Қос спортты серік еткен
Нағи Ілиясов ауылының тумасы Бауыржан Мешітбаев спортпен шұғылдануды бала кезінен бастаған. Ауыл балаларымен бірге күрес залында шынығып, шымырлана түскен. Ол өзінен кейінгілерге үлгі көрсете білді. Бүгінде Нағи Ілиясов ауылындағы №12 балалар және жасөспірімдер мектебіне қарасты спорт кешенінің меңгеруші қызметін атқарады.
Еркін күрестен білікті жаттықтырушы Қуанышбек Бисенов сөмкесін арқалаған бозбала Бауыржанды күрес залына ертіп әкеледі. Өзі секілді ауылдың қарадомалақ балаларының томағасын сыпырған жаттықтырушының нұсқауымен ол еркін күресті меңгере бастайды.Тыңғылықты спортпен шұғылдану мен күрестің әдісін меңгеруі – үздіктер қатарынан көрінуге септігін тигізді. Осылайша, ол 38-62 келіге дейін салмақта республика көлемінде бірнеше жыл бақ сынайды. Жетістік жолында спорттағы айнымас серігіне айналған спортшылар қатарында Бағдат Нұрашев, Ғафур Қалыбаев, Самат Бизақов, Ғалымжан Айдарбековтер бар.
Шымырлығымен қарсыластарынан дараланатын Баукең бір жылдары спорт патшасы – футболменен де айналысты. Қос спортты серік еткен саңлақ қатарластарымен бірге футбол командасын жасақтап, осыдан 31 жыл бұрын аудан чемпионы атанады. Футболдағы жаттықтырушысы – Мұхамбет Алашбаев.
– Біз қарапайым отбасында тәрбиелендік. Әкем – Қыдырбек Мешітбаев ауылда 40 жылға жуық көлік жүргізушісі қызметін атқарды. Анам – Гүлбарам Әлшоразова өз уақытында сауыншы болып, зейнетке шықты. Қазіргі таңда қарашаңырақта ата-анамның қолында тұрамын. Өзіміз отбасында 3 ұл, 3 қыз екенімізді айта кетейін. Бала күнімнен спортқа қатты құмартқан болатынмын. Жаттықтырушылардың арқасында өзім айналысқан спорт түрлерінен бірнеше дүркін жеңімпаз атандым, – дейді білікті спортшы.
Бауыржан Қыдырбекұлы осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласында тұрған. Кәсіби спортшы әсем қалада «Дене тәрбиелеу мәдениетінің оқытушысы» және «Спорт жаттықтырушысы» мамандығын меңгерген. Өз саласының білгірі Баукең әр жылдары Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде, Алматы қалалық дене шынықтыру басқармасына қарасты №7 балалар мен жасөспірімдер мектебінде абыройлы қызмет атқарды. Ал осыдан 6 жыл бұрын туған ауылына келген тәжірибелі маман №12 балалар және жасөспірімдер мектебініне қарасты спорт кешенінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
– Батыр ауылындағы спорт кешенінде 13 қызметкер жұмыс жасайды. Дзюдо, футбол, ұлттық жекпе-жек, бокс, үстел теннисі, грэплинг, тоғызқұмалақ секілді тағы да басқа спорт түрлерімен 160-тан астам ауыл балалары жаттығу үстінде. Шәкірттеріміз республика көлемінде байрақты бәсекелерге қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүр, – дейді тәжірибелі басшы.
Талантты спортшылар қатарында Баукеңнің қызы Тоғжан да бар. Жас спортшы таеквондомен кішкентайынан айналысып келеді. Әке жолын қуған бұрымды ару – Қазақстанның 4 дүркін чемпионы. Сонымен бірге Тоғжан Қыдырбекова 2011-2014 жылдар аралығында 44-46 келі салмақ дәрежесінде Еуразия ойындарының жеңімпазы атанды. Бауыржан Мешітбаевтың жары Арайлым Қаймолдаева ауылдағы мектепте ұстаздық қызметте. Олар отбасында 4 қыз тәрбиелеп отыр.
Жас ұрпақтың спортпен шұғылдануына зор үлес қосып келе жатқан Бауыржан Қыдырбекұлы «Спорт жұлдыздары» журналының «Дене шынықтыру мен спортты дамыту» медалі, «Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл» мерекелік медалі және «Алтын қыран» медалімен марапатталған.
– Тәжірибелі спорт маманы ретінде Бауыржан Қыдырбекұлымен «Спорт жұлдыздары» журналы редакциясымен тығыз байланыста. Еліміздің спорт саласын дамытуда оның атқарған қызметі жоғары бағаланып келеді. Қазіргі таңда туған жеріне отбасын бұрып, ауыл балаларын тәрбиелеу зор үлес қосып жатқан Баукеңнің қызметіне сәттілік тілейміз, – дейді «Спорт жұлдыздары» журналының шеф-редакторы Жандос Аянбек.
Бұл ретте біз де ауыл спортын дамытуда аянбай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маманның жұмысына сәттілік тілейміз.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
Пікір 16