Полковник Мейіржан Аймановты Жамбыл жұрты соңғы сапарға шығарып салды
Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Аймановты Жамбыл жұрты соңғы сапарға шығарып салды, - деп хабарлайды "Хабар 24".
Өрт сөндіруші әскери қоймадағы қызыл жалынды ауыздықтау кезінде болған, жойқын жарылыстан қаза тапқан болатын. Оның артында ата-анасы, 5 баласы мен жары қалды.
Телеарна мәліметінше, Аймановтар әулетінің үлкені болатын. Тұңғыш ұл болғандықтан ата-анасы да, бауырлары да оған арқа сүйейтін. Ол да ағайын мен туысқа, дос пен бауырға әрдайым құшағын ашып, көмегін аямайтын. "Орындалмаған армандары көп еді. Тым ерте кетті. Жанымды айтқызбай ұғатын құлыным еді" дейді етегі жасқа толған анасы.
"Жетіге қарай мен онымен хабарластым. "Балам, жұмысың бітті ме? Қайдасың?" деп едім. "Мама, өрт сөндіруге кетіп барамын" деді. Ол жарылыс болатынын білген де жоқ. Өртті сөндіре бастаған кезде жарылған ғой. Балалардың бәрі ұшып-ұшып кетті. Ол 1-2 баланы құтқарыпты. Өзі қайтадан қалған балаларға кіріп кетіпті. Содан шықпады ғой", - дейді Аймановтың анасы.
Мейіржан жақында ғана 45 жасқа толған еді. Өмір бойы өрт сөндіру саласында еңбек етіп, полковник шеніне дейін өсті. "Адалдық пен әділдікті жаны қалайтын. Әлсізге қамқор, жалғандыққа жаны қас болатын. Кішкентайынан спортты серік етті", дейді сыныптас достары.
"Мейіржанды кішкентайынан білеміз, сол кезде бойында қайраттылық, қаһармандық, әлсіздерге жақтасып, қорғап жүретін еді. Төбемізден жай түскендей боп отыр. Енді өмір сүріп, бала-шағаны өсіріп, қызығын көремін бе дегенде қыршынынан кетіп отыр", - дейді сыныптасы Елмира Ізмағамбетова.