Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті де білекті бапкер

Білікті де білекті бапкер

Білікті де білекті бапкер Жасұлан Өмірбаев бала күнінен спортты жанына серік еткен. Ол оқушы кезінде еркін күреспен шұғылданады. Кейін гір спорты мен қол күреспен айналысуды дағдыға айналдырады. Қазір шәкірт тәрбиелеп, жетістіктерге жетіп жүр.

Бапкерге қойылатын талап қашанда жоғары. Шәкіртін шынықтырып, жеңіс жолына жетелеген Жасұлан Өмірбаев аудандық спорт клубында 4 жылдан бері қол күрестен жаттықтырушы қызметін атқарып келеді.

– Буыны қатаймаған бала кезімізден спортпен айналысуға барынша машықтандым. Біздің кезімізде спорт үйірмелері көптеп ашылмаған болатын. Үй ауласында ауыл шаруашылығына қолданылатын ауыр техникаларды жинап, күн сайын достарымызбен бірге көтеретін едік. Ең алғаш денені шынықтырып, күшімізді қалыптастыра бастаған мезетте білікті спортшы Салман Ілиясов ағамыздың ақылына жүгіндік. Гір спорты мен қол күрестен жарыстарға барып, жеңімпаз болуға ұмтылдық, – дейді білікті бапкер бізбен әңгімесінде.

Бүгінде Жасұлан Өмірбаевтың салмағы 115 келіні құрайды. Уақы­тысында гір тасын 167 рет көтеріп, жеке өзінің рекордын орнатқан. Осы күні армрестлингтен үздіктер шығаруға ұмтылған бапкер ғалымдардың қазақ ұлтына қатысты тұжырымын алға тартады. Оның айтуынша, қазақ ұлтының бойындағы күш белден жоғары қарай жақсы қалыптасқан екен. Аудандық спорт клубында 4 топта 70-ке жуық баланы жаттықтыратын бапкер өзінің қол жеткізген биік белестерін шәкірттері бағындырса деген тілегі бар. Негізінен, жаттықтырушының шәкірттері Ерхан Келдібайұлы мен Мұхамадин Жұмағалиев Азия чемпионатының жүлдегері, облыс және ҚР кубогының иегері. Абылай Сейілханұлы, Ғалымжан Қабылбаев Сыр өңірінің үздіктері қатарында болды. Ал жасөспірім кезінен ересектер арасында ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанған Ғалымжан Сейілханов ұстазының жолын қуып шәкірт тәрбиелеуде.

– Елімізде қол қүресі спорты өте жоғары деңгейде дамыған. Әлемді мойындатқан спортшыларымыз ел намысын лайықты түрде қорғау үстінде. Жылдар бойы қалыптасқан мамандардың тәжірибесіне шетел бапкерлері таңдай қағатыны жасырын емес. Біздің спортшыларға әлем чемпионаттарында жеңімпаз атану оңай болғанымен, ел біріншілігінде топ жару, кіл мықтының ішінен суырылып шығу қиындық соқтырады. Қол күрестен қай салмақта болмасын бәсекелестік мықты. Негізінен, қол күрестің өзіндік техникасы, әдіс-тәсілі, мәнері болады. 10-11 жасқа толған балаға қол күрес спортымен шұғылдануға рұқсат беріледі. Айта кетейік, бұл спорт түрін егде тартқан кісі де жанына серік ете алады. Осы күні балаларымыз үлкенді-кішілі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Әрине, ғимаратымыз жаңарып, барлық жағдай жасалуда, – дейді тәжірибелі бапкер.

«Өзім чемпион болғанша, ауылдың 100 баласын жеңіске жетелейін» деген сөзді өмірлік ұстаным еткен Жасұлан Өмірбаев – өз ісінің білгірі екенін жақсы білеміз. Оның қазақ шежіресін жатқа оқып, тарихты зерделей білетін қасиетін де жоғары бағалаймыз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 желтоқсан 2023 ж. 187 0