Заманауи техника өндіріс тиімділігін арттырады
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат хатшысы Мұрат Тлеумбетовтың Жаңақорған ауданына жұмыс сапары Сунақата ауылындағы «Әмір» шаруа қожалығының егіс алқаптарын аралаумен жалғасты. Сондай-ақ аймақ басшысы осы сапарда «Сығанақ» қалашығын зерттеу жұмыстарының барысын да бағамдады.Шаруашылық орта есеппен жылына 200 тонна күріш және 400 тонна көкөніс-бақша өнімдерін өндіреді. Өнімдері Қызылорда және Түркістан облыстарының ішкі нарығына жеткізіледі. Заманауи агротехнологиялармен және техникамен жабдықталған.
Атап айтқанда, «Беларус 1221» тракторы, «Class» комбайны, ХТЗ техникасы, жүк тиегіштер, лазерлі тегістегіштер, КамАЗ көліктері және агродрондар қолданылады. Бұл егін шаруашылығын цифрландыру мен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Биыл аймақта 89,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,1 мың гектарға майлы дақылдар, 73,2 мың гектарға малазықтық дақылдар, 16,8 мың гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Бұл қадам су ресурстарын тиімді пайдалану және егіс құрылымын әртараптандыруға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері қолда бар 3975 техниканы толық жөндеуден өткізді. Қажетті минералдық тыңайтқыштардың жалпы көлемі 65,6 мың тонна, оның 11 мың тоннасы отандық өнімдер есебінен қамтамасыз етілуде.
Аймақ басшысы барған келесі нысан ортағасырлық Сығанақ қалашығы еліміздегі ең маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі саналады. Қыпшақ хандығының, кейін Ақ Орданың және Қазақ хандығының астанасы болған тарихи қала орны. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған маңызды тарихи ескерткіштер қатарына кіреді.
Қазір мұнда ежелгі қамал дуалдарының іздері, төбешікке айналған құрылыс қалдықтары және археологиялық қазба жұмыстары барысында анықталған нысандар сақталған. Қалашық толық қалпына келтірілмегенімен, оның тарихи келбетін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










