Былғары қолғап бәсекесі
Өткен аптада Шаған ауылында былғары қолғап шеберлері білікті спорт маманы, белгілі бапкер Асылбек Матиковті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы облыстық турнирде бақ сынаған болатын. Тартысты бәсекеде балғын боксшылар жеңіс тұғырынан көріну үшін аянып қалмады.
Шаршы алаңда «Шын мықтыға тұсау жоқ» екені мәлім. Негізінен, қазақ боксы әлемдік аренада өзіндік орны қалыптасқан. Әсілінде, Асылбек Матиков уақытында мықты спортшыларды тәрбиелей білген. Өзі де талай жарыста қарсылас шақ келтірмегіні рас. Жалпы, Асылбек Матиковті көпшілік спорт саласының дамуына айрықша үлес қосқан азамат ретінде біледі. Білікті бапкер жастайынан спортқа бейім болды. Анығын айтақанда, тәжірибелі спортшы республикалық, бүкілодақтық студенттер спартакиадасында жеңімпаз атанған. Көзі тірісінде былғары қолғап шеберлерін дайындауға елеулі еңбек етті. Алматы, Жамбыл, Қызылорда өңірлерінде аға жаттықтырушы болған жерлесіміз жүздеген шәкірт тәрбиелей білді.
– Талай жарыста ел намысын қорғаған жерлесіміз Асылбек Матиковтің спорт саласына сіңірген ерен еңбегін көпшілікке дәріптей білуіміз керек. Қашанда спортты дамытуға күш салған оның бойында қазақылық болмыс көрініс тапты. Әлемдік деңгейдегі спорт мамандары оның қызметін жоғары бағалады. Сондықтан болар ол жас спортшыларды дайындауда барлық айла-тәсілге сүйенді. Біз жерлесіміздің спорттағы қажыр-қайратын, табандылығын мақтанышпен айта аламыз. Жарысқа шыққан жас өрендердің арасынан болашағынан зор үміт күттіретін боксшыларды аңғардық, – дейді еңбек ардагері З.Тасбергенов.
Өз кезегінде облыстық турнирдің жабылу салтанатында спортшының замандастары мен ауылдарыстары, ағайын-туыстары қатысып, ақжарма тілектерін жеткізді. Сыр өңіріне қарасты барлық ауданнан 17 салмақ дәрежесінде 150-ге жуық спортшы жүлделі орындарға таласты. Білектің күшімен қарсыласынан басым болған жас спортшылар облыстық турнир жеңімпазы атанды. Жеңіске қол жеткізген балғындарға арнайы «Диплом», медаль мен кубок табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ