Палуандардың бағын ашқан
Ұлт намысын қорғауды мақсат тұтатын спортшының ойлағаны – қарсыласына есе жібермеу екені анық. Қай кезде де бапкер қойған әдісті мүлтіксіз орындауға асқан шеберлік керек. Өкініш пен қуаныш қатар жүретін спортта жарқылдаған талай есім ел есінде сақталды. Болашақта данқты саңлақтардың айқын ізбасарын дайындауды көздейтін Жасұлан Каусов қазақ күресінің әліппесін еркін меңгерген. Әрбір жас палуанға жан-жақты бағыт-бағдар беруден шаршамайтын білікті жаттықтырушыны бізбен әңгімесі барысында жақыннан тани түскен болатынбыз. Ендеше, күрес түрлерінен орасан жетістікке қол жеткізіп жүрген тәжірибелі маман жайында қалам тербеуді жөн деп таптық.
Бала күнінен еркін күреспен айналысқан Жасұлан Каусов осыдан 37 жыл бұрын Тереңөзек кентінде дүниеге келген. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте білім алған спортшы бозкілемде жан салып, шыныға түсті. Жас палуанның алғашқы бапкері – Кәрімжан ағайынан тәлім-тәрбие алады. Еркін күрестен облыс жеңімпазы атанған Жасұлан Әбілқасымұлы Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы спорт колледжіне оқуға түседі. Мұнда 2 жыл жаттығып, күрестің қыр-сырына қанығады. Қолына дипломын алған спортшы туған ауылына оралады.
– Ауыл балалары спортқа бейім келетіні сөзсіз. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде Бақытжан Абдулпаттаев ағайымыз саламатты өмір салтын ұстануға баулыды. Спорттағы әрбір жетістік үлкен еңбекпен келеді. Алғашқы еңбек жолым Қалжан ахун ауылындағы орта мектептен басталды. Білім ошағында 2 жыл дене шынықтыру пәнінен оқушыларға сабақ бердім. Жас ұстаз ретінде педагогика саласын меңгердім. Кейіннен, ауданға қарасты спорт мектебіне ауысып, жаттықтырушылық қызметті қолға алдым. Алғашқы сәттен белді буып, күресуге икемі бар балаларды жинай бастадым. Тыңғылықты дайындықтың нәтижесін анық аңғара білген едім. Әрине, ол кезеңде жаттығу жасауға залдың сыны көтермеді. Бізбен бірге таеквондо үйірмесі өз жұмысын жүргізді. Қос мезгілді бөліп Марат әріптесім екеуміз спортшыларды жаттықтырған болатынбыз, – дейді білікті бапкер.
Әрбір шәкіртінің жетістігінен мотивация ала білген Жасұлан Әбілқасымұлы әрқашан өзіне талапты жоғары қояды. Күреске келген кез келген спортшыға үлгі болу үшін ол үнемі жаттығуын үзбейді. Ең бірінші кезекте, тұрақты қазақша күреспен айналысқан шәкірттерінің ішінен жалындап өткен жас ғұмыр Сабыр Жұртшыбаев облыстық біріншілікте топ жарады. Ал дзюдо күресінен Мұхтар Ешпанов ҚР чемпионатына қатысты. Осындай талантты спортшылардың томағасын сыпырған Жәкең 16 жыл бойы бапкерлік жұмысты барлық жағынан игерген. Қуаныш пен өкініш қатар жүретін кезеңді тәжірибелі жаттықтырушы еске алды.
– Жарыс жолына шыққанда спортшыға жігер беру маңызды рөл ойнайды. Жаттығуда қойған тактиканы орындауда аса ыждағаттылық керек. Ата-анамен пікір алмасу кезінде баланың барлық мүмкіндігін егжей-тегжей айтамыз. Кей жағдайда ата-ана жақсы бабында келе жатқан баласын спорттан шығарып алатыны өкінішті. Осындай сәтте талай қызықты сәттеріміз есімізге оралады. Мәселен, Руслан Алтынбек деген палуанымыз ҚР мектеп және колледждер спартакиадасының қола жүлдесін иеленді. Ал белбеу күресінен Ерсұлтан Жақсымбетов ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды. Осыдан 10 жыл бұрын дарынды спортшыны Ресей федерациясына әлем біріншілігіне апарған едім. Бір ай оқу-жаттығу жиынында болып, жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Әлем біріншілігінде қола жүлде үшін таласта белдесудің бітуіне үш секунд қалғанда ұтылып қалғаны көңілімізді біршама түсірді. Осы жарыспен тоқтап қалған жоқпыз. Келесі жылы 2 дүркін белбеу күресінен ел чемпионы атанған Ерсұлтан әлем біріншілігінің күмісіне қол жеткізді. Сонымен бірге Дәулет Ғафуров деген жерлесіміз қолаға қол созды. Бапкерлік қызметте орасан тәжірибе жинақтай білдім. Шәкірт тәрбиелеуде ескерілетін мәселе көп, – дейді Жасұлан Каусов.
Қай кезде де спортшының жанарынан барлық жағдайын білетін жаттықтырушы балаға еркіндік береді. Сонымен қатар палуанға қатал талап қоя білгеннен болар, шәкірті Дәулет Хабибулаев қазақ күресі және дзюдодан жасөспірімдер арасында ел біріншілігінің чемпионы бола білген. Балғын спортшы дзюдодан Қазақстан құрамасына қабылданып, Түркия еліндегі Еуропа кубогына қатысты. Ал «Жарыс барыс» республикалық турнирінде 42 келі салмақта Қайыржан Наршаев күміспен күптелді. Осыдан 4 жыл бұрын Павлодар қаласындағы Қазақстан біріншілігіне қатысу үшін Жәкеңнің 4 шәкірті облыс құрамасына шақырту алған. Байрақты бәсекеде Ерсұлтан Қошқаров күміс алса, Саят Серіков қола медаль еншілеген. Сонымен біргі дарынды шәкіртінің бірі – Дулат Бөлебай мектеп бітіргеннен кейін, Ресей федерациясына оқуға түседі. Жат елде жүріп, ұлттық спортты дәріптейді. Қазақ күресінен түйе палуанды жеңіп, 70 келіде бақ сынады. Ал аса ауыр салмақта Қуанышбек Әлиакбаров белбеу күресінен ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанған. Республикалық турнирлердің жеңімпазы Мирас Ибрагимов пен Расул Есентұров бапкердің сенімін ақтай білген. Жалпы, Жасұлан Каусов осыған дейінгі еңбек жолында 50 спорт шеберлігіне үміткер, ҚР чемпионатынан 7 алтын, 5 күміс, 5 қола, ҚР кубогынан 1 күміс, Жасөсірімдер арасында әлем чемпионатынан 2 күміс медаль шығарған. Білікті маман қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төреші екендігін айта кетейік.
Тек жеңісті жолдарды жалғастырып келе жатқан Жасұлан Каусов отбасында 3 ағайынды. Осыған дейінгі уақытын спортқа арнаған Жасұлан Әбілқасымұлы спортшыларын басқа да спортқа баулуда. Мәселен, кіші футболдан аудан біріншілігінде бақ сынап жүрген «Қазақ күресі» командасы бар. Негізінен, спортшының әкесі – Әбілқасым Каусов көлік саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан. Анасы – Оразкүл Назарова Ұлттық сараптама орталығы филиалының аудандық бөлімшесінде еңбек етіп, зейнетке шықты. Інісі – Нұрсұлтан көгалдағы хоккейден шәкірт тәрбиелейді. Ал апасы – Индира Астана қаласында тұрады.
Жәкең әрбір баланың психологиясы өзгеше екендігінінен мысал келтіреді. Кейде жаттығуда үздік болған спортшы жарыста өзін көрсете алмауы мүмкін. Сондықтан шәкірттеріне қайратты болуды, ешқашан осалдық танытпауды мықты бапкер ескертіп отырады.
– Бізде жасындай жарқылдаған жандар көп. Жақсы табысқа қол жеткізіп келе жатқанда олар спортпен бір жолата қоштасады. Өз тәжірибемде спортты да, білімді де қатар алып жүрген жастар көп болды. Үлкен қалаларда оқып жүріп, күресті тастамаған қос шәкіртім Бекұлан Бегалыұлы мен Әлішер Бақытжановты ерекше айтқым келеді. Әрине, спортшының қабілеті жетіп тұрса, барлық дүниеге үлгіреді деп сеніммен айта аламын, – дейді тәжірибелі маман.
Бүгінде сөмкесін арқалап, бапкердің қарамағында күрескен палуандары Жәкеңе әріптес атанған. Әркез олардан ақылын аямайтын бапкердің алдағы қызметіне сәттілік тілейміз!
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ