Білікті аға шебер
Өмірде бір рет болса да қателік жібермеуді талап ететін екі мамандық бар. Оның біріншісі – дәрігер, екіншісі – электрик мамандығы. Дәрігер адам өміріне жауапты болса, электрик өз өмірі үшін жауапты екенін ешқашан естен шығармауы тиіс.
Жалпы электриктерге қатысты «Электрик өмірде екі рет қателеседі. Біріншісі – оқуға түскенде, екіншісі – тоққа түскенде» деген әйгілі сөз бар. Электромонтер үнемі жоғары, төмен кернеулі тоқ жүйесімен жұмыс істегендіктен міндетті түрде техникалық қауіпсіздікке көңіл бөлуі керек. Әйтпесе тоқтың қауіптілігі сонша адам өмірін қиып жіберетін күші бар.
Кейіпкеріміз Сағи Сағидоллаев электр тоғының қауіптілігі туралы «тоқтың иісі, дыбысы жоқ, сондықтан қауіптің қай жағыңнан келетінін бағамдау қиын» дейді. Десек те осы қауіпті мамандықты ерлер атқаратын мамандық деп бекер айтпаған. Ер азаматтарға тән мамандық иесі атану үшін Сағи арнайы оқу оқып, алғашқы еңбек жолын мамандығы бойынша бастап, қазіргі уақытта 12 жылдан бері аудандық электр торабы мекемесінде аға шебер болып еңбек етеді.
5-разрядты электрик күнделікті жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Тұрғындарға үздіксіз электр энергиясының берілуін қамтамасыз етуге атсалысады.
– Алғашқы еңбек жолым басталған тұста өз ісінің шеберлері атанған Марат Балдаев, Әмір Ерімбетовтен үйренгенім көп болды. Электриктің ешқашан қателеспеу керектігін де ұзақ жылғы еңбек өтілімде ұғынып келемін. Адам өміріне қаншалықты қауіпті болса да, адам өмірін жайлы ететін энергия қуатына жауапты маман екеніңді білу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Қазіргі кезде кенттегі электрмен қамтамасыз ететін подстанциялар мен бағаналардың 40 пайызы жаңартылған. Әлі ауыстыруды қажет ететін, тозығы жеткендері қаншама. Бұл әсіресе дауылды күндері қатты сезіледі. Ауа-райы қолайсыз болғанда мекемедегі барлық күш жұмысқа дайын тұрады. Қажетті техникалардың сақадай сай тұруы да маңызды. Орын алған ақауды дереу жөндеуге кірісуге барлық монтерлер жұмылады.
Айту керек, биылғы жылы Шаған, Қалжан ахун ауылында электр желісін түгелдей жаңарту жұмыстары жүргізіледі, келер жылы кентте және А.Тоқмағамбетов ауылында электрге қатысты барлық жүйе жаңаратын болады, – дейді өз ісінің шебері Сағи Қуанышбекұлы.
Жұмысы қауырт әрі қауіпті электриктер күнделікті тұрғындарды қуат көзімен қамтамасыз ету үшін 12 сағаттық кезекшілікке тұрады. Тұрғындардан кез келген ақауға байланысты өтініш келіп түссе, кезекші электрик пен жүргізуші орын алған ақауды жөндеуге келеді. Жұмыстың күрделілігіне байланысты мүмкіндігінше аз уақытта электр қуатын қайта іске қосуға күш салады.
Қауіпті жұмысты мінсіз атқару үшін мекемедегі электриктер әрбір 3, 6, 12 айда біліктілік сынақтан өтіп тұрады. Сонымен қатар күнделікті таңертең медициналық қараудан өтіп барып, жұмысқа кіріседі. Бұл техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтаудың ережесі.
Жас та болса аға шебер атанған Сағи электрик мамандығына кездейсоқ келмегендігін айтады. Оның айтуынша, өзі тұратын кенттегі Қазақ көшесінің тұрғындарының дені осы мекемеде еңбек етеді. Сондықтан қалыптасқан дәстүрмен, ізгі жолмен осы мамандыққа келгеніне қуанады. Әкесі қарапайым жұмысшы болған, анасы мұғалім қызметін атқарған үйінің үлкені Сағи өзін басқа мамандық иесі ретінде елестете алмайды. Күнделікті жұмысына асығатын өз ісінің шебері әріптестерінің арасында да беделге ие.
Қызметте абыройлы, отбасында қамқоршы аға болған Сағи келіншегі Арайлым екеуі – үлгілі отбасы.
Бибісара ЖАНӘЛІ