Өрісі кең өнерлі отбасы
«Үлкенге құрмет, кішіге ізетті» бала тәрбиесінің алғышарты етіп, тәлімнің бастау бұлағы деп санайтын дана халқымыз қарттарды қадір тұтып, қариясын қазынаға балаған. «Үлкеннің алдын кеспе», «Үлкен тұрғанда кес-кестеп сөйлеме» деп тыйым салып отыратын қазақ ата мен әженің тәрбиесінде өскен балаға да ерекше құрмет көрсететіні содан.
Өзімнің ата-әжем менің кішкентай кезімде дүниеден озып, мәңгілік сапарға аттанған. Содан бері ата-әжесі бар балаларға қатты қызығатынмын. Мейірімді әже мен таяқ ұстаған ақсақал көрсем, жақын барып әңгіме-дүкен құрғым келіп тұрады. Қарт деген қазына мен ілімнің көзі секілді. «Көп оқығаннан емес, көп көргеннен сұра» дегенді халық бекер айтпаса керек.
«1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесі қарсаңында ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, берекелі шаңырақтың шаттығын еселеп отырған ардақты да, аяулы ана Разақова Құндызай Тұрарқызымен сұхбат құрып, өнегелі өмірі туралы сырға қанық болдық.
Құндызай апаның жасы бүгінде жетпіске жақындап қалған. Заманның небір қиын кездерін көзімен көрген ол білім мен қызметті, отбасы мен бала тәрбиесін қатар алып жүре алған. Сыр өңірінде дүниеге келіп, «Терең жатқан жер төсінің» топырағында саналы ғұмыр кешіп, бүгінде осы аймақта бала-шағасы мен немерелерінің тілеуін тілеп отырған ардақты ана, асыл әже.
Жастайынан сұлулық пен әдемілікке әуес жан аудан орталығындағы тігін шеберханасында жиырма жыл жұмыс жасаған. Он саусағынан өнер тамған Құндызай апаның қолынан шыққан сәнді көйлектерге өз заманында екінің бірінің қолы жете бермейтін. Табысты, абыройлы қызмет жасап, зейнетке шыққан аяулы ана жолдасы Жұбаныш Разақовпен екі ұл, бір қызды қатарының алды қылып өсірген. Жұбаныш аға отыз жыл мәдениет саласында жұмыс жасап, ауданның дамуы мен рухани кемелденуіне айрықша үлес қосқан. Қос қария бүгінде ұзақ жылғы бейнеттерінің зейнетін көріп отыр. Балалары болса бір-бір саланың майталмандары.
– Балаларым өздерінің жаны қалаған мамандықтарын таңдады. Оқу оқып, бұл күнде бір-бір қызмет иесі атанды. Барлығы отбасылы, бізге тәп-тәтті немерелер сүйгізіп отыр. Кіші ұлым Дархан әкесінің жолын қуып, мәдениет саласында еңбек етіп келеді, – деп балалары туралы сыр шертіп өткен ардақты ана жақында шөберелі болатынын да жасырмады.
Балаларының баға жетпес бақыты екенін айтқан Құндызай апа үшін немерелерінің «әже» деп мойнына асылғанынан асқан қуаныш жоқ.
– «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген рас екен. Жасымыз ердің жасына келіп, бүгінде өзіміз бір үйдің отағасы болсақ та, әлі күнге анамызға арқа сүйейміз. Алла ата-анамызға ұзақ ғұмыр нәсіп етсін деп тілейміз. Немерелері ата-әжесіне қатты бауыр басқан. Тіпті, бір елі ажырамайды. Ата-анамыз да кішкентайларды бағып-қағып, өсиет-өнегесін ұдайы беріп отырады. Өзіміз де ата-әженің тәрбиесімен өскенбіз. Ата-әженің тәлімінде өскен бала осал болмайды, – деп пікір білдірді шаттық ұялаған шаңырақтың кенже ұлы Дархан Разақов.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ