Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер өміріне айналғандар

Өнер өміріне айналғандар

Ауданда Азиз бен Ақмаралдың берекелі жанұясын білмейтіндер кемде-кем. Бірі әнші, бірі биші қос өнерпазды таныстырған, табыстырған – киелі өнер. «Қазақтың қанына сіңген киелі өнерге тағдырым байлаулы» дейтін отағасы мамандығын да, мамандығынан өмірлік жарын да адаспай тапқан бақытты жан.

Ал Ақмарал әпкемізге мақаланың негізгі мақсатын түсіндіре хабарласқанымызда «Біздің де есейіп, кейінгі буынға үлгі етерлік кезге жетіп қалғанымыз ба» деп таңдануы расында да зымыран уақыттың зуылдай өтіп жатқанын анық аңғарта түскендей.

Біз пойыз жолдың жиегінде тұрсақ, Ақмарал апайдың өз үйі, қазіргі төркіні, бізден бір-екі көше әрі тұратын. Былайын­ша жақын туыстық қатынасы болмағанымен ол кісіні жақсы танимын. Биші бүлдіршіндерін тізіп әкеліп, менің анама әртіс көйлектерін тіккізетін. Сол кезден жүзі жылы, көзі күлген апайды қатты жақсы көретін едім. Пойыз жолдан апайдың төбесі көрінсе, қуанғанымнан темір жолға дейін жүгіріп баратынмын. Апаймен құшақтасып, мауқымды басып, кері қайтамын. Кейін апайым темір жолдан жиі төбе көрсетпейтін болды. Сөйтсем әдемі апайды Азиз ағамыз бағы етіп қолына қондырған екен. Одан кейінгі қос өнер иесінің өмірін өздерінен сұрадық.

– Біз мәдениет саласына 2002 жылы бірге келген болатынбыз. Бастапқыда қызметтік байланыс орнатып, бірге аудандық іс-шаралар мен концерттерді ұйымдастырып, түрлі қойылымдарға қатысып жүрдік. Біріміз әнші, біріміз биші болып, көрерменнің ыстық ықыласына бөлене бастадық. Құдайдың құдіреті шексіз ғой, біздің тағдырымызды сахнада тоғыстырып, сол киелі өнерде бүгінде жиырма жылдан астам қатар келеміз, – дейді А.Садықов.

Қос өнерпазды осылайша өнер табыстырып, 2006 жылы үлкендердің батасымен отбасын құрған. «Батаменен ел көгерер» демекші, бүгінде өнер ордасы мен өніп-өсер ордасында қатар бағы жанған өнегелі отбасында үш қыз бен бір ұл тәрбиеленіп, ананың мейіріміне, әкенің өнегесіне қанығып өсіп келеді. Шаңырақтың шаттығы, тұңғышы Зерде, одан кейін Әлхаким, Айшабибі де – мектептің үздік оқушылары. Ал кенжетай Дараның жасы екіде. Өнерлі отбасының өрендері де өнерге бір табан жақын. Қазақтың «қанына тартқан» деген сөзі осы орайда айтылады.

– «Отан – отбасынан бас­талады». Сол себептен де отбасы құндылығын сақтау, ата-анамыздан алған тәлім мен тәрбиеден айнымай, оны өз ұрпақтарымызға үйрету, бір-бірімізді құрметтей отырып, отбасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысамыз. Сыйластық пен «біз» деген ұғым бар жерде керегенің кең, шаңырақтың биік болары сөзсіз. Кейінгі жас отбасыларға да осындай қағидаларды ұстанса, отбасы берік болатынын айтқымыз келеді, – дейді А.Пернебаева.

Бүгінде ұл мен қыз тәрбиелеп, кейінгі буынға үлгі болып жүрген жанұя мәдениет саласындағы тамырын тереңге жайған бәйтеректей, саялы баққа айналған отбасылардан өнеге алады.

Ал жастық шақ жалынды әрі қызықты оқиғаларға толы. Оның ішінде қызықты махаббат хикаясы әркімнің-ақ басынан өткен болуы керек. Сырлы сұхбат барысында өнерлі жұптың қызықты оқиғасын да сұрадық. Әрине оқиға да концерт барысы мен өнерге қатысты.

– 2005 жылдары интернет бүгінгідей қолжетімді емес. Концертке керекті әуенімізді дискетпен қоятынбыз. Сол жылы ауданда Жеңіс күніне орай үлкен іс-шара өтетін болды. Ол күні Ақмарал бишілермен екі күндік іс-сапарға, Құмкөл басына, жолға шығуы керек болды. Ал маған аудандағы іс-шараны өткізу тапсырылған. Жастық па, әйтеуір сол кезде Ақмаралмен бірге іс-сапарға мені де жібермегеніне қатты ашуландым. Ақмарал жолға шығып кеткеннен кейін әріптестерге хабарласып, дисктерді ұмытып кеткенін, онсыз концертті өткізе алмайтынын айтып, қобалжи бастады. Жұмыстағылар дисктер сақталған тартпаны ашса, бірдей бес диск тұр, бірақ Ақмаралға керегі нақты қайсысы екенін ешкім білмейді. Мен сол кезде жауапты оператор едім. Қай дискте не барын мен ғана анық білетінмін. Ақыры, Құмкөлдегі концерт өтпей қалмас үшін басшылық мені сол жаққа жіберу мәселенің шешімі екенін түсінді. Аудандағы іс-шараны өткізу үшін орныма адам тауып, мені іс-сапарға жіберді. Сөйтіп Ақмаралмен бірге концертті абыроймен өткіздік. Бірақ бұл оқиғаның бәрі әдейі ұйымдастырылғанын болашақ жарым концерт біткен соң барып білді. Шым-шытырық оқиғаға негізделген құйтұрқы жоспарды мен құрып, бірдей дисктерді әдейі тығып қойған едім. Жастық, бозбалалық шығар. Бірақ, сол оқиға менің өмірімдегі сәтті жасалған жос­пар болды, – деп күлген Азиз ағамыздың қулығына біз де еріксіз езу тарттық.

Өнерлі отбасының өзіндік ережелері бар екен. Тазалықтан бастау алатын талаптар ас ішіліп болған соң бата жасалмай дастарханнан тұрмау, қонақ келсе құт көріп, риза қылып шығарып салу, үлкенге «сіз» деп сөйлеу, таңертең ерте тұру, уақытылы дас­тархан басына жиналу сияқты шағын ережелермен жалғасады.

«Мәдениет пен өнер бар жерде адамзат мәңгі жасайды» депті А.Эйнштейн. Ал өнегелі отбасылар барда ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, ұрпақтар жалғастығы арта беретіні сөзсіз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 қараша 2023 ж. 272 0