Бастауыштың бағбаны
Ұстаз. Бұл – әрбір адамға етене жақын, көңілге ыстық сөз. Ұстаз дегенде көз алдымызға Отанымыздың әр түпкірінде қажымай, талмай еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп жүрген абзал жандар бейнесі елестейді. Солардың бірі №37 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі – Ақмарал Орынбаева.
Ұстаздық жолдың қиыны мен қызығы мол екені даусыз. Әрбір шәкірттің жүрегіне жол тауып, біліммен сусындата білген ұстаз ғана өз ісінің шебері. Үлгілі шәкірт, жаңа заман талаптарына жауап бере алатындай ұрпақты тәрбиелеу әр ұстаздың міндеті болып табылады. Көп жылдан бері ұстаздық қызмет атқарып, мыңдаған балалардың зейінін дамытып, болашақ ұрпақтың білімді, кемелді болып өсуі жолында Ақмарал Орынбаеваның еңбегі зор.
– Шәкірттерінің жеткен жетістіктеріне бірге қуанып, өмірдегі өз орындарын тауып жатса, еліміздің өркендеуіне септігін тигізер үлкен азамат болса, оларды мақтан тұтып, келешек ұрпаққа үлгі етіп отырады. Өзінің қажырлы еңбегі мен ізденісінің арқасында көптеген жетістіктерге жетіп отыр. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ұжымдағы әр қызметкердің қасынан табылып, қол ұшын беруден аянбайтын жан. 1-ші сыныптан бастап 4-ші сыныпқа шығарып салған сыныптарындағы оқушылар тәртіпті, білімді, өнерлі екеніне сан рет көзіміз жетті. Балалары көптеген аудандық, облыстық, республикалық жарыс түрлеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болған.Ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болып, ата-аналар жиналысына, мектепішілік мерекелердің үнемі бел ортасында жүреді. Ақмарал Орынбаеваның оқушылары шетінен биші, әнші, әзіл қоюшы болып шығады. Ұлағатты ұстаз оқытқан оқушылардың көбі жоғарғы оқу орнын оқып, бітіріп, қызмет істеуде, – дейді мектеп-лицей директоры Ғалия Жаңабаева.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші Ақмарал апайдың ұстаздық жолын жалғастырған шәкірттері де аз емес. Олардың қатарында Назерке Керейтбаева, Гүлжанат Өмірбаева және Ақмарал Ақдәулетовалар ұстаздық еңбек етуде.
«Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жанында сақтайтын алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен өнерге, білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидіңсөзін өзбойынан көрсете білген Ақмарал Орынбаеваның мектепішілік, аудан, облыс білім басшыларынан алған мадақтау грамоталары, дипломдары мен алғыс хаттары қаншама. Мерейлі мұғалім өзінің талай жылғы еңбек тәжірибесінен жинақталған озық әдіс-тәсілдерін тарату мақсатында облыстық, аудандық семинарға қатысып, жаңашыл әдісін әріптестер талқысына салып, оның тиімділігін дәлелдеген. Оқушылардың әрбір жақсылығын өзінің бақытына балайтын тағылымды ұстазды әріптестері де құрмет тұтады. «Адам мың жасамайды, ұрпақ мың жасайды, адам баласы ұрпағымен ұлы, еңбегімен ерен келешегімен кемел» десек Ақмарал Сейділдәқызы да асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже.
«Мұғалім ең жауапты міндетті орындайды, ол адамды қалыптастырады» – дейді халық даналығы. Бүгінде білім беру жүйесінде атқарылып жатқан реформалар мектептің тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған. Ал бұл әрекеттің жоғары дәрежеде орындалуы ең алдымен мектептің беделді ұстаздарының іс-әрекетіне тікелей байланысты екендігіне ешкімнің күмәні жоқ. Шәкірттің ой санасына біліммен өрнек өріп, қажымай еңбек етіп жүрген білімді де шығармашыл ұстаз Ақмарал Сейділдәқызының бүгінгі жеткен жетістігі мен асқан асулары, өмірлік тәжірибесі, жылдар бойғы еңбегінің жемісі жастарға өнеге екені сөзсіз. Ендеше, біз де бастауыштың бағбанына әрдайым еңбегіңіз жанып, мемлекетіміздің білімді де білікті жастарының көбеюне қосар үлесіңіз мол болсын демекпіз.
Майя ҚОЖАБАЙ