Алып бәйтеректің саялы бағы
Ана үшін бақыттың ең үлкені – дүниеге әкелген перзенті. Әдетте баласы бар ата-ана бақытты дейді. Шын мәнінде перзенті бақытты болса ата-ана үшін шын бақыт сол. Қалжанахундық кейуана Ақсәуле Баймағамбетқызының өмірдегі байлығы да, бақыты да – отбасы, бала-шағасы. Өнегелі өмір сүрудің үлгісін көрсеткен берекелі шаңырақтың иесі Бәку Күшікбаевпен бірге 65 жыл мағыналы да, мәнді өмір сүрді.
Жарық дүниеге шыр етіп келген күннен 3-4 ай өтер-өтпестен дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы Ақсәуленің ардақты әкесі Баймағамбет пен оның бауыры Мамытайды майдан даласына алып кетті. Бесіктегі шақалақтың иісін мейірімі қанғанша иіскеп те үлгермеген ардақты әке мен бауыры соғыстан оралмай мерт болды. Қарашаңырақта қалған анасы мен жұбайын, перзенттерін зар еңіреткенін Ақсәуле ес білгелі ұмытқан емес.
Асыл әжесі мен анасы 3 қыз, 1 ұлмен қосып екі жиенді мәпелеп өсіріп, ержеткізді. Анасы Ағжан майданда қаза тапқан еріне адалдық танытып, өзге ерге тұрмысқа шықпай, колхоз жұмысында еңбек етті. Балаларын оқытып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді.
– Аты өшкір соғыс дүниеге келгенімнен кейін жазда басталған. Бесіктегі сәбиі мен енесін ашқұрсақ қалдырмайын деп анам колхоз жұмысынан қалмады. Үйдегі әжеміз 6 баланы бағып қақты. Әкемді көрген емеспін. Майданнан оралмады. Әкемнің жалғыз ағасынан да қара қағаз келіпті. Ауылдағы мектепте жетіншіге дейін оқып, оныншыны аудан орталығында бітірдім. Сол кездегі бірге оқығандардың қатарында дәрігер Астрахан Қожақов бар. Ақсақалдыққа жеткен замандасым өте білімге құштар, белсенді болатын. Кейін дәрігерлікті оқып, ауданда ұзақ жыл ауруханада жұмыс істеді. Қазір жасым 82-де. Тұрмысқа 19 жасымда шықтым. Ерім Бәкеңнің отбасында екі анасы болды. Үлкен енем Зылиха татар ұлтынан, Орынбордың қызы екен. Кіші енем Жұмакүлдің тәрбиесін алдым. Қос енеммен тату-тәтті өмір сүрдік. Екеуі де ұзақ жасады. Келін ретінде міндетімді атқарып, артық ауыз сөз сөйлеу, енеге қарсы келу деген болмады. Бірінен соң бірі өмірге келген перзенттерімді енелерім бағып-қақты. Екі ауыл арасында электрмонтер болып жұмыс істеген азаматымның жағдайын жасап, қонақ келсе қазанымызды асып өмір сүрдік, – дейді ақ жаулықты ана.
Құрсағынан жарып шыққан 12 перзентін аялап, барын да, нарын да берген Ақсәуле апа 39 жасында «Батыр ана» атанды. Кенжесін 43 жасында дүниеге әкеліп, берекелі шаңырақтың түтінін түтетті.
Анасынан, енелерінен алған тәрбиесін осы күні өз балаларына беріп, қазақтың салт-дәстүрінен ешқашан аттаған емес. Берекелі шаңырақтың ұйытқысы ретінде босағасы қонақтан арылмай, ертелі-кеш еңбек етті. Бау-бақша егіп, жүн түтіп, киіз басты. Соңғы жылдарға дейін есік алдына қанатын жайып тігілетін киіз үйдің бар жабдығын кезінде жабылып жасағанын әңгімеледі.
– Енеммен бірге ауылдың әйелдерімен бірігіп асарлатып киіз басатын едік. Қорадағы малға қараймыз, сиыр сауып, оны үлгертеміз. Арасында жүн түтіп, иіреміз. Оның барлығын алдын ала дайындап, киіз басуға дайындаламыз. Күні бұрын хабарлап, сол күні мал сойылып, қазан асылады. Киіз үйдің жабдығын түгел өзіміз жасадық. Қазір оның барлығы тозды, киіз үйдің қаңқасы ғана қалды. Жаз шықса бала-шағамызбен суық түскенше киіз үйде жататынбыз. Келіндеріме, қыздарыма соның бәрін үйреттім. Қазанжаппай жасап, қауынқақ тіліп, мейіздей болатын қауынқұрт жаятынбыз. Оқымадым, қызмет жасамадым деген өкпе-реніш болған емес. Алланың берген перзенттерін өмірге әкеліп, олардың оқуына жағдай жасадық. Шүкір, қазір барлығы да жоғары білімді, бір-бір мамандық иесі. Солардың қызығын көріп отырған жайым бар, – дейді жүрегі мейірімге толы қарт ана.
Ана – үйдің шамшырағы, берекесі мен киесі. «Қарты бар үйдің қазынасы ортаймайды» дегендей ақ жаулықты ананың бабын жасап отырған қарашаңырақ иесі Рашид пен келіні Шәкизада әрдайым есіктен кірген мейманды құрақ ұша қарсы алып, үлкендердің батасын алып отыр.
– Анамыздың орны біз үшін бөлек. Барлық баласының халін ойлап отырады. Отбасымыздағы қуанышымызға ортақтасатын ағайын да, бауырлар да баршылық. Бұрын атамыз болғанда үйімізден қонақ арылмаған дәстүр әлі де жалғасуда. Қарт анамызды мейрам сайын іздеп келетін ел ағалары бар. Құда-жекжаттың барлығы тілеуін тілесе, анамыз батасын беріп отырады. Перзенттеріме мейірімін төгіп отырған анамыз жүз жасасын, – дейді кенже келін Шәкизада.
Перзенттеріне жарық дүние сыйлап, өмірдің ащысы мен тұщысын өмірлік серігі Бәку ағамен қатар көрген Ақсәуле апа осыдан бірнеше жыл бұрын сүйікті қызы Эльмира кенеттен өмірден өткенде жүрегі қан жылады. Алланың ісіне шара бар ма? Енді есін жиғанда аяулы жардан айырылып, өзекті өртеген қаза есеңгіретіп жіберді. Өмір одан әрі жалғасқанымен әлемді жайлаған пандемия бірінен соң бірін арасына 13 күн салып қос бауырын алып кеткенде көңілдің құлазығаны денсаулығына әсер етті.
– Анамыздан тараған шуаққа жылынамыз, құшағынан мейірім аламыз. Біздің алтын анамыз өтірік, өсек айтпа, ешкімнің ала жібін аттамаңдар, – деп айтып отырады. «Қыз – қонақ» деп төркінде ұзақ болуды жаны қаламайды. Келіндерімен сырласып, ақылдасқанды жөн көреді. Бұл бізге көрсеткен өнегесі деп қабылдаймыз. Бала кезімізде үйімізден қонақ арылмайтын. Үй шаруасы, қонақ күту, дастарқан мәзірі, бау-бақша егу секілді жұмыстарда бесапап анамыздың өнегесі өмірлік азығымыз іспетті. Менің анам бар ғұмырын отбасына, балаларына арнаған алтын құрсақты батыр ана. Ата-анамыздан алған жақсы тәрбиеміз өмірімізге азық, – дейді қызы Роза Бәкуқызы.
Ақсәуле ана қосағы Бәку ағамен жарты ғасырдан астам уақыт отасты. Ауылдағы ағайынның тату-тәтті тірлігіне, бекем бірлігіне тілекші, қамқор болды. Әлі сол жолдан тайынған емес. Кімнің үйінде той-томалақ, қаралы қаза болса ағайын алдымен осы шаңыраққа келіп, Ақсәуле ападан жөн сұрайды.
Бәку ақсақал ұзақ жыл ауылдағы ардагерлер кеңесін басқарып, келелі жиында пәтуалы сөз айтты. Ауылға келген мейманды қарсы алып, берекелі шаңырақтан дәм-тұз татты. Атқа мінген басшы да, қосшы да Ақсәуле апа жайған дастарқанның құрметті қонағы болды. Мұның барлығын ата-баба салған сара жолдың жалғасы әрі салт-дәстүріміздің өнегесі деп білді.
Ауыл ортасындағы еңселі қарашаңырақтан өсіп-өнген ұрпақтары бүгінде туып-өскен ауылдан алшақтаған емес. Аналарын баға жетпес қазынаға теңейтін балаларының үлкені Бақытжанды Ақсәуле апа енесінің тілегімен атын атамаса да, осы күнге дейін жолынан жығылмай, жағдайын жасап, қамқорлығын көрсетіп келеді. Одан кейінгі ұл-қыздары Әмина, марқұм Эльмира, Бауыржан, Сабыржан, Бағдат, Марат, Болат, Марина, Рашид, Роза, Жазира аналарын алақандарына салып, 35 немере, 26 шөбере сүйгізіп отырған бір-бір отбасы иелері. Құдай қосқан қосағы Бәку ағаның көзі тірісінде қалыптасқан дәстүрмен өсіп-өнген әулетті ауылдағы ағайын түгел құрмет тұтады.
– Ақсәулемен бірге бір сыныпта оқыдық, екеуіміз құрдаспыз, – дейді құдағиы Несібелі апай. – Қазір құда болғанымызға отыз жылдан асты. Өнегелі ұл-қыз өсірген отбасының қызы бізге келін болды. Марқұм Эльмирамыз енді балаларының қызығын көрер шақта бақилық болды. Құда-жекжаттығымыздан жаңылған емеспіз. Немерелер сүйгізіп, арамыздағы туыстық жалғасып жатыр. Қай кезде де тілеулес жанның өмірі ұзақ болсын деген тілектеміз. Өсірген балаларының қуанышына ортақтасып аман-есен жүре берсін.
Тамырын тереңге жайған алып бәйтеректің саялы бағына айналған Бәку аға мен Ақсәуле ананың ұрпақтары бүгінде сан салада қызмет етуде. Әке салған сара жолдың жалғасы болған ұл-қыздардың бірі жұмысшы, енді бірі мұнайшы, дәрігер, есепші, заңгер, мұғалім, мемлекеттік қызметкер ретінде туған жердің дамуына үлес қосып келеді. Асыл анаға өнегелі ұрпақтың мәуелі жемісін көре беруге тілектестігімізді білдіреміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ