысына деген сүйіспеншілігі ондай қиындықтарды оңай еңсереді. Ең бастысы – сапа және халықтың шынайы разылығы. Кепілдік берілген екі жыл ішінде біздің жасаған жұмысымыздан ақау шықса, барлығын ақысыз негізде қалыпқа келтіріп те береміз. Осындай тиімділігі мен сапаның жоғарылығы тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып келеді. Серіктестік он жеті жылдан бері елге қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді, – дейді серіктестік директоры Ербол Ілиясов.


Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бүгінде 30 шақты адамды жұмыспен қамтып отырғанын да айта кету керек.

Ербол жастайынан үлкендердің тәрбиесін көріп өс­кен. Атасы Орынтай Ыбанов пен әжесі Күләйша Ыбанова жас шыбықтың қатайып, алып ағашқа айналуына ықпал еткен. Соғыс жылдарында ер-азаматтардың жетіспеуінен небәрі 11 жасында еңбекке араласқан Орынтай ата «Еңбектегі ерлігі үшін», «1941-1945 Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 60 жыл» медальдарымен ма­рапатталған.


Өз саласының білгірі Е.Ілиясов – бүгінде отбасылы, төрт баланың арқа сүйер, ардақ тұтар әкесі. Өмірлік жары – мұғалім. Екеуі 3 ұл, 1 қызды тәрбиелеп, өсіріп келеді. Ал үлкен шаңырақтың ұйытқысы Ерболдың анасы Айымкүл апа – 64 жаста. Ұзақ жыл балабақшада музыка жетекшісі болып жұмыс жасап, бейнетінің зейнетін көріп отырған жан балаларының ақ тілеушісі. Ерболдың өзі де отбасында төрт ағайынды. Үлкен ағасы ауылда дала еңбеккері болса, қарындастары да өз алдына бір шаңырақтың отын маздатып, түрлі салада қызмет етіп келеді.

Еңбекпен есейген азамат айналасындағылардан қа­таң тәртіпті талап етеді. Жауапкершілік пен адал еңбек те басты назарда. Айта кетейік, күн-түн мен демалысты бағып жатпай үнемі еңбек ететін ол өзінің жеке кәсібін де жандандырып келеді. Жастайынан жылқы малына деген зор қызығушылығы мен ынтасы Ерболды осы кәсіп­­ке бағыт алуға итермелеген. Бүгінде мемлекеттің кәсіпкерлерге арналған арнайы бағдарламасы аясында несие алып, жеке шаруашылық жұмысын үйлестіріп отыр­ған ол қосымша бір адамда жұмыспен қамтып отыр.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген. Ал еңбек еткеннің еңсесі қашан да биік екені сөзсіз. Жан-жақты ілім іздеп, кәсіп қылып, еңбектен береке тауып жүрген азамат айна­ласын­­дағыларға өнеге көрсетіп келеді. Үлкенге ізе­тін, кішіге ағалық қамқорлығын аямайтын Ерболдай азамат­тарды кімге де болса үлгі етуге болады.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 желтоқсан 2022 ж. 637 0