Сырдария – сұлу мекенім
Жас ақын Бақтөре Айтбаев – С.Сейфуллин ауылының тумасы. Ол облыстық, аудандық жазба ақындар мүшәйраларына қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Жақында ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында белгілі қаламгер Тынышбек Дайрабайдың құрметіне ұйымдастырылған жыр мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алды. Біз ақынға шығармашылық шабыт сыйлау мақсатында бірқатар өлеңін жергілікті басылымға жариялауды жөн көрдік.
Тереңөзегім – жерұйық жердің жұмағы
Естілер ме екен,
Дүбірлеп шапқан қазанаттардың тұяғы,
Бұлттардан биік қыран қанаттың қияғы.
Төсіңде өскен Әбілмәжіндей зиялы.
Ұлтаны мақтар өзіңдей ұлы ұяны.
Тектілер шыққан топырағы нәрлі өлкенің,
Төрт қатар жолға тарихы қалай сияды.
Бес елі бағын Тәңірі қойған бұйырып,
Дүрлері өткен бір Алласына сыйынып.
Маңғаз даланы үнімен кетер үйіріп.,
Тарихын жырлар кемеңгерлері жиылып.
Дұшпаны кеткен дауға түскенде күйініп,
Жақыны жатар ісіне жақсы сүйініп.
Сырдарияма тең келер мекен жоқ шығар,
Ханзада «Әйтек» сәлемін берген иіліп.
Нағи батырым – ерлердің абыз атпалы,
Асқар ақынның өлеңнен шырақ жаққаны.
Кездейсоқ емес тарихтың ашып қойнауын,
Қышқаланың құпия сақтап жатқаны.
Шабыт шақырып, отты өлеңді жазғызған,
Майжармамның балтырдан кешкен батпағы.
Жырға бөлеймін өзіңдей нұрлы даланы,
Перзенті сүйер жайқалған сырлы жағаны.
Мың тоғыз жүз жиырма сегізден басталған,
Тереңөзектің теңдесіз тарих парағы.
Тоқсан сөздің түйініменен толғатсам.
Тәнті еткен ұлы талантты және саналы.
Рамазанның әуеніменен билейді,
Ақпанда соққан Арқанын асау самалы.
Қыр асып жүрген қызыл түлкісі қырағы,
Ұлы мекенің сағынып жетер ұлары.
Бойыңа қуат сылдырап аққан бұлағы,
Шұғыла төккен маздаған отпен шырағы.
Жақсыларменен жайсаң ерлердің тұрағы,
Тереңөзегім – жерұйық жердің жұмағы.
Көк байрақ тұр биігінде тұғырдың
Шетсіз, шексіз мынау жатқан құла дүз,
Айтары көп шежіресін сұраңыз.
Ұлы дала әр төбесі бір аңыз
Екендігін білеміз бе, сірә, біз?
Кәрі таулар көне соқпақ, қырат, бел,
«Ақтабанда», «Елімайлап» шұбапты ел.
Ұрпақ үшін ұлы істерге мұраткер,
Бабалардың басы қайда сұрап кел.
Беймаза күн берекесіз бәлсінген,
Өксік дала өмір сүрсін, алсын дем.
Арманынан адастырып аршын кем,
Шежіреңе шер тамшылап, қан сіңген.
Өтті бәрі, дүбір дала күбір мұң,
Іргесінде ілкі заман іңірдің.
Қанатына қондырып ап ғұмыр күн,
Көк байрақ тұр биігінде тұғырдың.
Көк байрақ тұр көк аспанмен тілдесіп,
«Бақытымды барлық әлем біл» десіп.
Астанамыз армандармен бірге өсіп,
Жастарым жүр жасыл орман, гүл кешіп.
Тәуелсізбіз, тәубе, шүкір бүгінгі ел
Бақытыңды бағалай біл, ұғын, кел!
Қазақ дейтін тегі таза тұғырлы ер
О, Жаратқан мәңгілікке ғұмыр бер!
Сарғайған күз нөсері сый арнай ма?
Таң атқаның білдіріп азан белгі,
Күз салқыны алуда мазамды енді.
Қырдағы ауыл жол жүріп, күйек түсіп,
Сары көйлек киінген қазан келді.
Ескертеді-ау күн суық болатының,
Қырау әйнек тағынды жол ақырын.
Күн қызуы жоғары, бірде төмен,
Жалақы мен құнындай жолақының.
Нұрланады жер беті бесін кіріп,
Таңнан үміт болғандай кешін күдік.
Адамдарға киімін жапқанымен,
Ағаштарды кетуде шешіндіріп.
Мені бастап барады қиял қайда,
Сарғайған күз нөсері сый арнай ма?
Желдір қысқа көйлегің шешкен қайың,
Адамның баласынан ұялмайма?
Әсерінен әрленген таң шуағы,
Үнсіздікпен жер үсті жаншылады.
Үмітіндей үзілген адамдардың,
Шатырдан аққан қырау тамшылары.
Нөсер жауын – тауменен дала жасы,
Адамзаттың ақиқат арашасы.
Екі жұптың қосылар сәтті шағы,
Біреулердің ең соңғы қарашасы...
Күз.
Соңғы аялдамада бұрылыс жоқ
Көктем уағы жатқан кез күн ұзарып,
Ғашықтың күні мұңды, түні ғаріп.
Махаббатқа мен бүгін қол бұлғадым,
Аялдама жанына тұрып алып.
Көлік баяу келеді жайлап әні,
Бағдаршаммен бақылап айналаны.
Ішкі жаққа ыңғайлап ене бере,
Көзім шалып қалғаны Айдананы.
Тосын сый бар ма маған бұдан ірі,
Шақырардай жанына шырақ үні.
Ол – екінші курстың студенті,
Болашақ қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
Нәзік жанын кім ұқсың ақындардың,
Көздерінде тұрғандай жасырған мұң.
Ілтипатпен қол алып сәлемдесіп,
Жанына сәл жылыстап жақын бардым.
Көркем қыз тыңдай білер көп ақылын,
Мендік жүрек сол қыз деп соғатұғын.
Сөз арасы хабардар етіп қалды,
Ұзатылу тойының болатының.
Сағыныппыз,
сұхбатқа тоя алмадық,
Бірақ, басты сұрақты қоя алмадық.
Түсетін мекен жайдан асып кетіп,
Ең соңғы бекет маңы аялдадық.
Сипамады-ау маңдайдан тағдыр да оңып,
Күнде батып барады ал нұр болып.
Қимастықтың қоштастық сөзін айтып,
Төгілді мұң көзінен жаңбыр болып.
Оралардай өткенге кідіріс жоқ.
Шойырылды ау шорт кетер сынық іс боп.
Қоштасу бар бұл жерде мәңгілікке,
Соңғы аялдамада бұрылыс жоқ.
Ғашық жанға
Ес кетті бүгін ұнатып сізді,
Жырыммен кетем жұбатып қызды.
Суреттей алмай қалармын бір күн,
Ызаға толы сұрапыл күзді.
Арманым менен алыстамаған,
Жұп болып саған ғарышқа барам.
Жандырып шырақ жарқ ете қалшы,
Найзағай болып дәрісханадан.
Сұлу екенсің,
Жанарың ізгі,
Қатулы етпеймін қабағыңызды.
Нөміріңізді жазып алайын,
Біліп тұруға хабарыңызды.
Бөлмесем көңіл айыпты етесің,
Бақытқы мені лайықты етесің.
Сезімімді ұқпай ызаландырып,
Күлкіңмен бәрін шайып кетесің.
Қателіктерден құралар кайғым,
Өзіңді сүйсем, жұбанардаймын,
Менің емірім – бұл менің кином,
Сені эпизодтан шығара алмаймын.
Кезігіп күнде жолығар едім,
Барады жұтап толық әлемім.
Қауырсыныңды ұстатып кетші,
Құс болып қонып қолыма менің.
Құштарлық бізді желімдеді ме?
Мен кеттім еріп керім лебіңе.
Уақытын салып ынтызарлықтың,
Берерсің жауап сезімдеріме...
Бақтөре АЙТБАЕВ