Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа электр станциясы салынады

Жаңа электр станциясы салынады

Бүгінде электр жарығы адам қажеттіліктерінің ең маңыздысына айналды. Сондықтан да осы күні шамалы уақыт жарық болмай қалса, қараңғы түнекте қалып кеткендей сезінетін болғанбыз. Десе де соңғы кездері өңір бойынша арагідік жарық мезгілсіз сөніп қалатын болып жүр. Бұл ұзақ жыл үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан электр станциясының ескіруіне және электр желілерінің тозығы жетуіне байланысты.

Енді алдағы жылдарда қызыл­ор­далықтар үшін электр энергиясында айтарлықтай мәселе туындамайты­нын Қызыл­орда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі сүйін­шіледі. Өйткені өңірде құны 215 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі жаңа электр станциясын салу жұмыстары бас­талмақ.

«Бүгін нысан құрылысын жүр­гізетін инвестор компания анық­талды. Аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша түрік компаниясы «Акса Энерджи Уретим Аноним Ширкети» акционерлік қоғамы жеңімпаз атанған. Енді мердігер мекеме бу-газ қондырғысын жыл аяғында бас­тап, 2025 жылы ел игілігіне пайдалануға береді.

Қуаттылығы 240 мегаватқа же­те­тін жаңа нысан энергия жетіс­пеушілігін едәуір төмендетеді. Себебі осы кезде қаладағы электр желілері 50-60 жылдан астам үздіксіз жұмыс жасап келгендіктен, әбден тозығы жеткен. Бұл сөзсіз электр жүктемесіне салмақ салады. Айту керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ үшін өзекті электр энергиясы мәселесін орнықты түрде шешу үшін Энергетика министрлігімен бірлескен жұмыстарды атқарды. Нәтижесінде, ведомство басшысы Болат Ақшолақов бұл жобаға қолдау білдіретінін жеткізді» делінген ақпаратта.

Жаңа электр станциясы салынса, өңір халқын жары­қ­пен үздіксіз қамтуда мәселе туындамай, электр энергиясының мезгілсіз өшіп қалуына тоқтам болары анық.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ


16 шілде 2022 ж. 592 0