Бұрымдылар бәсекесінде үздік шықты
Білікті бапкер, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Сұлтан Қобландин жаттықтыратын «Қайсар» көгалдагы хоккей клубының спорттағы жетістігі жеткілікті. жаттықтырушы Сырдариялық өрендерді қанатының астына алып, байрақты бәсекелердің жарық жұлдызына айналдырды. Қазіргі таңда тәжірибелі бапкердің таланТты шәкірттері өз алдына шәкірт тәрбиелеу үстінде. Солардың бірі – көгалдағы хоккейден Қазақстан Республикасының спорт шебері Шынар Ақназарова.
Жалынды жас, таланты спортшы Шынар Нұрлыбекқызының бапкерлік қызметті бастағанына көп уақыт болған жоқ. Бірақ аз уақыттың ішінде жетістіктерге жетіп үлгерді. Көгалдагы хоккейден қыздар құрамасы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей мен №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектеп оқушыларынан құралған. Жас спортшылар жақында Талдықорған қаласында спорттың индор хоккейден 2005-2007 жылдар және одан кіші қыздар арасында өткізілген ҚР чемпионатына қатысып қайтты. Спортшы қыздар Орал, Талдықорған, Қаратау қалаларының индорхоккей шеберлерімен бірге бақ сынап, жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.
– Спорттың көгалдагы және индор хоккей түрімен қыздарымыз үздіксіз жаттығу үстінде. Бір жыл ішінде бірде-бір дайындықтан қол үзбеген спортшылар Талдықорған қаласында өткізілген ҚР чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді. Бұл ретте, осындай жетістікке жету жолында ерік-жігеремді жаныған ұстазым Сұлтан Қобландин ағайға, чемпионатқа баруға қолдау көрсеткен №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Бағдат Есеновке алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта жас спортшылардың физикалық, моральдық тұрғыдан дайындығын пысықтап, зор жетістіктерге жетуге ұмтыламыз – дейді жас бапкер.
Шынар Ақназарова көгалдагы хоккеймен оқушы кезінен айналысады. Ол №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектеп түлегі. Спортты серік еткен жан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын үздік дипломмен бітірген. Шымкент қаласындағы «Аймақтық әлеуметтік-инновациялық» университетінің «Педогика және психология» мамандығының магистрі атанды. Үздіксіз жаттығуды талап ететін спорт саласында Шынар секілді нәзік жанды арулардың болуы және аудан абыройын асқақтатуы бәріміз үшін қуаныш.
– Шәкірттерімнің ақпан айындағы ел чемпионатындағы жетістігі ауданымыздың абыройын асырды. Спорт – көп ізденуді талап ететін сала. Осы салада бапкерлік қызмет атқаруға бел буған Шынар Нұрлыбекқызына сәттілік тілеймін. Ауданымыздың атын шығарар спортшы аруларды мерекесімен құттықтаймын, – дейді С.Қобландин. Біз де спорттың жұлдызы атанған сырдариялық ұл-қыздар көп болғай дейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ