Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігіндегі ардақты ардагер

Абырой биігіндегі ардақты ардагер

Асыл аналар дүниеге сәби әкеліп, оны қанаттыға қақтыр­май, тұмсықтыға шоқытпай, мәпелеп, тәрбиелеп, текті ха­лықтың ұрпағын көбейтіп бір ерлік жасаса, еңбек көркін қыздырып, халқымыздың байлығын, экономикасын жасауға белсене қатысып, түгел ұрпақты тәрбиелеп және еңбек сіңіреді. Бүгінде ауданымыздың мақтанышына айналған әйел-аналар, оның ішінде ардагер-ұстаздар тақырыбын қозғасақ, ауқымды әңгіме құруға болады. Солардың ішінде бірі де бірегейі – білім беру саласының ардагері Шолпан Әбілда.

Кейіпкеріміз ұстаздық жолды жанына серік етіп, ұзақ жыл осы салада тер төккен. Өзіне жүктелген жауапты жұмыстарды абыроймен атқарып, ке­йінгі ұрпаққа үлгі мен өнегенің жарқын үлгісін көрсетті. Бүгінде бейнетінің зей­нетін көріп отырған жан маңдай тер­дің, адал еңбектің қашан да жақсы бо­лашаққа жетелейтінін айтады.

Шолпан апай өз балаларымен бірге халықтың баласын оқытып, қаншама ұрпақтың өмірде өз орнын табуына себепкер болған. Бүгінде 60-тан асқан ардагер-ана 1977 жылы мектеп бітіріп, кейін педагогикалық колледжге оқуға түскен. Алғашқы еңбек жолын Оспан Мәлібаев атындағы ауылдағы №131 орта мектептен бастаған. Кейін тұрмыс құрып, тағдыры Қалжан ахун ауылына бағыт бұрған. №126 орта мектеп шаңырағына 33 жыл еңбек сіңірген ар­дақты ұстаз 2018 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан.

Шолпан Әбсадыққызы ұзақ жыл бас­тауыш сыныпқа сабақ берген. Бала­бақша қабырғасынан енді ұзап, ал­ғаш қолға қалам алып, сызуды, жазу­ды, оқуды үйренген кішкентай бүл­­­­діршіндерді білім нәрімен сусындату қи­ын­ның қиыны деп білеміз. Себебі, ен­ді ғана әріп үйреніп жүрген әр үйдің ер­кесін тыйып ұстау оңай емес. Тіпті, партада сабақ біткенше тапжылай отыруды білмей келген балақайларды оқуға, жазуға бейімдеп, оқушы етіп шығару үшін білімнің, қажыр мен жігердің ең мықтысы керегі анық.

– Жас кезімде ұстаз боламын, білім саласында қызмет етемін деп ойламадым. Негізгі арманым – сот қызметкері болу еді. Бірақ маңдайға жазылған тағ­дыр дегеннің бар екені аян. Мектеп бітірген соң құрбым екеуміз мұғалімдік мамандыққа оқуға тапсырып, оқуға түс­тік. Дәл осы бағытқа негіздеп жоғары білім ала бастаған соң мұғалімдіктің қыры мен сырына қаныға бастадым. Оқу орнын бітірген соң, осы салаға асқан қызығушылықпен кірістім. Нәтижесі мі­не, 36 жыл еңбек өтілім абыроймен өтті. Сөреде жиналып тұрған аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің, облыстық білім бөлімінің марапаттары мен «Алғыс хаттары» менің еңбегімнің жемісі деп білемін. Ұстаздық ұлы жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Шәкірттерім де бүгінгі таңда жан-жақта түрлі салада, түрлі бағытта қызмет атқаруда. Оқушыларым биік белесті бағындырса, әлі күнге шын қуанып, тілектес болып жүремін, – дейді ардақты жан.

Үлкен өмірден хабары жоқ, қулық-сулықты білмейтін кішкентай балалармен жұмыс жасау қиын әрі қызықты. Осы тұста, апаймен сырласып отырып, жұмыс бабындағы қызық оқиғамен бө­лісуін сұрадық.

– Ұстаздық абыройлы қызмет қой. Десек те, қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Кішкентай бүлдіршіндермен жұ­мыс жасау тіпті бөлек. Кейде күлкіге қарық болатын жайттар кездеседі. Бір­де оқушылармен «Кім боламын?» деген тақырыпта сабақ өтіп жаттық. Балаларды қызықтырып, әр баладан «Сен өскеннен кейін кім боласың?» деп сұраймын ғой. Бірі «мұғалім боламын», бірі «дәрігер», енді бірі «полицей боламын» деп армандарын тізбектеп жатты. Сол жылы қазір «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев ағай біздің сов­хоз шаруашылығының меңгерушісі болып келіп жатқан кезі еді. Содан бір бала орнынан тұрып «Мен Құлбаев боламын» демесі бар ма?! Ал келіп күлейік. Сөйткен оқушым қазір үлкен азамат болды, жақсы қызметі де бар. Көрген сайын осы оқиғаны еске алып, әлі күнге күлеміз, – деп есіне алған Шолпан апайдың әңгімесінен қызметіне, оқушыларына деген сүйіспеншілік анық байқалып тұрды.

«Әйел қырық жанды». Шолпан апай қызмет пен отбасы дейтін үлкен жауапкершілікті қатар алып, дүние­ге сәби әкеліп, тәрбиелеп, өсіріп, жа­ры екеуі бүгінде тамырын тереңге жай­ған бәйтеректей мәуелі баққа айналып отыр. Өнегелі өмір өрнегін құр­ған жан 1985 жылы өмірлік жолдасы Айтқали Еспановпен отау көтерген. Екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде балаларының барлығын оқытып-тоқы­тып, аяққа нық тұрғызған. Айтқали аға ауыл шаруашылығы саласының зейнет­кері болса, Шолпан апай – білім беру саласының құрметті ардагері. Екеуі қазіргі 11 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 қазан 2022 ж. 279 0