Білікті маман, білгір азамат
Ұзақ жыл бойы бір салада тапжылмай еңбек еткен жандарды өз саласының нағыз білгірі деуге негіз бар. Қырық жыл бойы қызығынан қиындығы мол саланы еркін меңгеріп, мол тәжірибе жинақтай алған кейіпкеріміз Виктор Абдраймов темір жолын өмір жолымен тығыз байланыстырған.
– 1961 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келдім. Осындағы №36 А.Жданов атындағы мектепте білім алдым. Кейін Қызылорда қаласындағы техникумда оқыдым. Одан кейін арман қуып, жастар қаласы Алматыға бағыт алдым, – деп бастады өмір жолы туралы сұрағымызға қысқа әрі нұсқа жауап берген кейіпкерім.
Сөйтіп арнайы техникумды тәмамдап, «маман» атағын алған Виктор Абдраймов оқу бітірісімен бірден еңбекке араласып кетпеген. Оған себеп – бойындағы патриоттық сезім. Сөйтіп жаңадан оқу бітірген жалынды жас Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанып кеткен. Ол кезде әскер екі жыл және азаматтарды өзге елдерге жіберетін еді. Өз еркімен әскерге сұранып, Отан алдындағы парызын өтеуге құлшынысы жоғары болған жас Ресейдегі Сахалин облысына әскерге аттанады. Екі жыл дегенде әскери тәртіпке жатық болып, сыптай болған азамат қайтадан елге оралады. «Қызығы да, қиындығы да мол кезеңдер еді. Әскер мені ұқыптылыққа, жауапкершілікке, тәртіпке, ең бастысы өмір сүруге үйретті» дейді кейіпкеріміз өткен кезеңдерге көз жүгіртіп.
Әскерден аман-сау оралғаннан кейін Виктор өзінің бала күнгі арманы жолында білім алуды жалғастырған. Кішкентайынан әкесіне қарап бой түзеп, өскенде арнайы теміржолшы формасын киіп, әкесі секілді шойын жолдың бойында еңбек етуді мақсат еткен ол Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында жоғары білімін жалғастырған.
Жасың жарты ғұмырыңа келген сәтте артыңа көз тастасаң, өзіңнің не үшін өмір сүріп келе жатқаныңды ұғыну нағыз бақыт болса керек. Виктор Ыдырысұлы – өзінің өмір жолымен де, еңбек жолымен де кейінгі буынға үлгі болып, бүгінде осы салада талай шәкірт, маман тәрбиелеп жүрген жан.
Виктордың әкесі Ыдырыс Абдраймов кезінде Тереңөзек станциясында жұмыс жасаған. Ол станция кезекшісі, станция бастығы лауазымына дейін көтеріліп, жауапты жұмыстарды атқарған. Кезінде Ұлы Отан соғысына қатысып, ел шетін жаудан қорғауға атсалысқан Ыдырыс әке балаларынан жауапкершілікті, адалдықты үйреткен. Ұзақ жыл осы салада елеулі еңбек еткен азаматтың ұлы әке жолын жалғап, бүгінде жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін вагондардың қауіпсіздігіне жауапты қызметте. 1983 жылдан бастап Тереңөзек бақылау бекетінде еңбек етіп келе жатқан ол қызметтік өсу сатысынан өтіп, бүгінде аға вагон қараушысы болып жұмыс жасауда. Өмірінің тура қырық жылын осы еңбекке арнаған азамат халықтың игілігі үшін еңбегін одан әрі жалғастыра бермек. Бүгінде аға вагон қараушысының қарамағында төрт адам ауызбіршілікте жұмыс жүргізіп отыр. Олар күннің ыстығы мен суығына, жауыны мен дауылына қарап отырмайды. Себебі, жұмыс, тәртіп солай. Жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Кішкентай кезімнен темір жол жағасында қоныстанған мен үшін теміржолшылардың еңбегі етене таныс. Қай мезгіл, қай кезең яки қандай ауа райы болмасын келген пойыз вагондарының қауіпсіздігін бақылап сары жейдеше киген ағалар қызмет сапында тұратын. Жайсыз ауа райында темір жол төбесіне шықсаң, азынаған жел өңменіңнен өтіп кетеді. Ал теміржолшылардың саналы ғұмыры осы шойын жол бойында өтіп жатқанын ескерсең, бұл қызметті нағыз ерлікке пара пар демеуге болмайды.
– Тәуліктің қай сағатында пойыз келеді, ең алдымен арнайы құрылғы арқылы вагондардың техникалық қауіпсіздігін бақылаймыз. Содан кейін бекетке келіп тоқтаған вагондарды кезекші қызметкер арнайы бақылап, шолып шығады. Техникалық құрылғы барлығын айқын көрсетіп тұрғанымен, адам көзімен бақылап өту маңызды. Және қандай да бір ақау болса, тиісті орынға бірден хабарлау керек. Бұл жердегі ең маңыздысы – халықтың қауіпсіздігі. Өйткені адам – мемлекетіміздің басты байлығы, – дейді тәжірибелі маман.
Виктор Абдраймовтың жары Айткүл Абдраймова да осы саланың маманы. Кейіпкеріміз болашақ жарымен институтта қатар білім алған. Сөйтіп темір жолында тағдыр жолы түйіскен жандар шаңырақ көтеріп, отау құрған. Берекелі отбасында екі ұл, бір қыз дүниеге келіп, ұрпақтар сабақтастығы жалғас тапқан. Бүгінде Виктор аға мен Айткүл апа бақытты ата-ана ғана емес, ардақты ата мен әже. Ұл-қыздан тараған 7 немересінің қызығына тоймай, өрістің кеңейе түсуін тілеп жүрген жандар. Кезінде үлкен қалаларға қызметтік ұсыныс түскенімен, туған жерден жырақтап, қара шаңырақты иесіз қалдырмауды ойлаған азаматтың бойынан ұлттық құндылықты ұлықтаған елжандылықты айқын аңғарамыз. Темір жол саласының майталман мамандарынан тараған ұл мен қыз бүгінде үлкен қалаларда жақсы қызметте, халық қамы үшін елеулі еңбек етіп келеді. Ұлдың үлкені Тимур темір жол саласы мамандығын оқып тәмамдағанымен, тағдыр жолы жеке кәсіпкерлікке бағыт алған. Ал Русланы әкесі сияқты халықтың қауіпсіздігі үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуші маман болып «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында жұмыс жасауда. Келіндері Шолпан мен Меруерт берекелі шаңырақтың бағын еселеп келеді. Қызы Жанна медициналық университетте білім алып, кейін жолдасымен Англияда білімін жалғастырған. Қазіргі таңда Астанада қызмет жасауда. Немерелердің алды мектеп үздігі. Кішкентайлар аға-апаларының ізін басып өсіп келеді.
Виктор Абдраймовтың ұзақ жылғы елеулі еңбегі басшылық тараптан еленбей қалмаған. Кезінде сонау Мәскеуден «Алғыс» алған білікті маман әр жылдары басқармадан келген арнайы марапаттарға ие болып келеді. Талай жылғы тәжірибесін кейінгі буынға үйретуден талмайтын майталман маманды алыс-жақындағы әріптестері де ұдайы мақтап отырады. Теміржолшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында қолға қалам алып Виктор Ыдырысұлы туралы мақала жазуымызға да Қазалы ауданындағы әріптестерінің Астана төрінде бас редакторымызға айтқан ұсынысы түрткі болғанын айта кеткеніміз орынды. Елеулі еңбегімен соңынан ерген буынға, саналы өмірімен ұрпағына үлгі болып жүрген маман алдағы жылы зейнет демалысына шықпақ. Халық игілігі үшін еселі еңбек етіп жүрген жанның ұзақ жылғы бейнетінің лайықты зейнетін көруіне біз де тілекшіміз.
Теміржол саласы – ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан саланың бірі. Ендеше мереке қарсаңында күрежолдың кәсібилеріне қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықта абырой, амандық тілейміз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ