Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан шыққан альпинист

Ауылдан шыққан альпинист

«Альпинист» десе сіздің де ойыңызға беліне арқан байлап тауға шығып бара жатқан адам елестей ме? Өндірістік альпинист мамандығы туралы естіп пе едіңіз?

Біздің кейіпкеріміз Асарбек Қойлыбаевтың осы салада еңбек етіп келе жатқанына он жылға жуық­таған. Ол ауданға қарасты Қалжан ахун ауылында Серікбай мен Бақыткүл есімді еңбек адамдарының шаңырағында дүниеге келіп, ауылдық округтегі №126 орта мектебінде білім алған. Кейін арман қуып елордаға бағыт бұрған азамат бүгінде үлкен қаладағы биік-биік ғимараттардың әйнектерін жуу, желдеткіш орнату, сырлау, жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

– Кішкентай кезімде ұшқыш болуды армандайтынмын. Мектепте мұғалімдер «Кім боласың?» деп сұраса, «ғарышкер» деп жауап беретін едім. Бала күнгі арманым жартылай болса да орындалған сияқты ғой. Қазіргі жұмысым да кеңістікпен, биіктікпен тікелей байланысты, – дейді Асарбек.

2015 жылы Астана қаласына барған кейіпкеріміз құрылыс саласында еңбек еткен. Кейін альпинист мамандығын танып білген. Содан кейін арнайы білімді жетілдіріп, жіппен биікке шығу мен биіктен түсуді үйренген. Бастапқы бірнеше ай үйренумен өтсе, кейінгі жыл мен әр күн кейіпкеріміз үшін тәжірибе алаңына айналған деуге болады. Қанша жерден үйреншікті шаруа дегенмен, әр нысанның өзінің ерекшелігі мен қиыншылығы болады. Осы ретте альпинистке ержүректілік, батырлық қажет-ақ. Сонымен қатар спортпен шұғылдану, тез шешім қабылдай білу қабілеті де маңызды. Белгілі мерзім аралығында дәрігерлік бақылаудан өтіп тұратын сала мамандары үшін денсаулықтың жақсы болуы – аса маңызды.

Бір байқағанымыз, өндірістік альпинизм мамандығын игерген жанға биіктен қорықпау – жалғыз талап емес. Түрлі саладан хабардар болу маңызды. Мысалы үлкен ғимараттардың жоғарғы қабатындағы әйнекті жуудан бөлек құрылыс жұмыстарынан, дәнекерлеу өнерінен, өзге де құрылыс-тұрмыстық істер қолынан келуі керек. Сондықтан да биікке шығуды жаны сүйгенімен бұл салаға бағыт бұра алмайтындар бар. Сегіз қырлы, бір сырлы болу – нағыз альпинистке керек қасиет. Бұған дейін түрлі биік ғимараттарда әр түрлі бағыттағы жұмыстарды сапалы атқарған Асарбек дәл қазір Астана қаласында орналасқан Азиядағы ең үлкен мешіттің күмбезін жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқанын айтты. Айта кетерлігі, бұл мешіттің биіктігі 120 метр, көпқабатты тұрғын үй қабатымен есептегенде, шамамен 40 қабатпен тең.

Сонымен қатар, жұмыс ауа райымен тікелей байланысты. Желдің жылдамдығы жоғары болған күні биікте жұмыс жасау мүмкін емес. Жаңбыр жауса да солай. Ауа қысымының жерден жоғары бөлікте өзгеше болатынын ескерсек, қыстың қытымыр аязында бірнеше метр биіктікте жұмыс жасауды бағамдай беруге болады. Оның үстіне Арқаның қысы ерекше ызғарлы.

– Биікте болған соң қорқынышты сәттер жиі орын алып жатады. Түрлі құрылысқа қажетті техникалармен жұмыс жасаймыз. Кейбірімен көкте ғана емес, жерде жұмыс жасаудың өзі қауіпті екенін ескерсек, оңай емес. Тіпті шелекпен су немесе бояуды жоғарыдан алып түсудің де қиындығы бар. Кейде төгіп алатын жағдайлар да болады. Одан кейін бірнеше мәрте ұялы телефонды биіктен жерге түсіріп алған кездер болды. Әрине компания тарапынан қауіпсіздік шараларына басты назар қойылады. Дегенмен қорқынышты сәттермен жиі бетпе-бет келіп жатамыз. Ең қорқыныштысы, жаңадан жұмысқа кіріскен балаларды үйрету кезінде орын алады. Адам өмірі бәрінен құнды ғой, – дейді кейіпкеріміз.

Альпинист Асарбекпен сұхбаттасқанда ол редакция­ға жұмыс барысындағы суреттерін жолдады. Расында, экранның бергі жағында отырған бізге биіктік сондай қорқынышты көрінді. Ал ауыл­дан шыққан альпинист жігіт үшін бұл күнделікті үйреншік­ті жұмыс, қарапайым тіршілік. Қиын саланы қол етіп, нағыз ер азаматқа тән еңбек етіп, адал ақы тауып жүрген жерлесімізге абырой-амандық, зор денсаулық тілеп, туған жердің шалғайда жүр­ген түлектеріне тілектестігін білдіргіміз келеді. Бағынды­рар биік көп болғай!

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
12 желтоқсан 2023 ж. 106 0