Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еселі еңбекпен құрметке бөленген

Еселі еңбекпен құрметке бөленген

«Адамды адам еткен – еңбек» дегендей, бүгінгі қоғам кешегі еселі еңбек еткен тұлғалардың арқасында даму үстінде. Бүгін­гі күні де тек еңбек арқылы адам көздеген мақсатына жетуде. Сондықтан қай қоғамда да еңбек еткеннің еңсесі биік. Міне, өткен ғасыр мен осы ға­сыр еншісінде еңбек көрігін қыздырып, содан бақты тапқан жандардың қатарында Орынбасар Құланшиевтей ардақты азамат бар. Ол кісі тек еңбек еткен адамның ғана мерейі үстем ­болатынын айтады.

Біз айтып отырған О.Құланшиев бүгінде 65 жаста. Ол кісі – ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылының тумасы. Балалық балғын шағы сол елді мекеннің топырағында өткен. Ауылдағы №137 «1 Май» атындағы орта мектепте онжылдық білім алған. Ол кезеңде бүгінгідей мектеп бітірісімен оқуға түсіп кету деген жоқ. Ер жеткен жігіт, бойжеткен қыз болсын оқу оқимын дегенше совхозда жұмыс істейтін болған. Ондағысы – енді ғана үлкен өмірге қанат қаққан жастар еңбекпен есейсін, барлық нәрсе маңдай терге байланысты екенін ұғынсын деген қағида. Осы қағида негізінде Орынбасар аға совхозда механизатордың көмекшісі болып еңбек жолын бастайды.

– Ол кездегі ауылдың жағдайы белгілі. Барлық адам шаруашылықта еңбек етеді. Мектеп бітірген жылы менің де еңбек жолым елді мекендегі совхоз жұмысымен байланысты болды. Шаруашылықта егін егіледі, мал бағылады, оған қажетті шөп жиналады. Осы жұмыстар совхозда бар техникалармен атқарылады. Ал олардың бұзілмай жүруі механизаторға тікелей байланысты. Сондықтан ең алғаш механизатордың көмекшісі болғанымда ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу жұ­мыс­­тарына араластым. Азды-көпті тәжірибе жи­нақ­­тадым, – дейді еңбек адамы.

Совхозда техника жөндеп, оны тізгіндеуге ма­шықтана бастаған жас маман 1975 жыл­дың жел­тоқсан айында аудандық әскери комис­са­риаттың шақырумен үш айлық автомектепте оқы­ған. Сол негізде жүргізуші куәлігін алған.

Одан кейінгі жылдары Ресейдің Саратов облысында әскери міндетін өтеп келіп, аудан­ орта­лығында еңбекке қайта араласады. Өзі Орын­басар Құланшиевтің еңбек кітапшасында үш қана мекеменің атауы тұр. Оның біріншісінде 1978-1983 жылдар аралығында аудандық «Сельхозтехника» мекемесінде көлік жүргізуші болып жұмыс істеген. Ал 1997 жылға дейін Тереңөзек аудандық «АТП» мекемесінде көлік жүргізуші болған. Және де 2002-2021 жылдар аралығында «ҚОР» МК АҚ-да мұнай саласында еңбек етіп, осы жерден құр­метті зейнет демалысына шыққан.

– Бүгінде ер мен әйелдің барлығы көлік тіз­гіндей береді. Бірақ біздің уақытта бүгінгідей же­ңіл көліктердің түр-түрі болған жоқ. Барлық тех­ника шаруашылық жұмысына қатысты болатын. Сондықтан ауыр техникаларды тізгіндеп, ас­тық тасу, жем-шөп жеткізу жұмыстарын істедік. Шопырлық жұмысты өткен ғасырдың аяғына де­йін атқардық. Ал жаңа ғасырдың бас кезінде мұнай саласына жұмыс ауыстырып, 20 жылдай еңбек еттім. Мұнда да негізгі қызметім техника саласына қатысты еді. Сол жастайымнан еңбекке араласып, білікті механизаторлардан үйренген, көрген тәжірибем өмірлік азық болды десем ар­тық айтқандық емес. Содан соң мен қатарлы за­ман­дасымның барлығы осылай еңбек етті. Олар­дың қайсысы болсын қара жұмыстан қашқан емес, – дейді О.Құланшиев.

Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген ең­бек ардагері туралы замандастары өте жақсы пікірде. Көпшілік жақсы танитын Орынбасар аға туралы сұрай қалсаң барлығы еңбеккеш екенін айтады.

– Біз – замандаспыз. Жас кезімізден бірге араласып келеміз. Орекең жас кезінен еңбекқор. Өзі техника тізгінінде болса да жан-жағындағыларға қолғабыс етіп, қай жұмысыңды да істеп жүре береді. Сонысымен де елге сыйлы болды. Қазір Орекең зейнет демалысында болса да үйде жат­қанды құп көрмейді. Еңбек етуге бейімделіп қалған адам тынымсыз болатыны анық. Бүгінде бақша дақылдарын бірге егіп, соның бап-күтімін жасап келеміз. Бұл тұрғыда да ол кісінің тәжірибесі мол. Орекең – жастарға үлгі ететін нағыз еңбек адамы, – дейді еңбек ардагері Әлібек Емжаров.

Орынбасар аға Құланшиев көпжылғы бейнеті үшін екі рет Қызылода облысы әкімінің Алғыс хатымен, «Қазақстан мұнайына – 120 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Ол кісі жа­ла­ғаштық Минут Қайбаровамен ша­ңырақ көтерген. Бүгінде Нұрбол, Марат, Әсел есімді ұл-қызды жетілдіріп, олардан немере сүйіп отыр. Ар­дақты ата, құрметті әке, қадірлі еңбек адамы ре­тінде көпшілік құрметіне бөленуде.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
18 шілде 2023 ж. 555 0