Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақыл-естің теперіші

Ақыл-естің теперіші

Ол адамның түр-түсін танымайды. Тек жиі сықылықтап күле береді. Жиыр­ма төрт сағатқа байланған уақыттың барлығында ерсілі-қарсылы жүрумен болады. Түнде жарытып ұйықтамайды. Қорқынышты түстер көріп, тамағы жыртылғанша шыңғырады. Құлағына әлдекімнің сыбырлаған дауысы естілген бойда өздігінен қабырғаны тепкілей жөнеледі. Қапелімде дүбәра кейіпке түскен ер жігіттің жасы – 32-де.

Жындының күйін кешкен әпендінің санасы қалып­ты емес. Психикалық ауытқушылықтың зардабы біліне бастағанына 15 жылдай уақыт өтті. Оның тірі санатында жүруі – Алланың нығметі еді. Қаншама ем-дом жасалғанымен, Бегіліктің есі қалыпқа келмеді. Кейде үсті-басын жұлмалап, қасына адам жуытпайды. Алдына әкелген асты ішпестен, төңкеріп тастайды. Бұл құбылыс сырқаттың бойынан табылатын қалыпты синдром екеніне көз жеткізген жігіттің жақындары оны тар бөлмеде тұсап ұстауға мәжбүр. Асылында, дүниеге келген сәтте есті адамның кейпіндегі атпалдай азаматты меңіреу еткен нендей жағдай екен?

Шын мәнінде, адам баласынан именіп, сескенуді білмейтін Қайыргелді баласының сырқатынан кейін әбден шөгіп кеткен. Уайымнан арыла алмай жүрген әкенің жалғыз перзенті кәмелет жасқа келгенде үлкен қалаға оқуға аттанады. Мемлекеттік грант негізінде оқитын Бегіліктің тобында болашақ агрономдар оқитын. Ауыл шаруашылығы саласын меңгеруге келген ауылдың қаракөздері алғашқыда моп-момақан көрінетін. Десек те ауыл баласы қалалық балаларға қосылған мезетте міндетті түрде айла-амал, қулық-сұмдыққа баратыны дәлелденген. Уақыт өте Бегіліктің жанына топтасқан жігіттер сұрқиялықтың неше түрлісін жасауға үйреніскен жандар болып шықты. Пәтерге ұрлыққа түседі, одан қалды топтық төбелеске қатысады. Күн сайын біреумен килікпесе жүре алмайтын кәдімгі көшедегі шпиондар Бегілікті көптен бері қастарына қоса алмай жүрген болатын.

Кезекті сессияға дайындықты бастап кеткен Бегілік кітапханадан жатақханаға кеш оралды. Бөлмеге кірген бойда телефоны шырылдап қоя берді.

– Алло?
– Бегілік, қалайсың? Мен, Айсерімін ғой. Қолың бос болса, жаттығу залына бармадық па?
– Сенен басқа тағы кім барады?
– Айшуақ, Бағлан, Думан.
– Мейлі барайын. Нешеде шығу керек?
– 20 минутта дайын бол. Өзіміз көлікпен алып кетеміз.

Телефон тұтқасын қойған бойда Бегілік спорттық киімдерін дайындап, Айсерілерді күтті. Межелі уақытта олар келген бойда қала орталығындағы жаттығу залына бет алды. Мұнда 2-3 сағат айналған бесеуі түнгі 23.00-ге таман шықты.

– Жігіттер, кезекші апайға кеш келемін деп ескерткем. Мені жатақханаға апарып тастайсыңдар ма?
– Бегілік, жақын жерде түнгі клуб бар. Көңіл көтеріп қайтсақ қайтеді? Қыздар бар дегендей...
– Мені ол кезде жатақханаға кіргізбейді ғой. Апайдан ұят болар.
– Оқу басталғалы 6 ай болды. Кітаптан бас алмайсың. Одан да бір өзіңе уақыт бөлсейші, – деген Думан шпиондардың жетекшісі еді. Топтасының сөзіне құлақ асқан Бегілік солармен бірге түнгі клубқа барды. Түнімен көңіл көтерген бозбала ертеңгі сессияны ұмытқан.
Күн сайын жаттығудан кейін түнгі клуб пен кафені торуылдайтын төртеудің қасынан Бегілік те ажырамайтын халге жеткен. Жеңіл жолмен ақша тапқанға бой үйреткен 18 жастағы жігіт отпен ойнаймын деп, шоқ басты. Кезекті топтық төбелес кезінде ол басынан қатты соққы алған. Оның миы шайқалғаны анықталды. Соның салдарынан есінен айырылып, нағыз жындыға айналған. Сауығып кетуге мүмкіндік аз болғандықтан, әкесі баласын жетектеп жындыханаға өткізген. Әйтсе де, қып-қызыл жігітті соққыға жыққандар жазасын өтеп, 10 жылда ақталғанымен, бұзақылықтың зардабы Бегілікті есі дұрыс қалпынан айнытты. Жындыханада 1 жарым жыл жатқан бозбала үйіне шығарылған.

– Ту, ту ішем, көке. Емізікпен ішкен ұнайды маған. Мені айға апарыңызшы. Өзімізбен Ақтөсті ала кетеміз ғой, иә? Мамам бізбен бармайды. Ол – үстіңе тамақ төге бересің деп ұрысады.
– Иә, балам. Көп ақша тауып, ой мен қырға, айға да апарам. Тек сен жазылып кетсең болды.
– Мен ана көрші Тамараны келін қылып аламын. Ол маған тием деген.
Қайран, Бегілік! Тамараның шешесімен жасты екенін қайдан білсін?! 60-ты алқымдаған ана бөлме ішінен шықпайтын көршісінің көңілін саған күйеуге шығам деп аулайды.

Кейде жынды екеш жынды да есі дұрыс адамдарша іс-әрекет етеді. Сырқаты қысқан кезде адам баласына бағынбайтын кездері болады. Күнде анасы – Күләйша асты-үстін ауыстырып, ұлының бабын жасайды.
Күндер өте Бегілік бір уақ далаға шығатын жағдайға жетті. Аулада ойнап жүрген балалармен қуыспақ ойнап, әр нәрсені былдырлап айтып жүреді. Кешкілік анасы жетектеп үйіне әкеле жатып, қолындағы ауладан терген гүлдерді кімге екенін сұрады.

– Мен бұны Тамарама беремін. Махаббатым менің бетімнен сүйеді. Құшағына қысады.
Шағын ғана ауылда тұратын отбасының сүйікті перзенті 40 жасқа дейін өмір сүрген. Жындының жағдайынан хабардар ауыл жұрты Қайыргелді мен Күләйшаға аяушылық танататын. Расында, жалғыз ұлдың қызығын көрмей, екеу­ден-екеу қалған қарияларға Құдайдың өзі сабыр берсін!

Б.АЯБЕКҰЛЫ
30 қаңтар 2024 ж. 141 0