Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мерейтойлық мүшәйра

Мерейтойлық мүшәйра

Ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тынышбек Дайрабайдың да 80 жасқа толу мерейтойы аталып өтілді. Осыған орай облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұй­ым­дастырылып, ақындар аудан жетістігі мен ардақты аза­мат­тың еңбегін жырға қосты.

Мәдени-әдеби іс-шарада аудан әкімі Б.Сәрменбаев Сыр өңірінен шыққан атақты би, батыр, шешен, жы­раулардың шығармаларын жинау­мен айналысып, ұзақ жыл ізденіс жұ­мыстарын жүргізген Тынышбек Дайрабайдың есімі тарих, әдебиет, мәдениет, журналистика салаларында құрметпен аталатынын айтты.

– Бүгінде Алматы қаласында тұратын сырбойылық қаламгер Тынышбек Дайрабай бұрынғы Тереңөзек ауданының «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, редактор, «Қараөзек» кеңшарының партком хатшысы, Тереңөзек аудандық партком бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ халықаралық «Түркістан» газетінде жемісті еңбек етіп, өзінің ғылыми, тарихи-танымдық мақа­лаларын республикалық газет-жур­налдарға жариялап, ел тарихын түгендеуге айрықша үлес қосты. Қаламы жүйрік қаламгер өзінің еңбек жолында «Тереңөзек», «Тұғыры биік тұлға», «Қорқыт ата» энциклопедиясы, «Сырдың сырлы сыры», «Ақын Қуаныш Бай-мағанбетов», «Сырдария ауданының шежіресі», «Сыр перзенттері» және басқа да 30-дан астам еңбектің авторы атанды. Зерттеуші, өткетанушы 80 жылдық өмір жолында бір институттың жұмысын атқарған қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп отыр. Ол тарихи тұлғаларды зерттей жүріп, олардың мерейтойларына арналған халықаралық, республикалық, об­лыс­тық конференциялардың өтуіне белсене атсалысты. Аудан тарихын түгендеу жұмыстарында қарымды қалам­гердің еңбегі зор. Құрметті тұл­ғаның мерейтойын­ ауданның 95 жылдығымен ұштастырып атап өту­деміз. Бүгін Қазақстанның еңбек сің­ір­ген қайраткерінің елге атқарып жүрген елеулі еңбегін ақындар жырларына арқау етеді. Бұл – Мәдениет қайраткерінің мерейтойына деген тарту­ымыз, – деген аудан әкімі кеш иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Мүшәйраға қатысушылардың өлеңін Қазақстан Жазушылар Ода­ғының мүшесі, ҚЖО Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова бастаған ақын Дүйсенбек Аяшұлы мен Ақтөре Ибрагимұлы бағалады. Мүшәйраның бас жүлдесін Бақтөре Айтбаев иелденсе, І орын Тұрар Бекмұрзаевқа берілді. ІІ орынды Рахметулла Жолтаевқа бұйырса, ІІІ орынмен Ақерке Балманова марапатталды. Ақындарға қомақты қаржылай сый­лық­­­­тар берілді.

Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ
11 қараша 2023 ж. 275 0